Мақсұт АХМЕТОВ: «Ұлытау ауданы референдумға әзір»

Еліміздің дамуына үлкен серпіліс әкелетін саяси маңызды шара – референдумның өтуіне де санаулы күн қалды. 5 маусым күні бүкіл Қазақстан халқы сияқты Ұлытау ауданының жұртшылығы да өздері тіркелген референдум учаскелеріне барып, тарихи таңдауларын жасайды. Ал, бұл саяси науқанға аудан қандай әзірлікпен келді? Ұлытау аудандық референдум комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметовпен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

– Мақсұт Қыздарбекұлы, референдумға әзірлігіміз қандай деңгейде? Әңгімені осы сауалдан бастасақ.

– Баршаға белгілі, 2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Президент Жарлығына сәйкес, Республикалық референдум тағайындалды. Референдумға 18 жасқа толған және сайлау құқығына ие азаматтар қатыса алады.

Ұлытау ауданы да референдумға жан-жақты әзірлікпен келді. Осы бағытта аудан бойынша дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін аудандық референдум комиссиясы мен референдум учаскелері құрылып, дауыс берушілердің тізімдері нақтыланды. Әр учаскеге қарасты дауыс берушілерге шақыру қағаздары жіберілді.

– Қанша референдум учаскесі жұмыс істейтін болады?

– Жалпы комиссия құрамы – 157 адам, 30 референдум учаскесі бар. Учаскелік комиссияда – 150 адам, аумақтық референдум комиссияларында – 7 адам. Референдум учаскелерінің 8-і – білім беру мекемелерінде, 12-і – мәдениет үйлерінде, 1-і агроколледжде, 9-ы шағын елді мекендерде орналасқан. Бұл 9 учаскенің комиссия мүшелері өздеріне бекітілген аумақтың тұрғындарын аралап жүріп дауыс жинайды.

Бүгінгі күні референдум учаскелері алдағы саяси науқанға сақадай сай әзір тұр. Учаскелік комиссиялардың құрамдары, олардың мекен-жайлары мен байланыс телефондары туралы мәліметтер аудандық «Ұлытау» газетінде жарияланып, сайтқа салынды.

– Бұқарамен арадағы байланыс қалай жолға қойылып отыр?

– Ұлытау ауданы бойынша дауыс берушілердің жалпы саны – 7004 адам. Референдумға қатысушылар тізімі жергілікті атқарушы органдар арқылы Референдум комиссияларына акт арқылы беріліп, қазіргі таңда көшелер, аулалар, қыстақтар бойынша нақтыланды. Референдум учаскелеріне сайлаушыларды шақыру қағаздарының үлгісі берілді. Олар 25 мамырдан бастап елге таратылды.

Референдум учаскелік комиссиялары референдумға қатысушыларға өздерінің тұрақты мекен-жайларында тіркелген тізімге енгенін тексеру үшін тізімдер ұсынды. Уақытша тіркелген азаматтар өз өтініштері бойынша тізімге енгізілетін болады. Өздерін тізімде таппаған әр азамат жергілікті атқару органына өтініш бере алады. Қазір референдумға қатысушыларға дауыс беру орны мен уақыты туралы қосымша хабарлануда. Олардың мекен-жайларына шақырулар жіберілді.

– Референдумға қатысушылар арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар ғой. Олардың референдумға қатысу құқықтары қалай сақталып отыр?

– Сұрағыңыз орынды. Бізде бұл мәселе де ескерілген. Әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Қолжетімділік картасы» бағдарламасына 21 референдум комиссиясы енгізілген. Жоғарыда айтып өткенімдей, олар белгілі бір мекен-жайларда орналасқан. Осы учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалып отыр. Мысалы, аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 17 адам дауыс беретін болады. Олар үшін арнайы пандустар талапқа сай жасалған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін референдум учаскелеріне арнайы кабинкалар, бұрыштар жасалып, лупалар, трафареттер берілді.

– «Бұл ән бұрынғыдан өзгеше» демекші, бұл дауыс беру бұрынғылардан мүлдем бөлек қой. Солай емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Бұл дауыс беру өзгелерден мүлдем бөлек. Референдум кезінде «Сіз 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасында жазылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» атты референдум сұрағына «иә», не болмаса «жоқ» деп жауап береді.

– Ал, мұны халыққа жіті түсіндіру үшін комиссия мүшелерінің өзі жаңа жүйені жақсы білуі керек қой. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Жаңа саяси жүйені елге толыққанды түсіндіру – маңызды істің ойдағыдай өтуінің басты кепілі. Осы мақсатта Ұлытау аудандық референдум комиссиясы референдумға қатысушыларды оқыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарды. Мәселен, учаскелік референдум комиссияларының құрамы үшін комиссия мүшелерінің міндеттерін ескере отырып, комиссия төрағаларына, олардың орынбасарларына, комиссия мүшелеріне арналған семинарлар өткізілді. Онда, дауыс берушілердің тізімдері, оларды шақыру, дауыс беру құжаттарын рәсімдеу бойынша комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері сөз болды.

Ең бастысы, осы жұмыстарды үйлестіретін аудандық және учаскелік референдум комиссия мүшелеріне «Республикалық референдум: құқықтық негіздер және референдум комиссиялары жұмыстарын ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша және «ҚР сайлау туралы», «ҚР референдум туралы» заңдары қашықтықтан оқытылып, тестілеуден өтті. Әрқайсына сертификат табыс етілді.

– Дауыс беру сағат нешеде басталып, нешеде аяқталады?

– Референдум бойынша дауыс беру 2022 жылғы 5 маусымда сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі.

– Референдумның өту барысы жайлы репортаждар, ақпараттар беретін БАҚ өкілдері арнайы тіркеуден өткізіле ме?

– Міндетті түрде. «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес, Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу кезiндегi жариялылық қарастырылған. Осы мақсатта референдум жұмысына қатысатын журналист міндетті түрде тіркеуден өтеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аккредиттеу ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы №138 бұйрығымен бекітілген «Журналистерді аккредиттеу қағидаларының» 6, 7, 8-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті референдум комиссияларына өз журналистерін референдумның іс-шараларына уақытша аккредиттеу туралы өтініш беруге тиіс. Онда мынадай деректер көрсетілуі қажет:

— журналистің тегі, аты, әкесінің аты, оның байланыс деректері;

— іс-шараның атауы және өтетін мерзімі;

— БАҚ туралы мәліметтер: БАҚ атауы, жеке тұлғалар үшін заңды мекен-жайы және заңды тұлғалар үшін орналасқан жері, БАҚ-тың байланыс деректері.

Өтінішке аккредиттелетін журналистің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Бұқаралық ақпарат құралының иесі немесе бас редакторы өтініште көрсетілген журналист БАҚ қызметкері екенін растап, қол қоюы тиіс.

– БАҚ өкілдері қандай жағдайда референдум жұмысына қатыстырылмайды?

Референдум комиссиялары журналисті аккредиттеуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:

— тиісті құжаттарды ұсынбаған жағдайда;

— бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды немесе ақпарат құралын шығаруды тоқтату немесе уақытша тоқтату бойынша күшіне енген сот шешімі болған жағдайда;

— баспасөз басылымдарын, ақпараттық агенттіктерді, интернет-ресурстарды есепке қою жөніндегі уәкілетті органның реестрінде болмаса аккредиттеуден бас тартылады.

– Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз…

– Республикалық референдум – әр қазақстандықтың еліміздің болашақ дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін тарихи оқиға. Сондықтан да, ұлытаулықтарды референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырамын. Әрқайсымыздың дауысымыз маңызды екенін ұмытпайық!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.