МӘМС: ТИІМДІ, ҮНЕМДІ әрі ҚОЛЖЕТІМДІ

Батыс елдерінде кез-келген азаматта медициналық сақтандыру полисі болса, Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесінен 3 миллионнан аса тұрғын тыс қалып отыр. «Сақтандырылған» мәртебесі жоқтардың қатарын Ұлытау облысының 23 650 тұрғыны толықтыруда. «Сақтансаң сақтайды» демекші «Неге біздің отандастар сақтандырылуға асығар емес?», «Жүйенің артықшылығы қандай?» деген көптің көкейіндегі сауалдардың жауабын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалы директоры Әлия БАЙТОКОВАДАН сұрадық.

– Әлия Жұмағұлқызы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу не үшін қажет болды және оның тиімділігін айта отырсаңыз.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау жүйесін дамытуға серпін берген тамаша мүмкіндік. Өздеріңізге белгілі 2020 жылға дейін елімізде медицина саласы білім мен мәдениет секторы сияқты мемлекеттік қолдауында, яғни мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде азаматтардың өз қалтасынан шығаратын шығындарды көбейтті. Нақтырақ айтсақ, сарапшылардың айтуынша, денсаулық сақтауға бөлінетін қаржының 37,5 пайызы тұрғындардың жеке қалтасынан екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл көрсеткішті 20 пайыздан асырмауды ұсынады. Осы ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жағдайды оңалтуға тигізген үлесі мол. Жүйе енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласын қаржыландырудағы бюджетке түсетін салмақ азайды. Сонымен қатар осы жүйенің арқасында жауапкершілік мемлекет пен тұрғындар және жұмыс беруші арасында теңдей бөлінді. Жүйенің ендігі бір жақсылығы, қалтасынан жарна аударып отырғаннан кейін жұмыс берушілер де, жұмыскерлер де өз тараптарынан денсаулық сақтау жүйесіне қоятын талаптарын күшейтті. Бұл – өте жақсы нәрсе. Себебі, талап бар жерде тәртіп те, даму болады. Қазір медициналық ұйымдар арасында жоғары бәскелестік орта қалыптасып, пациенттер клиентке айналды. Осылайша, емдеу мекемелері клиент тартудың пайдасын ұғынып, әр емделушіге жіті назар аударатын болды.
МӘМС енген төрт жылдың ішінде тұрғындар жүйенің тиімді тұстарын сезінді деп нық айта аламын. Қаржыландырудың артуы көптеген емханаларға медициналық құрал-жабдықтарын түгендеуге мүмкіндік берді және күрделі, жоғары технологиялық операциялар, олардан кейінгі оңалту курстары қолжетімді бола түсті.
Бұрын ана мен баланың денсаулығын қорғау, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жоспарлы емделетін стоматологиялық көмек, оңалтудың барлық түрі, лабораториялық қызметтер, КТ, МРТ секілді қымбат қызметтерді әркім өз қаржысына алатын. Қазір мұның барлығы МӘМС есебінен төленіп отыр. Яғни осы қызметтер халыққа тегін ұсынылады. Бұрын әлеуметтік осал топтағы азаматтарға КТ, МРТ және өзге де қызметтерге жылына 25 млрд теңге бөлінетін. Қазір консультативтік диагностикалық қызметтердің бюджеті еліміз бойынша 380 млрд теңгеден асып жығылса, Ұлытау облысына биыл МӘМС шеңберінде аталған қызметтерге 2 млрд 183 млн 664 мын теңге қарастырылған.
Бұрын ақылы негізде жүргізілген көптеген оталар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру отасы, нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, ЭКҰ МӘМС жүйесінде қолжетімді болды.
Жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалатын оталардың ішінде мысалы, құны 2 млн теңгеге жуықтайтын коронарлы шунттау отасы бүгінде МӘМС аясында Жезқазған медициналық орталығында тегін жасалып жүр. Атап айтар болсақ, жыл басынан кардиология бөлімінде 56 азаматтың жүрегіне ота жасалды.
Бұрын сәби сүюді армандап жүрген ерлі-зайыптылар экстракорпоральды ұрықтандыру кезегін жылдар бойы күтетін, соның салдарынан жасына қатысты шектеулерден өтпей қалғандар да көп еді. МӘМС жүйесі енгізілгелі «Аңсаған сәби» барғарламасы шеңберінде жылына республика көлемінде 7 мың квота бөлінетін болды. Кейінгі 3 жылда осы МӘМС-тің қаржыландыруымен Қазақстанда 5 мыңнан аса сәби дүниеге келді.
2023 жылы Ұлытау облысына ЭКҰ 111 квота бөлінді. Есептік кезеңде 25 жұп ата-ана атану бақытын сезінсе, қазіргі таңда тағы 36 келіншек жүктіліктің әр түрлі аптасында. 2024 жылға біздің облысқа 70 квота бөлінді
МӘМС жүйесінің игілігін көріп, шарапатын сезінген қазақстандықтардың бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Жоғарыда мысалға келтіргенім медицина саласында қолжеткізген жетістіктердің бір парасы ғана.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің айырмашылығы жіктеп берсеңіз.
– Заңға сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетілетін медициналық көмектің тізімі бекітілді. Екі пакеттің айырмашылығына тоқталар болсам, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі минималды әлеуметтік стандарт болып саналады, оған жедел және шұғыл көмек, медициналық-санитарлық алғашқы көмек, ауруды бақылау, санитарлық авиация, жедел стационарлық көмек, паллиативті көмек сынды қызметтер кіреді. Бұған қоса, әлеуметтік маңызы бар ауруларға, созылмалы дертке консультативтік-диагностика, амбулаторлық жағдайда дәрі-дәрмекпен қамту, жоспарлы және стационарлық көмек, сонымен қатар, туберкулезге қарсы медициналық реабилитация жасау кіреді. Ал қалған медициналық көмектің барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша көрсетіледі. Атап айтқанда, МӘМС пакетінде консультативті-диагностикалық көмек, қымбат зертханалық қызметтер, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен бөлек амбулаторлық жағдайдағы дәрі-дәрмекпен қамту, стационардың орнын басатын көмек, жоспарлы стационарлық көмек, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтылған.
– Науқастың қорындағы қаржысы күрделі емдеу шараларына жетпесе, ол ем-домнан қағыла ма?
– Біздің елдің басты байлығы – халқы және оның денсаулығы. Сондықтан, дені сау ұлт қалыптастыру жолында қолайлы жағдайлар жасау мемлекет тарапынан тоқтатылмақ емес. Әр қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы қымбат болғандықтан, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушыға жинақталған қаржысының көлеміне қарамастан медициналық қызмет көрсетіледі.
Тағы бір ескеретіні, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға – ортақ жүйе. Медициналық сақтандырудың қазақстандық моделі – бірегей. МӘМС жүйесінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Ал сол жерден қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді.
Медициналық сақтандырудың қазақстандық жүйесі пациентке денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемеу үшін әлеуметтік бағдарланған түрде құрылды.
– Денсаулықтан асқан байлық жоқ екені бәрімізге аян. Ендеше, неге біздің отандастарымыз, замандастарымыз осыншама игілікті ұсынып отырған МӘМС жүйесінде сақтандырылуға асықпайды?
– Рас, мәртебесі жоқ азаматтардың қатары азаяр емес. Қазірдің өзінде біздің облыста сақтандырылмаған 23650 тұрғын бар болса, оның ішінде 1686-сы – жеке кәсіпкерлер, 12305-і – жұмыскер, 1292-сі – азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша табыс табатын азаматтар. Яғни аталған азаматтардың табысы бар болғанына қарамастан, МӘМС жарналары мен аударымдарын уақытылы аудармай отыр. Сонымен қатар, жүйеге кірмеген тағы 4 мың тұрғынымыз бар. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бейресми қызметкерлер, үй шаруасындағы әйелдер болуы мүмкін деп топшылаймын. Аталған санатқа енгендер қаржысы бар болса, өз-өздерін дербес төлеуші ретінде сақтандыруы қажет. Ол үшін айына 4250 теңге төлесе жеткілікті. Ал, табысы жоқтар жергілікті әкімдікке жүгініп, «жұмыссыз» ретінде жеңілдік санатына ене алады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Т.Б.Дүйсенованың тапсырмасы аясында қазіргі таңда жергілікті атқарушы билік Қормен бірлесе медициналық қызметтен қағылып жүрген азаматтарды жүйеге тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Жұмыс топтары әр азаматқа жекелей хабарласып, сақтандырылудың жолдарын ұсынады. Қиын жағдайға тап болғандарды жұмыссыз ретінде тіркеп немесе жұмыспен қамту, оқыту сынды белсенді шаралар қарастырылған. Кешенді жұмыстың нәтижесінде cәуір айынан бастап 35 тұрғын жеңілдік санатына еніп, 18 тұрғын жұмысқа орналастырылды, 1 тұрғын тігінші курсына оқуға жіберілді.
– Медициналық қызмет көрсетудің сапасын бақылау қалайша жүзеге асады?
– Жүйе енгізілгелі бері медициналық көмектің сапасына бақылау күшейді. Мұның бәрі әрине біріншіден науқастың мүддесі үшін болса, екіншіден, отандық медицинаны дамудың жаңа сатысына көтеруді көздейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорларының құзырына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен көлеміне бақылау жүргізу кіреді.
Мемлекеттік те, жекеменшік те медициналық ұйымдар көрсететін медициналық көмекке бақылау жүргізіледі. Мониторингілеу автоматтандырылған жүйелерде және медициналық ұйымдарға барып жүргізіледі.
Айта кетерлігі, медициналық көмек көрсету барысында кемшілікке жол берген денсаулық сақтау субъектілеріне айыппұл санкциялары қолданылды.
Өткен жылы бірыңғай төлем жүйесі бойынша Ұлытау облысында 22658 ақау анықталды. Оның ішінде, 21787-сі – консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету кезіндегі кемшіліктер, 2613-і – емдеу-диагностикалық іс-шаралардың денсаулық сақтау саласындағы стандарттардан, ережелерден, клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқу фактілері, 346-сы – медициналық құжаттаманы дұрыс рәсімдемеу, 2 көрсетілген медициналық қызметтердің расталмауы анықталды.
Медициналық қызметтерге ақы төлеу қайта мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана іске асады. Яғни, факт бойынша көрсетілген, құжатпен расталған және клиникалық хаттамалардың барлық стандарттары мен ұсынымдарын сақтаған қызметтерге ғана төленеді.
– Уақыт тауып, халықты толғандырған сұрақтарға нақты жауап бергеніңізге алғыс білдіре отырып, ұлт денсаулығын нығайту жолындағы еңбегіңізге толайым табыс тілейміз.

Диана ОРАЗАЛИНА.