Мәдениет саласының мәні – жоғары

Қай кезеңде де, қай елде болсын, мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.

Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда, қалың ел қарашаңырақ деп қастерлеген, төскейінде қазынаның қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған Қарсақбай жерінде де мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсатын көздейді.

Өзге жылдарды айтпағанда, соңғы екі жылдың өзінде Қарсақбай кентінің мәдениет үйі өнердің өрелі ордасы екенін көрсете білді. Қазіргі пандемия жағдайына қарамастан, мұнда түрлі өнер байқаулары, дәстүрлі іс-шаралар тоқтаған жоқ. Төтенше жағдай тұсау салған өткен жылы 57 шара ұйымдастырылды. Оның 16 – дәстүрлі форматта, 41 іс-шара онлайн жүйесінде өткізілді.

Жалпы, мәдениет үйінде 7 үйірме: «Асыл әжем» әжелер үйірмесі, «Кент өнерпаздары» үйірмесі, «Жас жалын» ән үйірмесі, «Жас жігер» домбырашылар үйірмесі, «Балдәурен» би үйірмесі, «Жас дарын» көркемсөз үйірмесі және «Шеберлер» қолөнер үйірмесі жұмыс істейді. Олардың әрқайсының оннан жиырма төртке дейін мүшесі бар. Осы үйірмелердің күшімен өнерсүйер қауымның зор ықыласына бөленген түрлі бағыттағы мәдени шаралар, өнер байқаулары, жаңа жобалар ел назарына ұсынылуда. Мәселен, біздің қызметкерлердің ұйымдастыруымен «Әуені әсем әжелер» деп аталатын ІІ аймақтық фестиваль өткізілді. Оған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау селосының, Жезді мен Қарсақбай кенттерінің ақ әжелер ансамбльдері қатысты.

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, айшықты шаралар өткізілді. Биыл біздің ұжым Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында «Жыр алыбы – Жамбыл!» тақырыбымен челлендж бастап, оны Байқоңыр ауылындағы әріптестерімізге жолдады.

Ұлттық мәдениетті сақтау мен қайта жаңғырту мақсатында «Домбыра» Ұлттық телеарнасы шығармашылық тобының «Ұлы Дала әуендері» жобасымен өткен жылғы қараша айында Жезқазған қаласына келген экспедициясының түсіріліміне Қарсақбай кенті мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Ақтөре Қайрат қатысып, Алғыс хат алды. Жалпы, өткен жыл бізге жеміссіз болған жоқ. Өнерпаздарымыз түрлі байқауларда топ жарып, жүлделі орындарды иемденді. Нұр-Сұлтан қаласында онлайн форматта өткен І Халықаралық «DOLCE MUSICA» фестиваліне Ақерке Шардарбек қатысып, І орынды жеңіп алды. Байқоңыр ауылында өткен Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған аудандық байқауға Ақтөре Қайрат қатысып, Алғыс хатпен марапатталса, Ибраевалар дуэті 3 орынға ие болды. Ұлытау аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған «Ұланымыз елімнің» атты аудандық онлайн патриоттық әндер байқауында 126 ұпаймен Асқар Базарбай І орынды жеңіп алса, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбей» атты мәнерлеп оқудан аудандық онлайн сайысқа Жалғас Қыдырәлі қатысып, (109 балл) ІІІ орынды иеленді.

Мәдениет пен өнерді дамыту мақсатындағы өрелі істеріміз биыл да өзінің жалғасын тауып жатыр. 2021 жылдың басынан бері 33 іс-шара онлайн және офлайн түрінде өткізілді. Кентіміздің жастары мен бүлдіршіндері және өнерлі тұрғындары аудандық, қалалық және облыстық байқауларға қатысып, өз өре-деңгейінің биік екенін көрсетуде. Мәселен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық «Күміс қоңырау» және «Әнші балапан» байқауларында Еламан Жолдыбай мен Әділет Айтбай ІІІ орын иеленсе, «Жауқазын» би байқауында «Балдәурен» би тобы ІІ орынды жеңіп алды. «Дала дауысы» дәстүрлі ән байқауына Дархан Есенбаев қатысып, І орынды қанжығасына байлады. «Күмбезді әуен» күйшілер байқауында Бас жүлдені Ақтөре Қайрат иеленді. «Жұлдыз-2021» байқауына қатысып, өнер көрсеткені үшін Аркадий Побединский Алғыс хатпен марапатталды.

Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесіне орай өткізілген «Ұланымыз Ұлы елдің!» аудандық патриоттық әндер байқауында Айжарқын Сардарбекова І орынға қол жеткізді.

Халық поэзиясының ірі тұлғасы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жыр алыбы – Жамбыл!» атты аудандық шығармашылық байқауға қатысқан Мерей Мәткенова І орынды қанжығасына байлады.

Міне, Қарсақбай кентінің мәдениет үйі қызметкерлері өзіміздің төл мерекемізді осындай жұмыстармен, жетістіктермен қарсы алып отыр. Бұл бағыттағы жұмысымызда іркіліс болмақ емес.

Айткүл ИБРАЕВА,

мәдениет үйінің меңгерушісі.

ҚАРСАҚБАЙ кенті.