Мұзбалақ

Толмай қойды-ау арсыз ажал араны,
Абыздарым азайып-ақ барады.
Мұзағамды болды деген бақилық,
Суық хабар елге лезде тарады.
Дәмін татқан ащы-тұщы тірліктің,
Қоштасыпты жарық күнмен бір мықтым.
Айбары еді-ау біздің үлкен аймақтың,
Байрағы еді-ау береке мен бірліктің.
Секілденіп елдің батыр-көсемі,
Өр кеудесін отқа, оққа төседі.
Теңдікті де сұрамап па ед ақырып,
Давыдовтың дәуірінде кешегі.
Қазағымен бірге өмір сүретін,
Ұлтжанды еді, ұлтын сондай сүйетін.
Мұзағамды кеме деуші ем мұзжарғыш,
Алдымызда мұзды жарып жүретін.
…Қыран құстар қалықтайды құздан ақ,
Мұзарт шыңға тұрмыз тағы біз қарап.
Биігінде орыны тұр ойсырап,
Мұзағадан айрылыппыз – мұзбалақ…

Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.