Ұлытаулық дзюдошы Азия чемпионы болды

Үстіміздегі жылдың 14-19 қарашасы аралығында Ташкент қаласында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Осы байрақты бəсекеде ұлытаулық дзюдошы Нұрайым СƏРСЕНБЕК Азия чемпионы атанды.

Орайы келгенде айта кетейік, Өзбекстанда өткен чемпионатқа он бес елден 175 спортшы қатысты. Солардың қатарында Қазақстан Республикасының құрама командасының сапында өнер көрсеткен, ұлт ұясы – Ұлытау облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасына қарасты Сəтбаев қаласының СДЮШОР түлегі, қазіргі уақыттағы Ұлытау облысының жоғары спорт шеберлік мектебінің спортшысы Нұрайлым Сəрсенбек 48 келі салмақта топ жарды.
Азия чемпионы атанған Нұрайлым Ұлытауға алтын сыйлаған алғашқы дзюдошы қыз. Ол 2005 жылы 30 қазанда Сəтбаев қаласында дүниеге келген. 9 жасынан бастап дзюдоға қатысып келеді. Таудай талабының жəне күш-жігерінің арқасында 2022 жылы Қазақстан спорт шебері атағына қол жеткізді. Бүгінгі таңда Дзюдодан ұлттық құрама мүшесі.
Нұрайлым 2020 жылдан бері Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан бөлек, халықаралық жарыстарда топ жарып келеді. Балуан бойжеткенді бала кезінен бастап Архат Рахымжанұлы баптап келеді. Архат Рахымжанұлы жоғары санаттағы, жоғары дəрежедегі бапкер-жаттықтырушы. «Дене шынықтыру жəне спорт» мамандығын бітірген ол бүгінде жоғары дəрежелі жаттықтырушылар санатында еңбек етіп жүр.
Жуырда Ұлытау облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасы, Сəтбаев қаласы əкімдігінің спорт пен мəдениет бөлімдері, Сəтбаев қаласының Сдюшор мектебі, Жезқазған қаласының Морбжм, Ұлытау облысының жоғары спорт шеберлік мектебі, Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі жəне қаламыздағы барлық спорт жанкүйерлері 21 қараша күні жеңімпазды Жезқазған теміржол вокзалында барша сəн-салтанатпен күтіп алды.

Ізбасар ОЙБАС.