МӘКЕН ТӨРЕГЕЛДИН: мысты өңір – зерттеу, музейлендіру

Жақында Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мəдениеті үйінде «Ұлытау – мысты өлке: зерттеу, музейлендіру мəселелері» деген тақырыппен халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті. Бұл шара қоғам жəне мəдениет қайраткері, Ұлытау ауданының, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанда музей ісін дамытуға ерекше үлес қосқан тұлға, тау-кен жəне металл қорыту өнеріне арналған музейдің іргесін қалаған қайраткер Мəкен ТӨРЕГЕЛДИННІҢ 100 жылдығына орайластырылды.

Халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференцияның Мəкен Төрегелдинге қанша қатысы бар. Əңгімені осыдан бастайық. Қарсақбай ауданына қарасты Береке қыстағында дүние есігін ашқан Мəкен еңбек жолын 16 жасында Қарсақбай геологиялық-барлау кеңсесінде бастап, өмірінің соңына дейін аймақтың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан тұлға. Соғыстан оралған соң, түрлі салада басшы болды, елге абыройлы қызмет атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Əр жəдігерді іздеп, тауып, жинап Жезді тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің негізін қалады. Ұзақ жылдар археологиялық зерттеу жұмыстарына белсенді араласып, 4 мың жəдігерді жинақтады.

2015 жылы 16 ақпанда ҚР Үкіметінің №61 қаулысымен аталмыш музейге оның ұйымдастырушысы, алғашқы директоры, қоғам жəне мəдениет қайраткері Мəкен Төрегелдиннің есімі берілді. Бүгінгі күні музей қорында 21 мың жəдігер сақтаулы. Оның 17 мыңнан астамы түпнұсқа. Мəкеннің еңбектеніп жинаған дүниесіне қазіргі таңда отбасы мен ұрпақтары қамқорлық танытып отыр.

Міне, Ұлытау өңіріндегі жерасты пайдалы қазбаларын, əсіресе мыс өндіруді зерделеп, зерттеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, оны жинақтап, кен балқыту өндірісінің еш жерде жоқ музейін қалыптастырған тұлғаның конференция тақырыбымен үндес болуы осында жатыр.

Айшықты шараға Ұлытау облысы əкімдігі мен облыстық мəдениет, тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармасы мұрындық болды. Ал, шараға шет елдерден де тарихшылар мен өлкетанушылар келді. Конференцияның ашылу салтанатында мемлекет жəне қоғам қайраткері Мұханбет Көпей, Ұлытау облысы мəдениет, тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармасының басшысы Əнуар Омар жəне мəдениет қайраткері, ҚР мемлекеттік қызмет үздігі Базарбай Алтаев сөз алып, алыс-жақыннан жиналған меймандарға қош келдіңіздер айтып, сəттілік тіледі. Тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ деканы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Өмірбай Бекмағанбетов модератор болып, іс-шараны бастап берді.

Конференцияның пленарлық мəжілісінде ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының вице-президенті (Алматы) Досмұрат Айтқұлов «Қазақстанда инженерлік ғылымды дамыту, насихаттауға М.Төрегелдиннің қосқан үлесі», Ұлттық зерттеу кеңесі Мəдени мұра ғылымдары институтының профессоры, Қазақстанға келген археологиялық экспедицияның директоры, археолог, Ph.D докторы Боноро Жан Лука (Милан Италия) «Об анализах шлаков металлургического комплекса Талдысай Центрального Казахстана», Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Əбділмəлік Тəкішев «ХХІ ғасыр – технологиялар дəуірінде политехникалық білімінің əлеуеттілігі», Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім Министрлігі Ə.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева (Алматы) «Поселение Талдысай в системе горно-металлургических центров Евразии», «Есік» мемлекеттік тарихи-мəдени музей-қорығының ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Зубайда Сұрағанова (Алматы) «Магия металла и кузнечный культ в культуре казахов», геолог, өлкетанушы, марганец кенішінің 1970-1997 жж. бас геологы Болат Жүгініс (Астана) «Жезді өлке – сирек металдар қоймасы», «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени музей-қорығының ардагері, ғылыми қызметкер, ҚР мəдениет қайраткері Рахия Жүзбаева (Түркістан) «Ұлытау мен Түркістан – рухани жаңғырудың алтын тамыры», археометаллург, техника ғылымдарының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің доценті Жұман Аманжолов (Теміртау) «Реконструкция печей древней металлургии на поселениях Атасу и Алат» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті, Ресей географиялық қоғамының мүшесі, антрополог, туризм инструкторы, көшпелі мəдениет музейінің директоры Константин Куксиннің (Мəскеу, Ресей) баяндамасын жұртшылық онлайн форматта тыңдады.

Конференцияда Мəкен Төрегелдиннің музей жəне туризм ісіндегі қызметі туралы кеңінен сөз болды. Тарихшылар Ұлытаудағы ежелгі металлургиялық кешендерді зерттеудің маңызы мен жаңа əдістері жайында пікірлер қозғады. Оның əлі де зерттелмей жатқан қырларының көп екендігін алға тартып, мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Ұлытау – тарихи, қасиетті мекен, облыс аумағында 300-ден аса тарихи жəне мəдени ескерткіштер мен ұлттық маңызға ие 35 Сакралды нысан бар. Əттеген-айы, музей саны аймақ бойынша барлығы үшеу. Конференцияда осы мəселенің өзектілігі, жаңа музей ашу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту жолы қарастырылды.

Іс-шара барысында Мəкен Төрегелдин көзі тірісінде алып үлгермеген «ҚР Құрметті инженері» төсбелгісі оның туғандарына тапсырылды.

Пленарлық мəжілістен кейін болған пікір алмасуда Астанадан келген Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының академигі Кəкімжан Сарханов сөз сөйледі.

Конференцияның секциялық жұмыстары Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінде жалғасын тапты. Секциялық жұмыстар барысында музейде интерактивтік саяхат жасалды.

Еркебұлан КАМАЛИЕВ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.