Мақсат – бағаны тұрақтандыру
Өңір басшысы Советбек Медебаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды. Комиссия отырысына аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасары, осы комиссия төрағасының орынбасары Мақсұт Оспанов және комиссия мүшелері, жеке кәсіпкерлер қатысты.
Алдымен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова сөз алып, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында аудан бойынша 73 азық-түлік және аралас тауарлар дүкендері жұмыс жасайды. Оның сыртында аудандағы ауылшаруашылығындағы шаруа қожалықтары өз өнімдерін өндіріп, аудан халқының тұтынуына қажетті өнімдерін ұсынуда. Сонымен қатар, аудан дүкендеріндегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылға 68 меморандумдар жасалды. Ол меморандумдардың құрамында азық-түлік бағасын 10 пайыздан асырмау туралы арнайы келісім бар. Осы жылдың наурыз айының ортасында республика көлемінде қант тапшылығы байқалып, бағаның өсуі барлық жерде орын алды. Аудан бойынша қанттың қоры әзір тұрақты. Жанар-жағар май бекеттеріндегі бензин, солярка бағалары күнделікті қадағаланып тұрады. Алдағы уақытта да дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік өнімдердің бағасын шарықтап кетпеуін үнемі бақылауға аламыз, — деді.
Бұдан кейін жеке кәсіпкерлері де өз ойларын ортаға салып, ұсыныспікірлерін білдірді.
Отырыс барысында аудан әкімі Советбек Тұрсынұлы азық-түлік бағасын тұрақтандыру керектігін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе шешуге шақырды.
Жасұлан АЯШЕВ