Мұзараф Аханұлы АХАНОВ
Ұлытау-Жезқазған аймағының абыз ақсақалы, қайраткерлігі қапысыз тұлға, халқына шынайы жанашыр пейілі мен соған лайықты қарымды қарекеттері арқылы қалың елге қадірі артқан қария, Ұлытау өңірінің тумасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Мұзараф АХАНОВ 89 жасқа қараған шағында фәни-жалғаннан бақи-дүниеге озды.
Мұзараф Аханұлы 1934 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысы, Ұлытау ауданына қарасты Аралтөбе ауылында дүниеге келген.
Алматы қаласындағы академик Қ.И.Сәтбаеватындағы Қазақ тау-кен металлургия институтын 1958 жылы бітірген.
Еңбек жолын Жезқазған кешенді-геологиялық барлау экспедициясында аға коллектор, инженер-геолог қызметінен бастаған.
Батыс Жезқазған кенішінің бас геологы ретінде жаңадан ұйымдасқан Жезқазған тресін салуға, №57, 65 шахталарды іске қосуға елеулі үлес қосты.
Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарғанда өлшеусіз еңбек сіңірді. Сол кезеңдерде кеншілер шаһарында тұрғын үйлер, мәдени-әлеуметтік нысандар көптеп салынып, материалдық базалары нығайтылды. Байланыс, денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтер көрсету және басқа да салалар жұмыстарының сапасы арта түсті.
Мемлекет пен ұлт мүддесін меже тұтқан атпал азамат елдің шынайы құрметіне бөленді. 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1978 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал 2014 жылы омырауына «Құрмет» орденін тақты.
Мысты өңірдің дамуына қосқан ерен еңбегі бағаланып, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы мәртебелі атақтарын иеленді.
Абыз ақсақал өзінің соңғы демі үзілгенше Ұлытау-Жезқазған аймағының ертеңіне алаңдап, оның ілгері басуына қатысты бағыт-бағдар көрсетіп кетті.
Ол Ұлт ұясы – Ұлытауды төл перзенті ретінде жан-тәнімен сүйіп, ұлт ұланы ретінде айрықша қастерлеп өтті.
Мұзараф Аханұлының есімі мен асыл бейнесі жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталары күмәнсіз.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, абызды ардақ тұтқан өңір халқына қайғыра отырып, көңіл айтамыз.
С.Медебаев, А.Мырзабеков, М.Оспанов, Ж.Бегаев, А.Қайырбек, Е.Дәуітбаев, Ә.Жандарбеков, Ш.Үмбетов, Қ.Бекілдеков, С.Бектемісов, Е.Әбжамалов, Ж.Әшенов, М.Мәткенов, А.Құрмансейітов.