Ұлытау төрінде — төл мейрам
Әз Наурыз – ырыс нұры, ұлыс күні. Бақ қонып, Қызыр дарыған Жер-Ана тамырына қан жүгіріп, айналаны нұрға бөлеген жаңару мерекесі. Түркі халықтары үшін 22 наурыз – Жаңа жыл басы. Күн мен түннің теңеліп, қатпа қардың көбесі сөгіліп, адам баласы шуаққа кенелетін осы бір кербез көктемнің шырайлы мерекесі көлкөсір қуаныштың көркем көрінісіне айналғалы қашан?!
Бүгінде қазақтың ұлттық мейрамдарының ішінде Наурыз мерекесінің мән-мағынасы айрықша бағалы. Ұлттық мейрамның үлкен-кішіге берер тағылымы мол. Биыл да «Наурызнама» онкүндігі аясында әз Наурыздың ажары артып, жанжақты қыры жандана түсті. Осы айдың 14-де басталған Наурыз тойы мерекелік думанға ұласып, Наурыздың 22-сі күні Ұлт ұясы – Ұлытау төрінде кеңінен тойланды.
Аудан орталығының басты алаңына 20-дан астам киіз үй тігіліп, сахна маңы күмбірлеген күй мен әсем әнге бөленді. Самарқанның көк тасы жібіген күн жамағатқа да мейірімділік шуағын сыйлағандай болды. Күннің шуағы халықтың көңіл шуағымен астасып, мейманасы тасыған елге шаттық шуағын қоса сыйлаған сыңайлы. Төс қағыстыра амандасып, амандық-саулық сұрасқан жұрттың қарасы қалың. Жасы да мәз, жасамысы да мәз. Жұрттың ізгі ниеті күннің ызғарын елең қылар емес. Бәрінің жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі.
Алаң төріндегі қаз-қатар тігілген ақбоз үйлерде келген қонақтарды қарсы алып, меймандос көңілмен қонақжайлылық танытып жатқан жандар қаншама. Бұл жолы да келген қонағына адал асын ұсынатын игі дәстүрді ұлытаулықтар берік ұстанды. Құрт пен ірімшік, бауырсақ, тәтті тағамдардың неше түрі, наурызкөженің молдығы дайындаған адамдардың шынайы ықыласы екендігін көрсетті. Әсіресе ақшаңқан үйлер көшенің сәнін кіргізіп, кәдімгі қазақ ауылы көшіп келгендей бейнебір көріністі елестетті.
Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер алдында аудандық мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған «Наурыз – жыл басы» атты театрландырылған мерекелік шара бастау алып, қыз-келіншектердің Наурыз мерекесі туралы қойылымы көрсетіліп, Қыдыр атаның бата беруі мен ақ әжелердің шашуы торқалы тойдың шымылдығын ашты. Одан кейін де тамырын тереңге тартқан мерекенің маңыздылығы айшықтала түсті. Сахнада ұлттық жөн-жоралғылар жасалынды. Дәстүрлеріміз дәріптеліп, ғұрыптарымыз ұлықталды. Жергілікті өнерпаздар мазмұны мен мағынасы бай қойылым жасап, тойшыл қауымның бойына ұлттық рухты оятатын әрекеттер жасай білді. Тойға жиналған қауымды Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов, ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тәшенов құттықтап, әр отбасыға береке-бірлік, молшылық пен татулық тіледі. Бұдан соң, жұртшылық Ұлыстың ұлы күніне аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концертті тамашалады. Дүбірге-дүбір қосқан әншілер шаттыққа тұнған думанды әнмен әспеттеді. Ұлытау көгін әнге бөлеп, көрерменге тамаша әсер сыйлады. Ауыл әжелері де ән салып, көрікті мерекенің көрігін қыздырды. Шырқалған барлық әуендер ұлық мейрам әз Наурызға арналды.
Дархандықтың үлгісін, молшылықтың белгісін танытқан ұлық мейрамда сауда да қызды. Шат-шадыман күй кешкен аудан жұртшылығы қалағанына қолжетімді бағада қол жеткізіп, көңілі марқайды. Алаңда көптен бері бірін-бірі көрмегендер қауышып, әңгіме-дүкен құрысып, мәре-сәре болып жатқандары да қаншама. Әсіресе, қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлерден қазақы дархандылықтың лебі есіп тұрды. Онда өткенге салауат айтып, келер күннен үміт күткен абыз ақсақалдардың аппақ тілектері ақ батаға ұласып, ақтарылып жатты. Киіз үйлер ішінде мерекелік дастархан жайылып, наурызкөжелер тегін үлестірілді. «Наурызкөжеден ауыз тиіңіз» деп ізет көрсеткен қыз-келіншектерге алыс-жақыннан келген ағайындар ризашылығын білдіріп, батасын беріп жатты. «Заңғар» дүкенінде де наурызкөже мен ыстық бауырсақ тегін таратылып, әркім өз қалауынша ауыз тиді. Мұның барлығы Ұлытау жұртының кеңпейілділігін көрсеткендей болды. Ұлыстың ұлы күні – Абай көшесін бойлай тігілген киіз үйлер сән-салтанатымен көз арбады. Әр мекеменің тіккен киіз үйлері өзіндік ерекшелігімен салтанат құрды. Киіз үй ішіне аудандағы қолөнер шеберлерінің туындыларынан да қойылды. Түрлі бұйымдар көздің жауын алатындай құнды дүниелер.
Мейрам барысында көрнекті тігілген киіз үйлердің сыртқы көрінісі мен ішкі безендірілуі бағаланып, үй иелеріне аудан әкімдігі тарапынан сыйлықтар да берілді. Сол күні алаңда той қызығы күні бойы толастаған жоқ. Алтыбақан теуіп, ән салған жастардың да қатары аз емес. Сән-салтанаты келіскен киіз үйлерді аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов қараша халықпен бірге аралап, той дәмінен ауыз тиді. Үстел басында аудан басшысы жұртпен ашық-жарқын әңгімелесіп, мерекелік лебізін білдірді.
Ұлттық спорт түрлерінен де түрлі ойындар ойнатылды. Алаңның бір шетінде мерекенің көрігін ұлттық ойындарымыз қыздырды. Арқан тартыс, жілік сындыру, желке тартыс сынды ұлттық ойындар көпшіліктің қолдауына ие болып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Арқан тартып күш сынасқан командалардың арасынан аудандық полиция бөлімінің азаматтары бірінші орынды иеленді. «Жілік сындыруда» – Дәулет Кенжебаев басқалардан анағұрлым мықты екендігін танытып, жеңімпаз атанды. Ал, желке тартыста ешкімге дес бермей, Ерасыл Қапыш бірінші орынға қол жеткізді.
Ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған шараны қазақ күресі де толықтырды. Ұзын-ырғасы оншақты балуан боз кілемде белдесті. Әр балуан қазақ күресінің қыр-сырын мейлінше терең меңгергендіктерін айғақтап бақты. Бір-біріне дес бермей ұзақ айқасты. «Күш атасын танымас» дегендей, шешуші сәтте Қайрат Жәкенов бәрінен басым түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды Әлихан Әбдіхалық иеленді. Ал, үшінші орын жүлдесі Ернат Төлешке бұйырды.
Түс ауа айшықты шара тай жарысымен жалғасты. Бәйгеде мәре сызығын Әбілқайыр Байдахметтің қылқұйрығы бірінші болып кесті. Екінші орынды Әсет Сайлаудың тайы иеленсе, үшінші орынды Мағжан Қадырдың жүйрігі еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан берілген бағалы сыйлықтарға ие болды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.