«Ұлытауым – менің ұлы мекенім, Ұрпаққа аян ұлт ұясы екенің»
«Жырым сенсің, Ұлытау!» атты мүшəйрада бас жүлдеге ие болған Абзал МАҚАШ, бірінші орын иегері – Жанат ƏБДІҒОЖИН, екінші жəне үшінші орынды иеленген Мұқағали СЕЙІТҚАЗЫ мен Ботакөз МҰХИДЕН өлеңдерін өздеріңізге тарту ретінде жариялап отырмыз. Бұл – ақын жастарымыздың ауданның 85 жылдық мерейтойына шашқан шашулары деп біліңіздер, қадірлі оқырман!
ЕР ДОМБАУЫЛ
(Ел ауызындағы аңыздан)
Əруағыңмен алқай көр абыз біткен,
Жақсыларға сөз айттым жаны үздіккен
Қаракеңгір жағасы – қатпар аңыз,
Қарагер күн су ішкен ауыздықпен…
Жебесінен ажалдың желі соққан,
Жошы – дейді – құланды тегіс атқан.
Осы дейді қарағым тарғыл тарих –
«Құланөтпес», телегей «Теріс аққан».
«Таудан төмен жосыған ақсақ құлан…
Тағдырыңа мойынсұн тастап күмəн.
Балаң өлді – Жошыхан қапияда!
Нанбайсың ба осыған, Асқақ Тұран?!»
Терек түптен ырғалса бағымдағы,
Теңіз біткен бұлғанса – Тəңір заңы.
Жағдайсыз қалдың ба, қайран Жошы,
Жарықшының жоғынан жаныңдағы?
Жарықшысы – Домбауыл қасам ішкен,
Жолға бірге шығатын жас арыспен.
Таса күштен қорғайтын бақауылы,
Əрі атабек – тиятын нашар істен.
Жанды жеген жазбаққа дерт мерезін
Ер Домбауыл суарды кекке көзін.
Хан ұлынан көз жазып қапияда,
Өле-өлгенше кінəлап кетті ол өзін.
Жаһандағы жат тұтып жаны барды,
Саржа садақ қолына қару алды.
Құлан біткен құрсын деп тұқымымен,
Қырған екен – дейді аңыз – жануарды.
Қалды сонда іштегі күй өрілмей,
Күйе жұқты кеудеме кие кірмей
Күмбезі бар бабамның, мүрдесі жоқ
Домбырамның жоғалған тиегіндей…
Бірде ұлықтап өзіңді бірде азалап,
Күңіренем келмес деп кімге ажал ат.
Күн қажалап іргеңді құм мазалап
Жасырасың нендей сыр дың мазарат?
Нанбайсың ба, өз еркің нанасың ба,
Құлан жортқан қыпшақтың даласында.
Домбауылдың елесі жүр қыдырып,
Ұлытау мен Кішітау арасында…
Ертағы, Кертағы – Ұлытау мен
Кішітаудың көне аттары Құланөтпес,
Теріс аққан – өзен аттары
Бақауылы – ханның асын бақылаушы
Атабек – жас сұлтанды тəрбиелеуші, əрі қамқоршысы.
Абзал МАҚАШ.
ҚАНДЫ БҰЛАҚ
«Иə, бұл – шынында да, қанды бұлақ, Бұл жерде сан шаңырақ қалды құлап…»
Сағындық Есенаманов.
Тақым тозған үзеңгі, таралғыдан,
Заман өткен не қилы алаң-бұлаң.
Сұңқар күннен садаға қала бердік,
Қара жаяу күн кешіп қараң-құраң.
Тірі жанға, əрине, тұмарлы əр күн,
Сыңар езу, суытпас сыңар қалпын.
«Ұлытаудың басынан ұлар көшкен…»,
Кім білсін, көшсе, көшкен шығар бəлкім?..
Адамдай таланына тағдыр ие,
— Тап болған ала құйын дау, киеге.
Сөз еттім биігіңді төмен тұрып,
Əуселем «Əулиетаудан» əулие ме?!
Ес болса, есті сөзді ұғып алар,
Ескінің есімізде құны қалар.
Бал бұлақ, Тас бұлақты білген елдің,
Жүрегін тастай қарыр мұңы да бар.
Бірлікті етіп келген мəңгі мұрат,
«Айғыржалдан» бір күн бақ қалды құлап,
«Тас бұлақ» – Ұлытаудың сəні болса,
Ұлытаудың қайғысы – «Қанды бұлақ».
«Қанды бұлақ» – шын аты –
«Бастау бұлақ»,
Көркіне тағы көрік қосқан құрақ.
Бұл жерді Əлім батыр мекен еткен,
Жасынан жақсы сөзге тосқан құлақ.
Арқасында алға озған талабының,
Ел де Ес – деп білген ғой болар ұлын.
Егін егіп, аң аулап өркендеген,
Қоңыр төбел тірлігі кəрі ауылдың.
Дəстүрді жалғап келген сақтап бабам,
Өнерсіз жігіт елден бақ таппаған.
Тіршілік атаулының тілін білер,
– Жігіт қой аңға шығып, ат баптаған…
Жақсылық жақ болмай ма баталы Ерге,
Əлімнің кең жайылған атағы елге,
Тарлан ат, жүйрік тазы – мұңы болды,
Бақ пенен сор мінгескен қатар ерге.
Сол маңда бай болыпты Зекет деген,
Айтқанын естіген ел екі етпеген.
Зекеттің бұйрығымен қолшоқпарлар,
Əлімнің ала айғырын «жетектеген…»
Сірə да, шыдап тұрмас Əлім бұған,
Төккендей қас жауына кəрін құлан.
Зекеттің жендеттерін түгел сабап,
Дүркірей қашқан екен қалың қылаң.
Қарақшы жерге құмар құрық салған,
Зекет бай ел көрмеген бүлік салған.
Ертеңіне қол жинап, суыт келіп,
Əлімнің ауылын түгел қырып салған.
Жанын солай ауылдың жаралаған,
Жан біткенді мал құрлы санамаған.
Тірі тұяқ қалдырмай, түгел қырған,
Əйел деп те, бала деп қарамаған.
Жосылып жүре берсек күрең ізбен,
Уақыт өткен осылай, міне, бізден.
Өлдіге санап зұлым жай тауыпты,
Əлімнің тірлігінен күдер үзген…
Күдер үзер бар еді себебі де,
Асып-тасып толғандай кемеріне.
Құзға апарып тастапты теріге орап,
Ит-құсқа жем болады дегені де…
Зекетті қарғам-сілеп діні мықты,
Сұмдықты естіген ел түңіліпті.
Қатын-бала бір күнде теріс айналып,
Мал-жаны түгел дерлік қырылыпты.
Тосын келген күткендей ажалды алдан,
Шыбын жан үзілуге тəмам қалған
жерінен құмай тазы тауып алып,
Əлім батыр ажалдан аман қалған.
Ит артық кейбір зұлым адамдардан…
Он шақты түтін солай қалды құлап,
Естіген – естен таңып, алды жылап.
«Айғыржал» аза тұтып, содан бері,
«Бастау бұлақ» атанған «Қанды бұлақ».
Ертеңге тарих болар бүгініміз,
Айтқанды емес, айтпақты ұғыңыз.
Өлер ат, қалар жерге бола алысып,
Қолдан лайланбаса екен тұнығымыз!
Жанат ӘБДІҒОЖИН.
ҰЛЫТАУ ТӨРІ
Ұлытауым – менің ұлы мекенім,
Ұрпаққа аян ұлт ұясы екенің.
Заңғарыңа тек қырандар қонақтап,
Хандарыма жайлау болған етегің.
Таулықпын деп мақтануға хақым бар,
Сенен бата ап жауға аттанған батырлар.
Биігіңнен билік айтып билерім,
Шыңдарыңнан шабыт алған ақындар.
Сақта, Тəңір, бірлігімді тіл-көзден,
«Ертағы» – деп сені атаған бір кезде ел.
Өткен күннің өшпес туындылары
– Төсіңдегі таңға жайып күмбездер.
Жүрген кезде іздеп жердің жұмағын,
Əйгілі Асанқайғыға да ұнадың.
Сəнің болған арқарың мен ұларың,
Дəрің болған елге Əулиебұлағың!
Ұлытауым, даңқты қазақ тауы сен,
Бізге жеткен дəуірлердің дауысы ең.
Тал бесігі — «Төрт босаға» тарихтың,
Жер бесігі — Жошы ханның тағы, сен!..
Балбал тасың еске салар шақты алыс,
Баба-тауым, атың дəйім – мақтаныш.
…Тау басында татуласып бір жатыр,
Мəңгілікке Едіге мен Тоқтамыс.
Маңғаз тауым, адуыңды тұрысың,
Шабыт бердің, жаныма сен, жылысың.
Тəуелсіздік таңы – сенің тынысың,
Таси берсін абырой мен ырысың!
Мұқағали СЕЙІТҚАЗЫ.
ЖОШЫ ДӘУІРІ
Өр Алтай мен Алып Альпі арасын,
Дунай менен ерке Ертістің саласын
Жалғап, ұлық ұлыс құрған хан Жошы,
Дүбірлетіп Дешті Қыпшақ даласын.
Қолбасшы еді қында тұрмас қылышы,
Алтын төрі — Алтын орда ұлысы!
Жошы өмірін бірақ сақтай алмапты
Жарты əлемді билеген хан уысы.
Қаһарынан барлық ғалам сыйынған,
Өлімді де қорқытпақ боп бұйырған.
Қорғасын боп Шыңғыс ханның қайғысы
Домбыраның көмейіне құйылған.
Тоқтата алмас ғасырлардың көші ерен,
Тарих болып жазылыпты пешенең.
Болашаққа бағдар беріп тұрғандай,
Күн астында көк күмбезді кесенең.
Көкті тіліп жарқылдаған жай оғы –
Бұл уақыттың бір сəтке жоқ аялы…
Қаракеңгір баурайынан бір ауық
Естіледі ақсақ құлан аяңы…
Ұрпақтарын биік еткен қадірі,
Қарсы алады тақта отырған Хан ұлы.
Мыңжылдықты жалғап, мəңгі жүріп тұр
Ұлытауда Жошы ханның дəуірі.
Ботагөз МҰХИДЕН.