Ұлытауда тасаттық берілді

Ұлытау тау сілемдерімен жалғасып жатқан Арғанаты тауларына, Мық тауымен шығып, шығысқа көз жүгіртсек, желдің екпінімен толқып жатқан айдын көл көрінеді. Бұл — Барақкөл. Көлдің маңында арпа, бидай егумен айналысатын шаруа қожалықтарының егіс алқаптары бар. Былай айтқанда, аудандағы диқаншылардың дені осы жерде шоғырланған. Бейсенбі күні көл жағасында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастамашы болып, егін шаруашылығымен айналысатын фермерлердің ұйымдастыруымен тасаттық берілді. Сауапты іске қолдау көрсетуге аудан əкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов, Сəтбаев қаласындағы Балмағанбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қондыбай Серікбайұлы, аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы саласына тиісті мекеме басшылары, қызметкерлері, ауыл ақсақалдары жиналды. Мұндағы түпкі меже — фермерлердің тілеуі орындалсын деген ниет еді. Осы мақсатта тасаттық берілді.

Тасаттық — белгілі бір тілектің орындалу жолында мал сойып, құрбандық шалу. Бұл үрдіске «Бекетай — Баба «шаруа қожалығының басшысы Бағдат Бекетаев мұрындық болып, ілкімді шараның іске асуына дəнекерлік етті. Алдымен, тасаттыққа арналған сиыр малы көл жағасына əкелініп бауыздалды. Бұдан кейін «Бекетай — Баба» шаруа қожалығының үлкен асханасында дастарқан жайылып, ас берілді. Дастарқан басында тілеуқор жандар фермерлердің ғибадат — құлшылықтарына, ізгі амал-ниеттеріне тілектестік білдіріп, тілеуін тіледі. Игі шараның соңында Алланың ақ жолымын жүріп, ісімен ниет еткен фермерлер артылған етті аудан орталығындағы мұқтаж жандарға таратып берді. Сонымен қоса, тасаттықтан қалған қаражатты Ұлытау селосындағы науқас баланың ем-домына жұмсауғаға тапсырды. Сөйтіп, диқаншылар тасаттық беру арқылы жаратқан иемізге жалбарынып, тілеген тілеуінің орындалуын тіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:» Амал ниетке қарай ескеріледі жəне амалды істеушіге ниетіне қарай сауап беріледі» — делінген. Демек, амалдың өлшемі — ниет. Фермерлердің жақсы ниетіне қарай егіні бітік шығып, астығы мол болып жатса, біздің де көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ болары хақ. Ендеше, ел болып, жаңбырдың жауғанын тілейік, ағайын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ