Мақсатым – жақсылыққа үндеу, – дейді ұлытаулық блогер

Джастин Холл мен Йорен Баргер тұңғыш рет блог жүргізуді бастағанда бірнеше жылдан соң бұл істің мамандық қана емес, нəпақа табу жолы болатынын сезбеген де шығар. Технология қарыштап дамыған дəуірде əлеуметтік желінің дəурені жүріп, блогер ұғымы қоғамда кеңінен тарала бастады. 14 маусым – Халықаралық блогерлер күні қарсаңында ұлытаулықтардың арасында блог жүргізуді алғашқылардың бірі болып бастап, қайырымдылық істерімен көзге түсіп, желідегілер үшін aidosik._ никнеймімен танылған, бүгінде бір қаланың халқындай оқырманы бар жерлесіміз, блогер Айдос ЕСІЛБАЙҰЛЫМЕН сұхбаттасудың сəті түсті.

Блог дегеніміз не? Оның қызметі, пайдасы. Сіздің блогыңыздың бағыты қандай?
– Блог ол виртуалды өмір. Күнделікті күніңді таспалау арқылы көрермен назарына ұсыну. Мысалы блогер таңның атуынан күннің батуына дейінгі іс-əрекетін көрсетіп, күннің қорытындысын жасайды. Алдағы жоспарларымен бөліседі. Блог – блогердің жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасайтын құрал, мүмкіндік деуге болады. Оның контентінен оқырман өзіне қажеттісін алады. Үйренерін іліп, жиренер тұсы болса, сабақ қылады. Негізгі қызметі осы деп есептеймін. Менің блогымның негізгі бағыты – жұртты жақсылыққа шақырып, мейірімділікке үндеу десем болатын шығар.
Əлеуметтік желіге, блог жүргізуге деген қызығушылық қашан, қалай басталды? Блог бастау туралы шешім қалай қабылданды?
– Мен əлеуметтік желіге студенттік кезде қызыға бастадым. Алғашында блогер боламын деген ой болмады. Əдемі фото, видео түсіру өзіме ұнайтын, хобби ретінде қарадым. Бір əрекетті жүйелі түрде қайталау əдетке əкеледі. Сөйтіп, күнделікті салынған видеоларым блог жүргізуге ұласты. 2020 жылдың көктемінен бастап, бұл іспен жүйелі түрде айналысып келемін. Ол карантин кезі еді. Көпшіліктің əлеуметтік желіге уақыты көп болған кез. Менің салған дүнием, желідегі тақырыбым, бағытым оқырмандарымның көңілінен шығып, контент жасау солай басталып кетті. Арнайы блогерлікке бет бұрамын деген нақты шешім болмады, барлығы өз сəтімен келді.
Қанша жазылушыңыз бар? Оқырман алдындағы жауапкершілікті қалай түсінесіз. Оқырманның назарын ұстап тұрудың құпиялары бар ма?
– Қазір 120 мыңның айналасында оқырманым бар. Оқырман алдындағы жауапкершілігімді сезінемін. Олар менің өзімді, сөзімді, видеоларымды, жалпы ұсынған контентімді ұнатып келгеннен кейін, сол үдеден шығуды ойлайды екенсің. Жарнама берушілер тарапынан түрлі ұсыныс түсіп жатады. Құмар ойындарын жарнамалауды ұсынған кездер де болды. Мен оқырмандарымның маған деген сенімін сыйлаймын жəне олардың түзу жолдан таюына себепші болғым келмейді. Сондықтан мұндай жарнамалардың жолын кестік. Əлеуметтік желіде блог ашып, оны жүргізу – үлкен жауапкершілік. Блогер болу шын түсінген адамға ел ойлағандай оңай жұмыс емес. Жарияланатын постқа идея табудан бастап, оның мəтінін жазу, суретін түсіру, дизайнын реттеудің бəрі бір адамның мойнына жүктеледі. Тіпті жазбаңызды қай уақытта жариялағаныңыздың өзі қаралым санына əсер етеді. Барынша оқырманға пайдалы контент ұсынуға тырысып жүрмін. Қазір оқырман назарын ұстап тұру оңай жұмыс емес. Себебі ақпарат дəуірінде өмір сүріп жатырмыз. Инстаграмда назарды ұстаудың түрлі құпиялары бар. Сапалы видео, əдемі əуен, түрлі стикерлер, тіпті іс-қимыл да əсер етеді. Менің блогымды оқитын жандар біледі, мен əр видеомды «Сəлем, жақсым!» деп жүгіріп келіп бастаймын. Егер қимылсыз тұрып, бірқалыпты интонациямен ұсынсам, мүмкін ол дүнием көрерменге əсер қалдырмас па еді. Сондықтан оқырманның назары үшін еңбектенеміз, ізденеміз, оқимыз. Бұл үлкен еңбек. Блогымның бағыты өзіме қатты ұнайды. Алла Тағаланың «халықты жақсылыққа шақыр» деп маған бұйыртқан бағыты деп ойлаймын.
Желі арқылы жақсылық жасау, қайырымдылық шаралары қалай жүргізіледі? Бұған дейін қанша қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды? «Бір қолым жасаған жақсылықты, екінші қолым білмесін» деген халықпыз. Дейтұрғанмен жария садақа, жақсылықты насихаттау, үлгі ету мақсатында осы бір игі істерді ашып айтсаңыз.
– Негізі қайырымдылықпен арнайы қорлар айналысқаны дұрыс. Себебі əр түскен тиынның заңды есебі болуы керек. Сол себептен мен қайырымдылық жасау үшін өз парақшамда жиі жинақ ашпаймын. Бірақ түрлі тағдырмен сыналған жандарды кезіктіргенде қаржы жинауға тура келген кездер болды. Алғашқы жинақты сəтбаевтық Ақмаржан деген əпкеміздің емі үшін аштым. Айналдырған 2-3 күннің ішінде оқырмандарым 7 миллион теңге жинап, мені таңқалдырды. Ақмаржан əпкемізге жиналған қаржыны табыстап, Түркияда ем алуына септігіміз тиді. Операциядан соң жағдайының жақсарғанына қуанып жүргенбіз, өкінішке қарай, бір жарым жылдан соң əпкеміз дүниеден өтті. Біз қолымыздан келгенше жəрдем еттік, алайда Алланың жазғанынан аса алмайтынымыз анық. Одан кейінгі қайырымдылық шарамыз Ұлытау ауданы орталығында орналасқан мешітке бағытталды. Жалпы Ұлытау мешіті үшін екі рет жинақ ашылды. Алғашқысы 2021 жылы мешіттің жылыту жүйесі мен жамағаттың дəрет алатын бөлмесінің құрылысы үшін жиналды. Бізге керек сома жиналып, ойға алған ісімізді сəтті аяқтадық. Қазіргі таңда мешіттің іші жып-жылы. Екінші қайырымдылығымыз 2023 жылдың жаз айында ұйымдастырылды. Бұл жолы мешіттің ішін жөндеуге кірістік. Еденін ауыстырдық, Түркиядан арнайы кілем алдық. Жалпы халықтың ықпалымен, көмегімен сол халықтың өзіне еңбек етіп жүрміз деуге болады.
Дін тақырыбында блог жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсаты керек пе? Жалпы басқармамен байланысыңыз бар ма?
– Мен өзімді діни блогермін деп есептемеймін. Иə, мен видеоларымда Алланы аузымнан тастамай, Пайғамбарымыздың өмірін мысалға келтірген кездерім бар. Бұл адамдарды жақсылыққа шақыру үшін келтірілген мысалдар. Уағыздар емес. Таза діни бағытта блог жүргізу үшін ұстаз болып, діни білім алып, басқарманың рұқсатын алу керек. Басқармамен арнайы байланысым жоқ, бірақ олардың ұйымдастырған шараларына, қайырымдылық істеріне қатысып, барынша көмек қолын ұсынуға тырысамын.
Блогер ретінде басыңыздан өткен қызықты оқиғалар болса, айта отырыңыз.
– Негізі қызыққа толы сəттер өте көп. Видеоларымды əдемі табиғат аясында түсіргім келіп, тау баурайындағы орманға жиі баратынмын. Сонда байқағаным, Ұлытаудың желі бір тоқтамайды екен. Блогты бастаған кезде менде видеоның сапалы шығуына арналған құралдар болмады. Контент үшін əсіресе дыбыстың таза шығуы өте маңызды. Желдің бəсеңдеуін күтіп, видеоны кеш түсірген, тіпті түсіре алмай үйге қайтқан кездерім де болды. Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Таудың етегіндегі кезекті бір түсірілім кезінде қасыма түлкі келген болатын. Сол сəтті тезірек таспалап, оқырмандарыма қуана-қуана ұсынғанмын.
Қазіргі негізгі қызметіңіз қандай? Блог арқылы табыс таптыңыз ба? Инстаграм арқылы бизнес жүргізу ойыңызда бар ма?
– Қазіргі негізгі қызметім кітап саласында. Туған ағам Айбектің Алматыда кітап дүкені бар. Сол кітап дүкенінің жарнамасымен, сатылымымен айналысамын. Одан бөлек блог арқылы да табыс тауып жүрмін. Менеджерлік пен блогерлікті қатар алып жүрген жағдайым бар. Кез келген кəсібі бар азамат оның əлеуметтік желідегі жарнамасын ретке келтіруі керек деп ойлаймын. Себебі, бизнес пен блог егіз ұғымға айналып келеді. Инстаграм арқылы бірнеше бизнес бастап көрдік. Мұның бəрі тəжірибе болып жинақталады екен. Жаңа бкəсіп ашу, оны блог арқылы дамыту алдағы уақыттың еншісінде.
– Блогерлікке енді бет бұрған жерлестеріңізге не айтасыз?
– Блог бастауды ойлап жүрсеңіз, ештеңеге қарамай дəл қазір бастаңыз. Өйткені, сіздің ойыңызда жүрген идеяны басқа біреу сізден бұрын іске асыруы мүмкін. Ең алдымен блогыңыздың халыққа пайдасын ойлаңыз. Жасаған дүнием жұртшылыққа жақсылық əкелсін деген ниетпен бастау керек. Кез келген істі бастағанда түрлі тосқауылдар болатыны заңдылық. Тіпті, жақындарыңыз қарсы шығып, маңайыңыздағы жандар күлуі мүмкін. Бірақ сынбау керек. Сіздің талпынысыңыз бен еңбегіңізді көрген əр адам ақыры мойындайды деп ойлаймын. Мені бүгін сұхбатқа шақырып, еңбегімді елеп-ескеріп, Ұлытаудың блогер ұлы еді деп құрметтеп жатқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Аймағымыздың айнасы болған «Ұлытау» газетіне шығармашылық табыс тілеймін.
– Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет! Басылым мен блогтың о бастағы бағыты бір ғой. Жақсылықтың жаршысы болудан шаршамайық. Сізге де толағай табыс тілейміз. Сүйіншілейтін жаңалығыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан
Альмира ОСПАН.