Мұханбетжан ӘБІЛҰЛЫ, қаржы саласының ардагері, қаламгер: «Қиялға мініп, сөз саудым»
Сөзтану – тектіліктің белгісі. Сөзтану – адам ой-өресі деңгейінің өлшемі, яғни адамтануға бастар жол. Мұны Абай бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп: «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» дейді. Міне, сол бірауыз сөзге батпандай салмақ дарытып, көркемсөздің көшіне ілескен жандардың бірі жерлесіміз – Мұханбетжан ƏБІЛҰЛЫ. Мамандығы қаржыгер болса да əдебиет əлеміне тыңнан түрен салып, оқырманына ой салар кесек дүниелер тудырып отырған ағамызбен сұхбаттасудың сəті түскен еді.
– «Сабақты ине сəтімен» дейді дана қазақ. Сізбен бүгінгі сұхбатымыз Тəуелсіздігіміздің айшықты белгілерінің бірі – Ұлттық теңге күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Биыл Ұлттық валютамыздың айналымға енгеніне 30 жыл толады. Бір жағынан бұл күн – Қазақстан қаржыгерлерінің төл мерекесі. Ендеше, қаржы саласының ардагерімен əңгімемізді осы мерейлі мерекелерден бастағанымыз дұрыс шығар. Қос мерекеңіз құтты болсын, Мұха!
– Рахмет! Шын мəнінде, бұл – ерекше мереке. Кез-келген егемен елдің рəмізі болатыны секілді өз валютасының болуы да заңды. Өйткені, Ұлттық валютаны айналымға түсіру – тəуелсіздіктің басты қадамдарының бірі. Бұл қадам Қазақстанның қаржылай да тəуелсіз екенін тағы бір жария етуі болатын.
Жалпы, қай елдің болсын, валютасы мемлекеттің тарихын тікелей баяндайды, заманауи саяси-экономикалық жағдайын жəне жаһандық дəрежесін сипаттайды. Бүгінде ақша бірліктері мемлекет дамуында маңызды рөл атқарады. Оларсыз мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру мүмкін емес, мемлекет ішіндегі қаржы операцияларының бірін де орындай алмайды. Ұлттық банкнотта мемлекетке тəн тарихи оқиғалар, елдің мəдениеті мен тарихына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бейнелері əрі мемлекеттің басты мəдени жетістіктері бейнеленеді. Сонымен бірге, бүгінде Ұлттық валюта – мемлекет пен оның халқы үшін өте ыңғайлы жəне экономикалық негізі бар қаржы құралы.
– Мұха, өткен өмір жолыңызға шамалы шегініс жасасақ. Қаржы саласына қай жылдары келдіңіз?
– Еңбек жолымды 1974 жылы Ұлытау аудандық қаржы бөлімінің салық инспекторы болып бастадым. Бұл кезде Ұлытау ауданы жаңадан ашылып жатқан кез болатын. Жезқазған облыс болып құрылып, Ұлытау Жездіден бөлініп шыққан еді. Содан 2016 жылы зейнетке шыққанға дейін осы қаржы саласымен біте қайнасып келдім. Ұзақ жыл Қаржы бақылау-тексеру комитетінің Ұлытау, Жезді аудандарындағы бөлімдерін басқардым. Ревизор-бақылаушы болып қызмет еттім.
– Теңге айналымға енген кезде қайда едіңіз?
– Жезді ауданында, бақылау-тексеру бөлімінде жүрген едім. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енді. Ал, 1997 жылы 13 қарашада теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жариялаған Жарлыққа қол қойылды. Егемендіктің алғашқы аумалы-төкпелі уақытында төл теңгемізді дүниеге əкелу тəуекелі зор қадам болатын. Мемлекеттегі экономикалық қиындыққа қарамастан, қазақ ұлтының тұңғыш валютасы жарық көрді, тəуелсіз елдің айналымына түсті. Осылайша, Қазақ даласының ұлы тұлғалары əл-Фараби, Абылай, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқанды бейнелеген алғашқы Қазақстан Республикасының теңгелері жарыққа шығып, айналымға түскені шын тəуелсіздіктің көрінісі болды.
1993 жылы қарашада Кеңес ақшасын теңгеге ауыстыру жөнiнде шешiм қабылданды. 15 қараша күні таңертең құрамында қауiпсiздiк қызметi мен iшкi iстер органдарынан, облыс əкiмдiгiнен, Ұлттық банк өкiлдерi бар арнайы комиссия жаңа ақшаны жан-жаққа бөлуге кiрiстi. Мен де Жезді ауданы бойынша құрылған осындай комиссияның құрамында болдым. Елге ақша ауыстырудың тəртібі мен талабын түсіндірдік.
– Ендігі əңгіме арнасын əдебиет əлеміне қарай бұрсақ. Сізді бүгінгі ел жазушы ретінде тани бастады. Қаламды қашаннан бастап қолға алдыңыз?
– Қаншама жыл қызметте жүріп, бар ғұмыры елмен араласып өткен жанға үйде қол қусырып қарап отырғаннан үлкен қиындық жоқ екен. Кітап та оқыдым, көксандықтан да көз айырмадым. Бірақ көңілім тыншымай-ақ қойды. Қиялға беріліп, сөз сауып, онымды қағазға түсіре бастадым. Кейде қарасөз болып, кейде өлеңге ұқсас дүниелер ойға құйылады. Келе-келе мұным күнделікті əдетіме айнала бастады. Сөйтіп жүргенде жұмыр басқа «Əй, босқа жазып, уақытыңды зая еткенше осыларды неге жинақтап, кітап етіп бастырмасқа? Тым болмаса, балаларыма естелік дүние болып қалады ғой» деген ой келе қалды. Содан басталды ғой. Туған жер, атажұрт, өңірдің тарихи тұлғалары жайлы ел аузындағы əңгімелер мен тарихи құжаттар негізінде толғау жазуды қолға алдым. Əрине, бəрі сəтті шығып жатты дей алмаймын. Ұйқасының ақсап жатқаны, оқиғалардың ашылмаған тұстары, көбігі көп баяндаулар сияқты олқы тұстары жеткілікті болды. Бірнеше рет оқып, бірнеше рет өңдедім. Ақыры, 340 беттік дүние дайын болды. Оған «Арғанаты – атажұртым» деп айқайлатып тақырып қойдым. Өзімше жап-жақсы, жинақы болып шыққандай. Енді оны өлеңнің жілігін шағып, майын ішкен жандарға оқытып, бағасын алуым керек. Осы оймен Алматыға тарттым. Ойым – Жүрсін жездеме оқыту. Бақытжамал апамды алға салып, жездемнің қолына қолжазбамды ұстатам ғой.
Арада сағат жарымдай уақыт өткенде Жүкең «Əй, Мұханбетжан!» деп, айқай салды. Апам екеуміз жездемнің жұмыс кабинетіне жетіп барсақ, қолжазбам еденде шашылып жатыр.
– Сен кім едің, мынадай жыр жазатын?! Ақындығың асып бара ма?! – деді мені көзбен атып.
– Ақындық сенің ғана еншіңе тиген дүние ме еді? Абайдың өзі айтты емес пе «өлеңге əркімнің де бар таласы» деп. Інім де солай талпыныс жасағаны да. О, несі ей, ежірейіп… – деп Бақытжамал апам едендегі қолжазбамды жинай бастады.
– Таласса, талассын! Бірақ, тарихта несі бар мұның?! Қобыландыны «əпербақан» дейтін бұл кім еді?! – деді Жүкең дауысынан ызғар шашып.
– Өзіңіз сияқты жазушылар солай деп отыр емес пе, – дедім мен де апамды арқа тұтып.
– Кім айтыпты олай деп?
– Ілияс Есенберлин жазды емес пе, «Қобыланды дүлей күштің иесі, батыр, бірақ хандардың айтағына еріп кететін əпербақандығы да бар» деп…
Жездем үндемеді. Біз қағаздарды жинап алып, шығып кеттік. Кітап бастыру деген ой менен біржола алыстай бастады.
Арада үш-төрт ай өткенде Ұлытауға жолым түсті. Мағзұмбек ағаның үйіне атбасын тіредім. Əңгімеден əңгіме шығып, жазған дүнием туралы айттым. Мақаң елең ете қалды.
– Толғау деймісің, қане берші, – деді.
Ол кісі, өлең-жыр десе, ішкен асын жерге қоятын жан ғой. Үнемі сөмкемде жүретін қолжазбамды ағаның қолына ұстаттым. Мақаң қолжазбаларымның əр жерінен бір оқып шықты да «Мынауыңды маған қалдырып кет. Қарап көрейін. Біртоға дүние сияқты ғой» – деді.
Көңілім көтеріліп, кітап шығарсам деген ой қайыра бас көтерді. Мен Қарағандыға кеттім. Арада бірер ай өткенде Мақаң қоңырау шалды.
– Əй, Мұханбетжан, осы сенің неше балаң бар? – деді мүлдем тосын сұрақ қойып.
– Құдай берген 4 балам бар ғой, – дедім мен ештеңе түсінбей.
– Ендеше, бесінші балаңның дүниеге келуімен. Мына жазған дүниең де сенің алпыс екі тамырыңды идіріп барып өмірге келген нəрестең ғой. Бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын, – дегені.
– Ойбай-ау, аға, сүйінші сұрамай неғып тұрсыз?! Қалай өзі, баспаға беруге жарайтын дүние ме? – деп жалпақтап жатырмын.
– Мен бұл толғауыңа алғысөз де жазып қойдым. Келіп алып кет, – деді.
Міне, менің алғашқы кітабым осылайша жарық көрді. Айтпақшы, кейін бір кездескенімізде Жүрсін жездем, «Əй, бала, анадағы дүниең не болды, бастыра алдың ба? Мен айтқанды өзгерттің бе?» деді. Мен кітабымның шыққанын, елдің жылы қабылдағанын айтып, мақтанып жатырмын. «Дұрыс болған екен. Негізі сенің бабаң Ақжол би мен менің бабам Қобыланды батырдың арасындағы сол оқиға Қазақ хандығының жеке құрылуына негіз болғанын білесің бе. Оған бəзбіреулер басқаша сипат беруі мүмкін. Бірақ сол оқиғадан кейін Қотан жырау Керей мен Жəнібекке Шəйбан ұрпағынан іргені аулақ салуға кеңес беріп, үдере көшті. Осыны біл. Ал енді бір кітабыңды бермейсің бе?» – деді арқамнан қағып. Айтпаса да берем деп алып келген кітабымды жездемнің қолына ұстаттым. «Мə, мынау кітабыңның байғазысы» деп Жүкең қолыма екі жүз мың теңге санап салып берді.
– Бəрекелді! Ал енді екінші кітабыңыз жайлы да ел жақсы пікірде. Мұны жазуға не түрткі болды?
– Ол да өз алдына үлкен бір əңгіме. Өзің білесің, кітап кейіпкері ұзақ жылдар Аманкелді совхозын басқарған, ауыл шаруашылығының білікті маманы – Əліпбек Бекетаев. Кітаптың аты – «Дала академигі» деп аталды.
Менің əкем Əбіл кешегі Кеңес өкіметі алғаш құрылып, жер-жерде серіктестіктер ұйымдастырылып жатқанда Ұлытау өңірінде мойынсерік басқарған кісі еді. Сол жылдарда Əлекең жас жігіт екен. Серіктестікте шопыр болыпты. Əкей сол Əліпбекті үйретіп, көп көмек жасаған, еңбекке тəрбиелеген екен. Оны бірде Сарлыққа барғанымда Əлекеңнің өзі айтты. «Кезінде мен сенің əкең Əбілдің шапағатын көп көрген едім. Əбілден бір тұяқ Ұлытау өңірінде қызмет етіп жүр екен дегенді де естіп жүргем. «Сабақты ине сəтімен» деген осы. Алла саған ұзақ ғұмыр берсін. Асылдың сынығы екенсің» деп сол жолы біраз əңгіме айтқан еді. Кетерімде «Əкеңе барып сəлем беруге жұмыстан қол босамай жүр еді. Көже-қатық болсын, бір қашар ала кет» – деді. Мен азар да безер болып едім ренжитінін айтты…
Содан бері де қаншама жылдар өтті. Əлекеңнің келместің кемесіне мініп кеткеніне де қаншама уақыт болды. Мен де жетпістің айдынына желкен жайдым дегендей.
Хош. Содан, бірінші кітабым шығып, қызуы басылып келе жатқан күндердің бірінде түс көрдім. Түсімде кешегі Əлекең сол, Сарлықта кездескен кейпінде. «Əй, бала осы сен ана жолғы қашарды алдың ба?» дей ме… Оянып кеттім. Таң атуға таяп қалған мезгіл екен. «Бұл кісі неге түсіме кірді?» деген сауал санамда жаңғырып тұр. Отырып алып, ойға кеттім. Ұлытау, Жезді өңірінде қызметте жүргенде жұмыс бабымен талай мəрте дəмдес болдық. Əңгімеге шебер, Ұлытаудың арғы-бергі тарихынан шыр шерткенде, тыңдай бергің келетін. Кейде, «осының бəрін бұл кісі қайдан біле береді», деп те ойлайтынбыз.
Көпке дейін Əлекең ойымнан кетпей қойды. Жазу үстеліне отырып, қолыма қалам ала қалсам, Сарлықтағы халық театры, өнерпаздар жайлы ой санама орала берді. Алғашқы жазбам да қағазға түсіп қалды. Ақыры, белді буып, жазуға отырдым.
Осы жасыма дейінгі совхоз басқарған көптеген ағалармен аралас-құралас болдым. Бəрі бірінші кезекке шаруашылықты қоятын. Ал, Əлекең болса, шаруашылықпен қатар мəдениетті де дамыта білген кісі. Алпысыншы жылдардың басында алғаш «Еңлік-Кебек» спектаклімен шымылдығы түрілген Аманкелді ауылдық халық театры аз ғана уақытта республикаға танымал болып үлгерді. Сол кездегі Қарағанды, Жезқазған облыстарының мақтанышы болды. Тіпті, Мəскеуде, социалистік деп аталғанымен шет ел болып саналатын Болгарияда өнер көрсетті ауыл өнерпаздары. Соның басы-қасында осы Əлекең – Əліпбек Бекетаев жүрді. Мен кітабыма негізі осы жағын арқау етуге тырыстым.
Алты айдан артық жазу үстелінде отырып, кітапты біржақты еттім. Бірақ, оны баспаға бермей тұрып, Əлекеңнің отбасынан рұқсат сұрауды жөн көрдім. Баласы Қанатқа жолығып, бəйбішесіне келдім.
Мəдикүл жеңгей ризашылығын білдіріп, көзіне жас алды. Бірақ күдікті ойын да бүгіп қалмады.
– Ағаң туралы саған дейін де өңірге белгілі қаламгерлер кітап жазып еді. Алайда, ол дүниелер қолжазба күйінде үйде сақтаулы тұр. Жарыққа шықпауының өзіндік себептері бар. Кітап əуелі Мəлік Омаров пен Мұзараф Аханов ағаларыңның талқысынан өтуі керек, – деді.
Ол кезде есімдері аталған кісілердің көзі тірі болатын.
– Оқысын. Келіспейтін жерлері болса айтсын, – деп қолжазбамды тастап кеттім.
Арада бірқыдыру уақыт өткенде Мəлік Омаров «келсін» деп хабар жіберіпті.
– Қолжазбаңды оқыдық. Шынайы өмірді, Əліпбектің ел біле бермейтін қырларын жазған екенсің. Рахмет. Десек те, кітапқа кіретін біраз мəселелер де ұмыт қалыпты, – деп алды да өз ойын айтуға кірісті.
Осы айтылғандармен кітапты толықтырып, баспаға беретін болып мен кеттім Қарағандыға. Пойызда бара жатып, əлгі айтылғандарды сыналап кіргізе де бастадым. Ноутбугімде тұрған нəрсе ғой. Уақыт жібермейін дедім.
Содан үйге келген соң бірер күн шаруалармен жүріп қалып, əлгі кітапты толықтыра қояйын деп ноутбугімді ашсам, файл жоқ. Ұшты-күйлі жоқ. Содан жүгіріп, компьютер жөндейтін орындарды жағаладым. Ондағылардың бəрі «осы ноутбукте терілген дүние болса, табамыз» деп алып қалады. Бірақ, түк таппайды.
«Əбден масқара болдым-ау. Бəріне жар салып жүріп, аяғында дымсыз қалдым», дедім кемпіріме. «Əруақты кісі ғой. Өзі қаламай тұрған шығар», деп ол тіптен тұқыртып тастады.
Осылай əрі-сəрі күйде тағы бірер айым өтіп кетті. Бір күні, таңғы намаздан соң жазу столыма келіп, ноутбугімді аштым. Пернетақтаны шұқылап отырып, экранға көзім түсіп кетіп еді, «Дала академигі» деп жазып қойыппын. Əрі қарай саған өтірік, маған шын, қолым желдіріп жүре берді.
Айтып-айтпай не керек, кітапты қайыра жазып шықтым. Алғашқы нұсқадан мынауым салмақты, мүлдем басқаша, əсерлі болып шыққандай. Міне, екінші кітабым осылай өмірге келді.
– Ғажап екен. Бұл енді соңғы кітабыңыз емес шығар?
– Əрине. Күні кеше «Асыл негіз – Асыл мұра» деген атпен үшінші кітабым «Үш қиян» баспасынан басылып шықты.
– Бұл кітаптың тарқатар тақырыбы не? Кейіпкерлері кімдер?
– Тарқатар тақырыбы – тарих. Кейіпкерлері – Терісаққан бойы, Арғанаты атырабында өмір сүрген, есімдері елге мəшһүр батыр балаларымыз, олардан кейінгі буынның тартыс пен таласқа толы өмір жолдары, Шорманның Мұсасы мен Шоқанның елге сіңірген еңбегі, тигізген пайдасы жайлы тарихи-əдеби көркем дүние. Жанайдар батыр туралы əдеби деректі шығармамды осылайша мəресіне жеткіздім деп айта алам. Кітапты төрт жыл жаздым. Қолжазбам А 4 форматта 350 бет болды.
– Тарихи дүниелер жазу оңай емес. Оған деректерді қайдан алдыңыз?
– Рашид ад-диннің «Жамиғат-тауарих» деп аталатын бес томдығын, Махмуд Қашқари, Баласағұни, Игінуки, Ахмет Ясауи, Бақырған Мұхамед Хайдар Дулати жəне басқа да ұлы тұлғалардың асыл науаларынан сусындадым. Ел аузында айтылып жүрген аңыздарды арқау еттім. Кітабымның тұсаукесері осыдан бірер ай бұрын Теміртауда өтті. Алматыдағы кітапханалардың бірінде де тұсаукесер рəсімі жасалды.
– Өзіңіз өскен өңірде мұндай шара өткізу ойыңызда бар ма?
– Əрине, осы қарашаның 16-сы күні Ұлытау ауданының орталығында ауқымды іс-шара өткелі отыр. Ұлытау облысынан бір қауым ел келіп, қатысуы тиіс деп күтіп отырмын.
– Рахмет! Ісіңізге сəттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.