Ұлытаудағы Наурыз тойы
Ұлыстың ұлы күнін ұлытаулықтар да жоғары деңгейде атап өтті. Оған аудан орталығы тұрғындарының Арқаның сары аязын арқа тастап, енді ғана жоны жібіген Ұлытау баурайында салтанаты жарасты, мəртебесі келісті өткізген тойы дəлел.
Сəні мен мəні жарасқан ұлттық мейрамда Ұлытау жұрты көгілдір көктемнің шынайы жылулығын сезінгендей болды. Мерекелік көңіл-күймен мейманасы тасыған елге көктегі күн де шуағын сыйлаған тəрізді.
Шұғылалы күннің əсері орталық алаңға жиналған жұрттың еңсесін тіктеп, асқақтап тұрған рухын аспандатып əкетті. Жасы да, жасамысы да мəз. Ел көңілі ерекше көтеріңкі. Кездескен бетте құшағын жайып, ниет-тілектің тиегін ағытты. Елге лайықты ізетпен төс қағыстырып, көріспегені көрісті, табыспағаны табысты. Əсіресе, қаз-қатар тігілген киіз үйлерден қазақы дархандықтың лебі есіп тұрды. Онда өткенге салауат айтып, келер күнге үміт артқан қариялардың аппақ тілектері ақтарылып жатты.
Мереке шымылдығы қазақтың ұлттық құндылықтары насихатталған көрініспен түрілді. Осы тұста аудан орталығындағы еңселі сахнада қазақтың əдет-ғұрпы салтанат құрды. Мұнда наурыз дəстүрі, наурыз насихаты, Қызыр атаның бата беруі бабалар көзіндей болып, жұртшылықтың жан жүрегіне жақындай түсті. Өнерпаздардың сахналауымен күн мен түннің теңелгендігі, биші қыздардың сомдаған тіршілік атаулының жандануы, жауқазын гүлінің қауыз жарып гүлденуі – бəрі əдемі бейнеленіп, көктемнің көрінісін көз алдымызға əкелді. Бұдан кейін де тамырын тереңге тартқан мерекенің маңыздылығы айшықтала түсті. Ақ əжелер шашу шашып, ұлттық жөн-жоралғылар жасалынды. Содан кейін аудан əкімі Аманжол Мырзабеков аудан тұрғындары мен қонақтарына жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Сахна төрінде көпбалалы ана Мөлдір Жаппасоваға құрмет көрсетіліп, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Күміс алқаны» тапсырды. Сонымен бірге, Ұлытау ауылдық округі əкімі аппаратының қызметкері Темірбек Байболовқа, «Тасбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алып техника жүргізушілері Берік Баймұханбетовке, Бауыржан Досановқа аудан басшысы өз Алғыс хатын табыс етті.
Марапаттау рəсімі соңы көркемөнерпаздар ұжымының əзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты. Дүбірге-дүбір қосқан əншілер шаттыққа тұнған көңіл-күйін əнмен өрнектеді. Осы бір сəтте, Ұлытау көгін жергілікті əншілер əсем əнге бөлеп, жұртшылыққа ұмытылмас əсер сыйлады. Əншілері əнмен, күйшілері күймен сусатты. Ауыл əжелері де əн шырқап, талғампаз тыңдарманның көңілінен шықты. Сөйтіп, сол күнгі шырқалған барлық əн ұлық мейрам əз Наурызға арналды.
Дархандықтың үлгісін, молшылықтың белгісін танытқан əз Наурызда мерекелік сауда да қызды. Шат-шадыман күй кешкен ұлытаулықтар қалағанын қолжетімді бағамен алып, көңілі марқайды.
Бір көңіл сүйсінерлігі, орталық алаңның əр шетінде мерекелік дастархан жайылды. Осы жерлерде «Мерекелік палау» дайындалды. Қазақы ұлттық киім киінген қыз-келіншектер өткен-кеткеннің бəріне «дəм ауыз тиіңіз» деген ізетпен палау ұсынып жатты. Одан əркім өз қалауынша ауыз тиді. Бұл маңда наурызкөже де үлестірілді. Сонымен қатар, əсем безендірілген əрбір қазақы үйде ұлттық құндылықтар насихатталды.
Айта кетерлігі, аудан орталығындағы алаңға сəулеті мен салтанаты келіскен 11 ақшаңқан киіз үй тігілді. Бұл көрініс бейнебір қазақ ауылы көшіп келгендей əсер қалдырды. Киіз үйлерде мекеме қызметкерлері меймандос көңілмен қонақтарды қарсы алып, қазақтың ежелгі қонақжайлылық дəстүрін көрсетті. Келген қонақтар қыстан қалған сүр еттен, қымыз бен шұбаттан дəм татты. Аудан басшысы Аманжол Мырзабеков те ауыл ақсақалдарын қасына ертіп, қаз-қатар қонған ақбоз үйлердің дастарханынан дəм ауыз тиді. Əкім халықпен етене жақын əңгімеге көшіп, жұртқа емен-жарқын мерекелік көңілін білдірді. Бір байқағанымыз, киіз үйлерде қазақтың ұлттық көне мұралары да көрініс тапты. Кейбір киіз үйлерде қолөнер шеберлерінің туындылары да болды. Ондағы бұйымдар көздің жауын алатындай ғажап дүниелер. Сонымен қоса, киіз үйлерде ұлттық құндылықтарымыз да дəріптеліп, салт-дəстүрлеріміз де ұлықталып жатты.
Ұлттық спорт түрлерінен де ойындар ойнатылды. Жұрт оған қызығушылық танытып, той көрігін қыздыра түсті. Сайыста жастар мен ересектер халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан аударыспақ, арқан тарту, қошқар көтеру сияқты ұлттық ойын түрлерінен бақ сынасты. Əсіресе, «қошқар көтеру» сайысы қызықты өтті. Салмағы 140 келі Гисар қошқарын желкесіне қойып, 36 рет отырып-тұрған Дəулет Кенжебай есімді жігіт басқалардан анағұрлым мықты екенін танытты. Сөйтіп, ол Ерболат Жарасбаевтың тіккен семіз қошқарын олжалады. Бұдан кейін, тұлпар мініп, табандылық танытқан білекті жігіттер ауыздығымен алысып, жер тартып тұрған арғымақтың құлағында ойнап, аударыспақтан сынға түсті. Бұл сайыста Мирас Жақияның бағы жанды. Жап-жас жігіт аударыспақта ешкімге дес бермей, ақырғы сəтте жеңіске жетті. Арқан тартудан күш сынасқан командалардың ішінде полиция бөлімінің азаматтары бірінші орынды иеленді. Қыздар мен əйелдер арасындағы «қой көтеру» сайысында 11 сынып оқушысы Гауһар Мəжит жеңімпаз атанды. Алаңның екінші бір бөлігінде балуандар боз кілемде белдесіп, Наурыз тойына көрік қоса түсті. Осы тұста, қазақ күресін дəріптеген тартысқа толы белдесулер ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған шараларды толықтыра түскендей болды. Не керек, сол күні Ұлытау бөктеріндегі той қызығы ұзақ күн бойы толастаған жоқ. Жастар алтыбақан теуіп, əн салды. Ауыл халқының бірқатары тай, ат жарыстарын тамашалады. Енді бірі сəн-салтанаты келіскен киіз үйлерді аралап, той дəмінен ауыз тиді. Осы сəтте де күмбірлеген күй, асқақтаған əн ауыл халқын шат-шадыман күйге бөлеп тұрды. Осындай риясыз шаттықпен қуанышқа кенелген мерекеде Дəурен Байболов, Ерболат Жарасбаев, Жасұлан Мұханбетов сынды жомарт жігіттер мəрттік танытты. Олар спорт түрлерінен өткен жарыстарға қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. Заманның нарқына қарамай, сөздің парқын түсінген азаматтарға ел риза болды.
Ең бастысы, соңғы жылдары етек алып, үрдіске айнала бастаған ұлттық ойындардың түрлері осы мерекеде тыс қалған жоқ. Наурыз тойын тамашалауға келген меймандардың қарасы да көп болды.
Ынтымақ пен бірлікке үндейтін мерекелік думан күн еңкейгенге дейін еңсерілмеді. Жан марқайтар сəулелі шуағымен келген əз Наурызды ұлытаулықтар осылай тойлады.
Қайрат ЖҰМАБАЙ