Ұлытауды жер-жаһанға танытты
Ұлытаудың өнерлі өрені – Ерден ШƏКƏРМАНДЫ бүгінде көптеген елдің өнерсүйер қауымы жақсы біледі десек артық айтқандық емес. Ол кішкентайына шетелдерге шығып, түрлі өнер байқауларында өзінің шоқтығы биік екенін көрсете алды…
Үстіміздегі жылдың шілде айында Ерден Шəкəрман Түркияның Каппадокия қаласында өткен өнер додасында вокал номинациясы бойынша халықаралық байқауындың Гран-приін жеңіп алды. Бұл байқауға Түркия, Канада, Молдова, Румыния, Үндістан, Иран, Грузия жəне Болгариядан ондаған əншілер қатысты.
– Бұл байқауға қатысу біздің ойымызда жоқ еді. Каппадокияға барғандағы басты мақсатымыз – осы елде түсірілетін «Мұрагер» фильміне түсу болатын. Ерден осы фильмнің басты кейіпкерін сомдады. Шілденің 25-і мен 28-і аралығында түсірілім аяқталып, ол конкурсқа қатысуға шешім қабылдады, – дейді Ерденнің анасы Райхан Нұғыманқызы. – Осылайша Ерден өзін тағы бір қырынан көрсетті. Бізді Каппадокия əкімі қабылдап, қала басшысының өзі оған Алғыс хат табыс етті.
Анасы Райхан Нысанбаеваның айтуынша, Ерден бес жасынан бастап вокалмен айналыса бастаған. Оның əлемге əйгілі əнші болу деген арманы бар. Осы мақсатына ол батыл қадам жасауда.
– Өткен жылы орден Сакарияда (Түркия) өткен VII Халықаралық фестиваль-байқауда I дəрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, Грузияға халықаралық байқауға жолдама алып, Батуми қаласында өткен «GOLDEN WAVE-2022» III халықаралық фестивалінде 1 орын алды. Ұлымның мұндай жетістіктерге жетуіне, сахнада тамаша өнер көрсетуіне оның өнер жолындағы ұстаздары, эстрада əншілері Дəуренбек Мерғалиев пен Сая Махамбеттің үлестері зор, – дейді өнерлі өреннің анасы.
Бүгінде Ерден Шəкəрман күллі қазақ жұртының мақтанышына айналып келеді. Оның репертуарында туған жер, Отан, ана туралы бірнеше əн бар. Қазіргі таңда Ерден актерлік əрі вокалдық шеберлігін шыңдап, Қазақстанның, туған жері Ұлытаудың даңқын асқақтатуды жоспарлап отыр.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.