Мәңгі ұмытылмас мереке
Естен кетпес ең сұмдық соғыстың болып өткеніне биыл 78 жыл толды. Яғни, Ұлы Жеңіске 78 жыл болды. Өкініштісі, сол Жеңісті алып берген майдангерлер, соғыс ардагерлері арамызда жоқ. Бірақ біз олардың ерлігін еш уақытта ұмытпаймыз. Олар біздің жадымызда мəңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!..
Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Сол заманында қаншама жанның өмірін қиды, қаншама жан мүгедек халге түсті. Тіпті, аман-есен оралып келгендердің ойларында от оранған күндердің елесі қалды. Мəселен, менің Əбдікəрім əкем сұм соғыстан бір аяғынан айырылып оралды. Дəл жанынан жарылған снаряд оң аяғын қара санынан жұлып əкеткен. Соның салдарынан ауыр контузия да алған. Кейде ашуға булыққанда өз-өзіне ие бола алмай, қалшылдап кетеді. Біздің үрейіміз ұшатын. Сол соғыстың ізі бұл өмірден өткенше жоғалмады. Бірақ, бір ғажабы Əбдікəрім əкем жыл сайын «Жеңіс күніне» арналған парадқа барар кезде сұмдық күндерді, сол күндерде қасында болған жолдастарын еске алып, əр жылғы Жеңіс күнін жеңіске жаңа қол жеткізгендей ерекше сезіммен қарсы алатын. Біз ол кездері бес-алты жастағы бала едік. Əкеміздің сол бір сезімдеріне аса мəн бермейтінбіз. Кейін өсе келе ол кісінің əсерлі əңгімелерін естіп, Жеңіс күнінінің қаншалықты ерекше күн екендігін түсіндік. Енді біз сол əкенің əңгімесінен ұққанымызды, сезініп-түсінгенімізді бүгінде балаларымызға əңгімелеп отырамыз. Менің ойымша, бүгінгі жастардың əрқайсысының ата-əжелерінен естелікке қалған «Жеңіс күні» туралы ерекше ұғымдары бар. Ендеше, бүгінгі бейбіт күніміз үшін біз оларға мəңгі қарыздармыз деп ойлаймын.
Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшіліктің жəне қайырымдылықтың мəңгі жасампаздығын дəлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектерінің мəңгі өшпейтіндігін дəлелдейтін белгі болып қалмақ.
Сол бір сұрапыл жылдары Қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген перзенттік парыздарын, ұлттық мақтаныштарын дəлелдеді. Біздің ата-əжелеріміздің ерліктері мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі ұрпағы үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі деп ойлаймын.
Жеңіс күні – абырой мен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік сұм соғыста Жеңіске жеткізді. Сондықтан, 9 мамыр – мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы, бұл жанкештілікпен жеңіске жету жолындағы ерен еңбек.
Біздің азаматтық парызымыз – бұл күнді мəңгілік есте сақтау, Отанды сүю, елдің, жердің адал перзенті болу
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ