Мақсұт АХМЕТОВ, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы: “Референдумға әзірлік ойдағыдай”
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлығына сəйкес 2024 жылғы 6 қазанға республикалық референдум тағайындалды. Осы саяси маңызды шараға Ұлытау ауданының əзірлігі қандай? Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт АХМЕТОВПЕН арадағы əңгіме осы сауал төңірегінде өрбіді.
– Мақсұт Қыздарбекұлы, əңгімемізді «референдум деген не?» дейтін сауалдан бастасақ?
– Референдум — Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының жəне мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мəселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру. Референдум Республиканың бүкiл аумағында өткiзiледi.
– Референдумның сайлаудан айырмашылығы қандай? Референдумға қандай мəселелер шығарылады?
– Референдумның талқысына Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу, Республиканың мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мəселелерiн шешу қойылуы мүмкiн.
– Республикалық референдум өткiзудiң принциптерi қандай?
– Ең басты приципі азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы жəне ойын еркiн, ашық бiлдiруi; азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бiрдей, тең жəне төте қатысу құқығы, сондай-ақ жариялылық принциптерiне негiзделедi.
– Республикалық референдумға кімдер қатысуға құқылы?
– Референдумға қатысу құқығы тегiне, əлеуметтiк, лауазымдық жəне мүлiктiк жағдайына, жынысына, нəсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Сот iс-əрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi жəне бұл заң бойынша жазаланады. Азаматтар референдумға тiкелей қатысады.
– Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу тəртібі қандай?
– Референдумды ұйымдастыру мен өткiзу ашық əрi жариялы жүзеге асырылады. Референдумды өткiзу туралы шешiм мен оған қойылатын мəселе (мəселелер) азаматтардың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзiледi. Референдум комиссиялары референдум өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi өзiнiң жұмысы туралы, дауыс беретiн учаскелер құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi жəне жұмысы туралы, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы азаматтарды хабарландырады.
рады. Референдум өткiзу кезiнде Республика қоғамдық бiрлестiктерiнiң өкiлдерi, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатыса алады, олардың өкiлеттiгi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тəртiппен куəландырылады. Өкiлдер мен байқаушылардың референдум комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi. Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға əзiрлiк пен оны өткiзу барысын жария етiп отырады, олардың референдум комиссиялары жанында тiркелген өкiлдерiнiң республикалық референдум өткiзуге байланысты шараларға баруына кепiлдiк берiледi.
– Референдум қарсаңындағы үгiт жұмыстары жайлы да қысқаша айта кетсеңіз?
– Республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мəселе (мəселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi. Барлық баспа ақпараттық материалдарында осы материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мəлiметтер болуға тиiс. Бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, əлеуметтiк, нəсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық жəне рулық астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге жол берiлмейдi. Референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
– Хоош. Сонымен қазан айының 6-сы күні Республикалық референдум өтетін болды. Талқыға түсер тақырып «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал. Осы маңызды шараға ауданда əзірлік қандай деңгейде?
– Республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу тəртібін 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңы айқындайды. Конституциялық Заңның 20-бабына сəйкес референдумды əзірлеу мен өткізуді: референдумның орталық комиссиясының функцияларын орындайтын ҚР Орталық сайлау комиссиясы; референдумның аумақтық комиссияларының функцияларын орындайтын ҚР аумақтық сайлау комиссиялары; референдумның учаскелік комиссияларының функцияларын орындайтын учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Қолданыстағы заңнама нормалары негізінде ҚР Орталық референдум комиссиясының 2024 жылғы 3 қыркүйектегі №38/42 қаулысымен республикалық референдумды əзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Аудандағы əзірлік жұмыстары осы күнтізбелік кестеге сай жүргізілуде. Нақтырақ айтсам референдумға əзірлік ойдағыдай.
– Қанша адам, қанша сайлау учаскелерінде дауыс беретін болады?
– Бүгінгі күні аудан бойынша 6790 сайлаушы референдумға қатысады деп отырмыз. науқанға 1 аумақтық, 30 учаскелік референдум комиссиясы жұмылдырылып отыр. Оларда 157 комиссия мүшелері бар.
Қазір референдум комиссиялары мүшелеріне арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылып жатыр. Оны облыстық аумақтық референдум комиссиясы ұйымдастыруда. Қазір ауданда 14 референдум учаскелері білім беру мекемелерінде, 13 учаске клубтар мен мəдениет үйлерінде жабдықталған. Өзге де мекемелерде жабдықталған учаскелер де бар. Бұлардың барлығы қажетті оргтехникалармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін тиісті жергілікті атқарушы органдар (əкімдіктер) дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркеу негізінде жасап өткізді.
– Іссапарда жүргендер мен уақытша тіркеуде тұрғандардың тізімі қалай анықталып жатыр?
– Тұрғылықты жері деп тұрақты тіркеу орны түсініледі. Уақытша тіркелген азаматтар тізімге өздері берген өтініш негізінде ғана енгізілуі мүмкін.
Ал енді, тізімдерді нақтылау, аталған құқықты іске асыру үшін референдум өткізуді ұйымдастыру кезеңінде жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды учаскедегі азаматтар тізіміне енгізу туралы хабардар ету үшін онлайн сервистер, Call-орталықтар, интернет-ресурстар ұйымдастыру ұсынылды.
Заң бойынша, референдумның əрбір учаскесі бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін тиісті əкім дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша референдум комиссиясына ұсынады.
Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған референдум учаскелері бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін дауыс беретін күнге он бес күн қалғанда тиісті комиссиялар азаматтарға танысу үшін ұсынады.
Азаматтарға тиісті учаскелік комиссиялардың үй-жайларында тізімдермен танысу, сондай-ақ оларға енгізілген өздері туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
– Референдум қарсаңындағы үгіт жұмыстары қалай жүргізілуде. Ол қай күні тоқтайды?
— Үгіт референдум тағайындалғаннан кейін басталып, дауыс берілетін күннің алдындағы күні 00.00 сағатта, яғни 2024 жылғы 4 қазан сағат 00.00-де аяқталады (референдумның алдындағы күні жəне референдум өткізілетін күні үгіттеу жүргізуге тыйым салынады). Барлық елді мекендерде ақпараттық баспа материалдарын орналастыруға арнайы орындар бөлінген. Референдум комиссияларының құрамдары, орналасқан орындары, референдум учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар жергілікті газетте жəне əкімдіктердің ресми-парақшаларында жарияланды.
– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қандай жағдайлар жасалған?
– Бүгінгі күні аудан бойынша 26 мүмкіндігі шектеулі адам референдумға қатысуға ниет білдіріп отыр. Оның ішінде 14 адам қоларбамен жүреді. 2 адамның көру, 10 адамның есту қабілеті төмен. Дауыс беру учаскелерінде оларға қажетті барлық жағдайлар жасалынған.
– Соңғы сауал. Референдум сағат нешеде басталып, нешеде аяқталады?
– Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды 2024 жылғы 25 қазаннан кешіктірмей хабардар етеді (дауыс беру күніне кемінде он күн қалғанда). Референдумда дауыс беруді өткізу уақыты, орны, ұйымдастырылуы мен тəртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген ережелерге сəйкес айқындалады. Егер дауыс берудің өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік референдум комиссияларымен дауыс беру күні 6 қазанда сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі.
Дауыс беру қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады.
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.