Ұлытау облысының әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмыс барысы белгіленді
Бүгін Ұлытау облысының әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның биылғы алғашқы отырысы өтті. Аймақ басшысы Б.Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен іс-шараға облыстық комиссия мүшелері, қоғам өкілдері мен БАҚ қатысты.
Отырыс барысында жиналғандарға, өткен жылы комиссия аясында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды. Мәселен, есепті кезеңде облыста бірқатар әлеуметтік жоба іске асырылды. Соның бірі-Жезқазған қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету. Нәтижесінде 100-ден астам әйел консультативтік, психологиялық, оңалту және құқықтық көмек алды.
Сонымен қатар, Қаражал қаласының мәдени-демалыс орталығында заңгер мен психологтың тегін кеңестерін беру мақсатында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Өтініш білдірген 35 әйелге тиісті кеңестер берілді.
Адамгершілік құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен некенің оң имиджін дамыту мақсатында өңірлік деңгейде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылады. Былтыр оған Ұлытау облысынан 37 отбасы қатысты.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері алдағы жұмыс жоспарын талқылады. Қойылған мақсаттарға сәйкес Комиссияның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарының арнайы жобасы әзірленді, онда бірқатар іс-шара көзделген: салалық басқармалардың өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау орталықтарының жұмысы туралы, ана мен бала өлімінің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар, гендерлік зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ балалар қараусыздығы мен панасыздығының алдын алу жөніндегі шаралар туралы есептерін тыңдау; комиссия мүшелерінің әлеуметтік нысандар мен дағдарыс орталықтарына баруы; отбасылық-демографиялық саясат саласындағы әлеуметтік жобаларды іске асыру (мысалы, «Мерейлі отбасы» конкурсы, «Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды әлеуметтік және психологиялық қолдау» жобасы, облыстың білім беру ұйымдарындағы «Отбасылық сағат» жобасы және т.б.). Комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен ұсынымдарынан кейін іс-шаралар жоспары толықтырылды.
Өз кезегінде, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі және «Ұлытау облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ төрағасы А.Исина кеңеске қатысушыларға өңірлік комиссияның қызметімен танысу нәтижелері туралы баяндады. А.Исина атап өткендей, 2022 жылғы 21 қазанда Ұлытау облысы әкімінің өкімімен Ұлытау облысы әкімінің жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия құрылды. Комиссия мүшелері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сонымен қоса, балалардың, қолайсыз отбасылардың құқықтарын бұзу фактілерінің алдын алу, сондай-ақ бала еңбегін пайдалану, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында барлық мүдделі органдармен бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Мемлекеттік отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бірқатар әлеуметтік жоба іске асырылды: «Отбасы күніне» арналған «Ақ Отауға – ақ бата» жас отбасылармен кездесу кеші», «Анам, әкем және мен» спорттық жарысы және басқалар.
Кеңесте Ұлытау облысында барлығы 116 мыңға жуық әйел тұратыны атап өтілді, бұл халықтың жалпы санының 51,3% құрайды. Олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, билік құрылымдарындағы әйелдер санын көбейту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің барлық түрлерін жою біздің жұмысымызда да басым болады, деп қорытындылады Ұлытау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелері.