Ұлытаудан бақытын тапқан отбасы
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бірлік ұғымы ұлттар арасындағы ынтымақ пен татулықтың белгісі. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері Ұлытауда сол ұлтаралық татулықтың жарқын үлгісін көрсетуде. Осынау бірлік мерекесі қарсаңында өзге ұлт өкілдерімен қазақ халқының татулығын ту етіп, тартымды дүние жасауды жоспарлаған едім. Өйткені, бірінші мәселе – бірлік! Отбасында, Отанда болсын, бірлік бар жерде береке бар. Осы ұстаныммен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің айнымас достығын, жарасымды татулығын өзгелерге үлгі ету еді. Күтпеген жерден 24 пәтерлі үшқабатты үйде тұратын Крюковтар отбасының жергілікті халықпен тату-тәтті өмір сүріп жатқанын көріп, куәсі болдым.
Татулықты тіршіліктің тірегіне айналдыра білген бұл отбасы мүшелерін көпқабатты тұрғын үйдің ауласында жолықтырды. Отағасы Денис Крюковпен аса таныстығым жоқ. Ал отанасы Ирина Стрюкпен былтырғы жылы жаңа үйдің лентасы қиылар сәтте аздап әңгімелескенім бар. Кездескен бетте амандық-саулықтан соң Иринаға өз бұйымтайымды айттым. Бұл жолы да ол келісімін беріп, жылы шырай танытты. Өзге ұлт дегені болмаса көңіл сарайының төрінде қазақы әдептілік жатыр. Иманжүзді, түр-тұлғасынан имандылықтың лебі есіп тұр.
Бір таң қалғаным, украин ұлтының өкілі Ирина қазақ тілінде таза сөйлейді екен. Танымайтын адам қазақ деп ойлауы да мүмкін. Өзге ұлт өкілі екенін түрінен қарап ажыратпасаң, былайша айыру мүмкін емес. Тіпті, жүріс-тұрысының өзі қазақтың биязы келінінің кейпінде. Сыпайы амандасып: «қонақ болыңыз» деп бәйек болып жатыр. Дарқандылығы да бар. Бірақ мақтанудан аулақ. Бір қуанғаным, әңгімеме құлақ түріп, байыппен жауап берді. Содан да болар, тез тіл табысып, сыр тарту аса қиындық туғыза қойған жоқ. Бұрынғы таныстарша әңгімелесе бастадық. Ол да қойылған сауалдарыма орнықты жауап қайырып, сөз тиегін ағыта жөнелді.
– Менің ұлтым – украин. Жұбайым орыс ұлтының өкілі. Бала жасымнан қазақ балаларымен жақын араласып өстім. Жезді кентіндегі мектеп-интернатында оқыдым. Былтырғы жылы көпқабатты үйдің бірінші қабатынан төрт бөлмелі баспана алдық. Пәтеріміз кең әрі жарық. Қыста тұрғын үйге жылу арнайы жасақталған дербес қазандықтан беріледі. Көршілеріміз де мәдениетті адамдар. Бірі дәрігер, бірі сауда саласында. Бұл үй көпбалалы отбасыларына берілген тұрғын үй болғандықтан заманауи үлгіде салынған. От жақпаймыз, күл шығармаймыз. Қалалықтарша өмір сүріп жатырмыз. Менің де төрт балам бар. Осы Ұлытаудан бақытымды тапқан жанмын. Оған мың да бір шүкіршілік етемін. Әсіресе, қасиетті жердің топырағын басып, саф ауасын жұтып жүргенімді бақыт санаймын. Бұл өлке киелі мекен. Әулиетауы бар. Жыл сайын отбасымызбен Әулиетауға барып, тәу етіп тұрамыз. Осыдан 2-3 жыл бұрын Хан Ордасында да болып қайттық. Жұбайым Денис Ұлытаудың тумасы. Ел тарихын, жер тарихын жақсы біледі. Мен де ұлытаулықтарға бауыр басып кеттім. Бір анадан туған бауырлардай көршілеріммен жақын араласамын. Кейбіреуі туысымдай болып кетті. Сыйластығымыз жақсы. Ешкім бізді бөліп жарған емес. Қазақтармен өзара түсіністікке тату ғұмыр кешіп келеміз.
Ең бастысы, Қазақстанымыз көркейіп, гүлдене берсін. Елдегі осы тыныштық пен тұтастықты бағалауымыз керек, – деді Ирина.
Иә, шындығында тыныштық болса, бірлік пен өзара түсіністік болары сөзсіз. Демек, татулық – достықтың киелі бесігі. Қазақстан халқының мызғымас күш қуаты – бірлікте!
Қайрат ЖҰМАБАЙ