Ұлытау төрінде – төл мейрам

Табиғат-Ананың тамырына қан жүгіртіп, керемет күйге енгізетін әз-Наурыз – ұлы мейрам, жаңару, жасару мерекесі. Бүгінде Ұлық мерекені 2 миллиардтан астам халық мерекелейді. Ұлытау жұрты да қасиетті өңірдің алтын табалдырығын аттаған Барыс жылын сән-салтанатымен қарсы алды. Оның үстіне биылғы жылдың маңызды жаңалығы – Ұлытау облысының құрылуы, Жезқазған облыс орталығы болып белгіленуі киелі өлкеге аққанат хабаршысындай болып жетті. Содан да болар, күн райы жылылық танытпаса да жұрттың пиғылы жақсы. Мерекелік көңіл-күймен мейманасы тасыған халықтың қуанышында шек жоқ. Жадыраған жүздерінен қазақы дархандылықтың лебі сезіледі. Бір-бірімен қауыша көрісіп, аман-есен қыстан шыққандарын тілеу етіп, наурызға жетіп, мәре-сәре күй-кешкендеріне дән риза. Әсіресе, жас құрақтай өсіп келе жатқан жастардың наурыз дәстүріне деген құрметі көңіл сүйсінтеді.

Аудан әкімі Советбек Медебаев та осынау ұлы мерекемен өңір жұртшылығын ақжарыла құттықтады.

– Жер дүние жаңаша түрленіп, жаңаратын шағы – осы Наурыз айы. Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, күн мен түн теңеледі. Жер үстіне тілмен жеткізе алмайтын тамаша шаттық орнап адамдар бір-біріне жақсы лебіздер мен ізгілік тілейді. Менде бүгін баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.

Бұдан кейін той шымылдығы аудандық Мәдениет үйінде театрландырылған көрініспен түрілді. Аудан өнерпаздары мазмұны мен мағынасы бай қойылым жасап, тойшыл қауымның бойына ұлттық рухты оятатын ұтқыр әрекет жасай білді. Өнерпаздардың сахналауымен күн мен түннің теңелгені, биші қыздардың сомдаған тіршілік атауының жандануы, жауқазын гүлінің қауыз жарып гүлденуі – бәрі-бәрі жер бетіне жылылық шуағын себе түсті. Осы тұста, Қыдыр ата қол жайып, қалың ел Тәңірінен еліне тыныштық, жеріне амандық тіледі. Осылайша, наурыз дәстүрі, наурыз насихаты бабалардың сөзіндей болып, жұртшылықтың жан жүрегіне жақындай түсті.

Мәдениет үйінің келесі бір бөлігінде дастарқан жайылып, ұлттық киім киінген қыз-келіншектер наурызкөже мен ұлттық тағамдарды да ұсынып жатты. Оларға көпшілік ризашылығын білдіріп, ақсақалдар ақ батасын берді.

Ұлы күнді ұлықтаған мерекенің қызыққа толы тағы бір сәті – спорттық жарыстар болды. Ұлытаудың білекті де жүректі ұлдары боз кілемде белдесті. Енді бір тобы желке тартыста күш сынасып, жұрттың делебесін қоздырды. Екінші бірі «сек көтеру» сайысында бақ сынасты. Бұл жарыста секті желкесіне көтеріп, бірнеше рет отырып, тұрған Бекасыл Рахым есімді жігіт басқалардан анағұрлым мықты екенін танытты. Ол жеңімпаз атанып бәйгеге тіккен Ерболат Жарасбаевтың семіз қойын олжалады. Дәл осы сәтте қаумалаған қауымның назарын өзіне аудартқан 9 сынып оқушысы Фархат Марат болды. Бармақтай бала өзінен жасы үлкен жігіттермен иық тіресіп, сек көтеруде алдыңғы орынға иеленбесе де біразынан басым түсті. Оның бойындағы қара күшіне сүйсінген жұрт таңдай қағып, таң қалысты. Нәтижесінде Фархат арнайы сыйлыққа ие болып, көпшіліктің көз қуанышына айналды. Ал, желке тартыста Олжас Манат Бас жүлдені қанжығаласа, боз кілемде белдескен Ерсұлтан Мирас «Түйе балуан» атанды.

Мереке ажарын өнерлі өрендер ырғақты бимен, әсем әнмен, күмбірлеген күймен әспеттеп отырды. Мұның барлығы «Қош келдің, әз-Наурыз» атты концерттік бағдарлама аясында өрбіді. Сөйтіп, сауық-сайран, шағын көріністерге ұласқан мерекелік шара көрермен көңілін саз әуенмен арбап, тылсымды сәттермен көркейте түсті.

Қайрат Жұмабай