Ұлытауда көпбалалы 24 отбасыға пәтер кілті табысталды
Тәуелсіздік күні Ұлытау ауылында 24 көпбалалы отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйден пәтер алды.
Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев қоныс иелерін құттықтады:
– Елмен қатар біздің аудан да дамып келеді. Мектептер мен балабақшалар, емханалар, спорт ғимараттары ашылды. Тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Абаттандыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Көптеген жобалар мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылды. Міне, бүгін де 24 отбасы қоныс тойын тойлады. Сіздерді осындай маңызды оқиғамен құттықтаймын!
Үй арнайы қазандықпен жылытылады. Аулада тұрақ бар. Балалар алаңын да орнату жоспарлануда.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай біз өз баспанамызды алдық. Мен бұл шараға ат салысқандардың барлығына шексіз қуаныштымын және ризамын, – дейді көп балалы ана Ирина Стрюк.
Ұлытау ауданында екі 8 пәтерлі және екі 16 пәтерлі үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Тұрғын үйді кезекте тұрғандар алады. Бүгінде олардың саны 188 адам.