Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті

Кеңесте 2026 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспары, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету саласының 2025 жылғы қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған міндеттері қаралды.

Жиын барысында өңір басшысы өткен жылғы қаржы игеру көрсеткіштері жаман болмағанын атап өтіп, биыл бұл бағыттағы жұмысты одан әрі қарқынды күшейту қажеттігін айтты. Осыған байланысты бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес бекітілген конкурстарды жариялау үшін өтінімдерді сатып алу басқармасына жоспарланған мерзімде жолдау тапсырылды.

Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік қызметтер көрсету барысында орын алған бірқатар бұзушылықтарды сынға алды. Бұл мәселелердің халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өткен облыс әкімі цифрлық технологиялар басқармасына қала және аудан әкімдерімен, салалық басқармалармен бірлесіп, анықталған кемшіліктердің қайталануына жол бермеу бойынша нақты шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қызметіне тоқсан сайын талдау жүргізіп, тиісті ақпаратты тұрақты түрде енгізіп отыру жүктелді.

Жиын қорытындысында өңір басшысы барлық мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауын тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өтті.