Мұратбек ЖҰМАБЕКОВ, Жезді кентінің əкімі: «Түпкі меже – ел бірлігін айғақтау»
Биыл Жезді кенішінен алғаш маргенец кенінің алынғанына 80 жыл толып отыр. Осынау мерейтойды Жезді кентінің жұртшылығы, оның ішінде, жастар қауымы сəн-салтанатымен атап өтуге бел буғанын бұған дейін де жазған едік. Міне, сол тойдың өтер мерзімі де таяп қалды. Осыған орай, біз Жезді кентінің əкімі Мұратбек ЖҰМАБЕКОВКЕ хабарласып, мерейтойға əзірлік барысы жайлы əңгімелескен едік…
– Мұратбек Досымбекұлы, ел «Туған жерге туың тік» деген тəмсілді басшылыққа алған жезділіктердің үлкен істі қолға алғанынан хабардар. Осы жұмыстардың жай-жапсары қалай?
– Бұл сұрағыңызға жауап бермес бұрын, əңгімені əріден бастағым келіп тұр. Кешегі ел басына күн туған заманда бұл кеніш небары 38 күнде ашылып, іске қосылған екен. 1941 жылы Украинаның кенді қаласы – Никопольді жау əскері басып алған соң, Мемлекеттік Қорғаныс комитеті Шығыста танк өндірісін ашуға пəрмен берді. Ол үшін марганец табу керек болды. Осы тұста академик-геолог Қаныш Сəтбаев Жезді кенішін ашуды ұсынды. Сталиннің тікелей қадағалауымен 1942 жылы Жезді кеніші іске қосылып, алғашқы маргенец кенін берді. Биыл осы тарихи оқиғаға 80 жыл толып отыр. Ол кезде де Қаныштай дананың басшылығымен өрімдей жастар жұмыла іске кірісіп, қысқа мерзімде кенішті іске қосқан екен. Сол секілді бүгінгі жастар да қысқа мерзімде бір шешімге келіп, осы істі қолға алды. Мерейтойды мерейлі етіп өткізуге ниет білдіріп, дүбірлі той өткізудің қамына батыл кірісіп кетті.
Бір іске бір іс себепкер болып жатады ғой. Жергілікті бюджет қаражатының жұмсалу мақсаты бөлек болғандықтан, аталмыш шараны кең көлемде өткізу мүмкіндігі шектеліп тұрған шақта Президент өз Жолдауында Ұлытау облысы ашылатынын мəлімдеп, елді ерекше қуанышқа кенелтті. Сол-ақ екен, Ұлытау өңірінің жастары ұйытқы болып, аудан көлемінде тартымды іс-шаралар өткізіле бастады. Жезділіктер де ел бірлігін айғақтау, кенттің даму мүмкіндігін дəлелдеу мақсатымен бастама көтерді.
Сөйтіп, шілде айында кент тұрғындарының қатысуымен жиын өткізіліп, ұйымдастыру алқасы құрылды. Той биылғы жылдың 16-17 қыркүйегіне белгіленді. Жүрегі «Жездім» деп соғатын азаматтардың қолдауы арқасында іс-шара өткізуге 24 миллион теңге қаражат жиналды. Дайындық жұмыстары қызу қолға алынды. Айналасы бірер айдың мұғдарында ауқымды жұмыс атқарылды. «Тойтөбеге» арка орнатылды, күрес орны талапқа сай жабдықталды. Дəретхана қойылып, автотұрақ орны белгіленді. Арнайы техникалармен ескі жолдардың орындары тегістеліп, атшабар шеңбер тазаланды.
– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демей ме. Думанға келетін елді қандай іс-шаралармен қызықтыратын боласыздар?
– Іс-шаралар ауқымды. Той қызығын көремін деп келгендер өкінбесі анық. Балалардың спорт ойындарынан бастап, ұлттық ат спортының барлық түрін қамтимыз деп отыр жігіттер. Əрине, концерттік бағдарламалар өз алдына. Қалам ұстаған қауым да бұл мерейтойда құр қалмайды.
– Мұратбек Досымбекұлы, мүмкіндігіңіз болса осыларды талдап, тарқатып айтып берсеңіз…
– Ұйымдастыру алқасының ұйғарымымен мерейтой шымылдығы 16 қыркүйек күні, сағат 15.00-де Жезді маргенец кенішінің 80 жылдығына арналған ескерткіш белгінің ашылу салтанатымен түрілетін болады. Бұдан соң сырттан келген меймандар М.Төрегелдин атындағы тау-кен жəне балқыту ісі тарихи музейіне саяхат жасайды.
Сол күні қазақ күресінен Жезді мектептерінің оқушылары арасында 30-50 келі салмақ дəрежелері бойынша белдесулер өтеді.
Ал, кешкісін тойшыл қауымды жерлесіміз, қазақ эстрадасы жұлдыздарының бірі Нұржан Керменбаев сахна алаңына шақырып, əннен шашу шашады. Əрине, концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар да «Тойтөбе» төңірегін əн мен жырға бөлемек. Концерт жастардың ретро би кешіне ұласады.
17 қыркүйек күні, сағат 10.00- де «Жезді кенішіне – 80 жыл» тақырыбымен мерейтойдың ресми ашылуы өтеді. Мұнда ұйымдастыру алқасы тарапынан марапаттау шарасын өткеру де жоспарланған. Бұдан кейін кезек ұлттық ат спорты ойындарына беріледі.
Түсте «Тойтөбеде» тігілген киіз үйлерде дастархан жайылып, меймандарға дəм тартылады. Спорт ойындары сағат 17.00 шамасында марапаттау шарасымен түйінделеді. Соңы концерттік бағдарламаға ұласады.
– Ат спортының түрлері жайлы тарқатып айтсаңыз…
– Ол – өз алдына бөлек əңгіме. Жалпы мерейтойды Жезді кентінің түрлі жас деңгейіндегі азаматтары мерейлі ететінін ерекше атап өту, лəзім. Осында» əр жылдарда оқыған түлектер бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, қаржылай қолдау жасады. Сөз басында айтылғандай, арнайы ашылған қорға қомақты қаржы жиналды. Соған ат спортының жүлделері сатып алынды. Тайжарыс (5 шақырым), Құнан бəйге (10 шақырым), Аламан бəйге (35 шақырым) өтеді. Тайжарыстың бас бəйгесіне – тай, Құнан бəйгеге – шетелдік мотоцикл, Аламан бəйгеге жеңіл автокөлік тігіліп отыр.
– Бəрекелді! Бағдарлама тағы несімен тартымды?
– Тартымды тұстары жетіп артылады. Мысалы, мешкейлер жарысы, қымыз ішуден бəсеке, жыр мүшəйрасы, арқан тартыс, аударыспақ, қошқар көтеру, түйе балуандар тартысы елді бейжай қалдырмауы тиіс.
– Оған сөз жоқ, əрине. Əлеуметтік желіден той қаржысы есебінен кенттегі аз қамтамасыз етілген отбасылар балаларына көмек көрсетілгені жайлы оқып қалып едім…
– Иə, ұйымдастыру алқасының ұйғарымына сəйкес, қорға түскен қаржының 1 миллион 300 мың теңгесіне «Мектепке жол» акциясы аясында 17 оқушыға киім-кешек пен оқу құралдары сатып алынды. Балалар мен олардың ата-аналары Жезқазған қаласына арнайы бөлінген көлікпен барып келді.
– Жөн екен. Ал, енді осы той қарсаңында жергілікті азаматтардың күшімен кентті көркейту, көгалдандыру, сəулеттендіру жұмысы жүргізіліп жатқанын естіп жатырмыз. Сол жайлы кеңірек айтып өтсеңіз…
– Бұрынғылардан қалған «Той атымен тон тігіледі» деген сөз бар ғой. Көп жылдардан бері кенттің Бұлқышев көшесіндегі екіқабатты үйлер сыланбай, сырланбай тұрушы еді. Соның сəті түсіп, азаматтардың қолдауымен арнайы техника келіп, əрлеу, əктеу жұмыстары жүргізілді. Көпір қоршауын жөндеу, дəнекерлеу жұмыстары атқарылды. Алдағы аптада безендіру жұмыстары жүргізілмекші. Балалар ойын алаңы орнатылады. Көшеге жарық беру желісі жөнделеді.
– «Сабақты ине сəтімен» деп жатады ғой дана қазақ. Осы сұхбат үстінде кенттің тыныс-тіршілігі жайлы сөз қозғай кетсек, артықшылығы бола қоймас…
– О не дегеніңіз?! Елдің, жердің жайын айту – біздің міндетіміз. Сұраңыз, мұндай тақырыптағы сауалдарға жауап беруге қашанда əзірмін.
– Жезді кенті – аудандағы халық көп шоғырланған елді мекендердің бірі. Осы ретте жаңа жұмыс орындарын ашу, кəсіпкерлікті қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Кенттің даму мүмкіндігі мол. 2020-2022 жылдар аралығында жаңадан орта жəне шағын бизнес нысандары ашылып, кəсіпкерлік саласы даму үстінде. «Адина» жəне «Жезді» деп аталатын асхана, дүкен ашылып жатыр. «Нэрис» ЖШС жұмысын жандандырып, өндірістің өрістеуіне негіз қалануда. Жергілікті кəсіпкер кірпіш жəне жолға қажетті ернеутастар мен төсеніш тастар шығаруда. Ендігі кезекте автокөлік жуу орнын ашу жоспарлануда.
– Таза ауызсу – өңір тұрғындары үшін өзекті проблемалардың бірі. Бұл мəселе Жездіде шешімін қалай табуда?
– Ауызсу мəселесін шешу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2021-2022 жылдар аралығында аудандық бюджеттен ауызсу құбырларын жаңадан салуға, жөндеуге жəне күтіп ұстауға 50 миллионға жуық қаражат бағытталды. Биыл «Оң жағалау» көшесіне алғаш рет ауыз су құбыры тартылды. Бұл көше тастақ жерде орналасуы себепті, бұрын су құбыры болмаған. Сондай-ақ, биыл Тоқтыбаев көшесінің оң бөлігінің ауызсу құбырлары жаңартылып, «Нарсай» су беру бекетінің жұмыс уақыты ұзартылды. Бұрын су сору насостары үш-төрт сағатқа ғана қосылатын.
– Кент əкімі болып сайланғаныңызға көп бола қойған жоқ, тұрғындардың жеке мəселелерімен қаншалықты танысып үлгердіңіз?
– Əкім болып сайланғанға дейін бас маман ретінде кент тұрғындарымен тығыз байланыста едім. Қазір жеке мəселелерін шешудің тиімді жолдарын қарастырып, тиісінше, əрекет етудемін. Барлық мəселені еңсердім деп айтудан аулақпын. Өзекті, шешімі қиын жайттар да бар. Жұмыс жүйелі негізде жүргізіліп жатқан соң, олардың да түйіні тарқатыларына сенемін.
– Кентті дамыту бағдарламалары жайлы айтып өтсеңіз…
– Жезді кентінің даму бағдарламасына сəйкес, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту, инвесторлар тарту жəне қызмет көрсету саласын дамыту қажет. Осы мақсатта «Нэрис» ЖШС алдында маргенец кеніштерін ашу жоспары тұр. Қызмет көрсету саласында да жаңа нысандар ашу көзделіп отыр. «Жезқазған-Петропавловск» автокөлік жолы жөндеуден өткізілетін болса, кенттің логистикалық қуаты артып, жол бойындағы қызмет түрлерінің даму болжамы бар.
– Əңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.