Мәжіліс депутаттары – Ұлытауда
Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаттары Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ мен Аманжол ƏЛТАЙ Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан активімен кездесті. Оның барысында мандат иелері 2022 жылдың 5 маусымында өтетін республикалық референдум мен оның маңызы туралы əңгіме өрбітті.
Кездесуді аудандық мəслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков ашып, сөз кезегін Берік Əбдіғалиұлына берді. Мəжіліс депутаты алдымен жиналғандарды жаңа Ұлытау облысының құрылуымен құттықтады. Сонымен қатар, референдумның мəн-маңызы, Конституциядағы өзгерістер жайлы кең тұрғыда сөз қозғады. Халық қалаулысы тіл мəселесі туралы да өз ойымен бөлісті. Көшелерде сауатсыз жазылған жарнамалар, коммерциялық нысан атауларына тоқталып, елді мекен, көше аттары тек қазақ тілінде жазылуы керектігі жөнінде өз пікірін білдірді.
Келесі кезекте Аманжол Əлтай ҚР Конституциясына енгізілуі тиіс өзгерістер мен олардан күтілетін тиімді нəтижелер жөнінде əңгімеледі. Сонымен қатар, жиналғандарды референдумға біркісідей қатысуға шақырды.
Кездесуге қатысушылар Қаңтарбай Ділімбетов, Есенғали Əбжамалов, Берік Əбілов əңгіме өзегіне айналған мəселелерге қатысты сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауап алды.
Бұдан кейін Мəжіліс депутаттары аудан жастарымен мақсатты кездесу өткізді. Жүздесуде жастар арасындағы түйткілді мəселелер əңгіме арқауы болды. Ауыл жастары өздерін толғандыратын сауалдарды ортаға салып, қос тарап еркін пікір алмасты.
Жасұлан АЯШЕВ