Мақсат – ауыл еңбеккерлерін қолдау
Жуырда облыс əкімінің аппарат басшысы Абзал ЖАЙЛЫБАЕВТЫҢ төрағалығымен қоғамдық ұйымдардың жұмысын жетілдіру мақсатында «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кəсіподағы» қоғамдық бірлестігі Ұлытау облыстық филиалының жұмыс стилі жəне оны одан əрі жетілдіру» деген тақырыпта кеңес өтті.
Жиынға «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кəсіподағы» қоғамдық бірлестігі Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Мақсұт Оспанов, осы қоғамдық бірлестіктің Ұлытау облысы бойынша өкілі Шаяхмет Үмбетов жəне басқарма басшылары қатысты. Кеңесте ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбек құқығын қорғау, мəртебесін көтеру мəселелері кеңінен сөз болды.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласындағы қарапайым еңбек адамдарының əлеуметтік əлеуеті, еңбек жағдайы мəз емес. Жұмыс берушілер тарапынан еңбек шарты жиі бұзылады. Жалақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау жайы еш сын көтермейді. Бұларға мемлекет тарапынан бақылау жасап отыратын еңбек инспекциясы өндірістегі мəселелерден артылмайды. Осындай олқылықтардың салдарынан ауыл шаруашылығына ынта танытатындар азайып кетті. Мардымсыз жалақы мен жайсыз тұрмыс салаға қызығушылықты төмендетіп, жұмыс күші жетіспетін жағдайға əкелді. Бұл жағдай өз деңгейінде азық-түлік өндірісінің де көлемі мен сапасына кері əсерін тигізуде. Егер, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс күші жеткілікті болып, жұмысты ұйымдастыру мен жүргізудің оңтайлы тəмілдері қолға алынса биылғыдай жұт жылында мал шығыны анағұрлым аз болар еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мардымсыз еңбек ақы мен қолайсыз тұрмыс жағдайында ауыл шаруашылығына тек қашқан-пысқандар, құжаты жоқ, белгілі тұрағы жоқ, ішімдікке үйір жандар ғана барып жұмыс істейді. Ал, ондай жандарда жауапкершіліктің аз болатыны айтпаса да түсінікті.
Осыны ескере отырып Үкімет, жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар жəне кəсіподақ ұйымы бірлесіп жүйелі жұмыс жасауымыз керек. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек адамдарының тұрмысын, еңбек қауіпсіздігі мен жұмысты ұйымдастырудың оңтайлы іс-шараларын жасаған жөн. Əңгімеге арқау болып отырған осы жайттардың бəрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да айқын көрініс тапқан.
Жиынға қатысушылар осы мəселелерді кеңінен талқылап, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Ізбасар ОЙБАС.