Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті
Бүгін Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингі өтті. Шараға Ұлытау облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ертай Жайназаров қатысты.
Брифинг барысында 2024 жылы атқарылған табиғатты қорғау іс-шаралары мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері талқыланды. Ертай Жайназаровтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері департамент тарапынан 19 экологиялық бақылау шарасы жүргізілді. Оның ішінде 7 профилактикалық бақылау, 9 жоспардан тыс және 3 сәйкестікке тексеру болды.
Тексерулер нәтижесінде 52 экологиялық заң бұзушылық анықталып, жауапты тұлғаларға тиісті нұсқамалар берілді. Сондай-ақ, экологиялық заңнаманы бұзған жеке және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 3,282 млрд теңге көлемінде 79 айыппұл салынды, оның 71 млн теңгесі өндірілді.
Рұқсатсыз қалдықтар мен экологиялық мониторинг
Ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыста 133 рұқсатсыз қалдық орны анықталып, оның үшеуі жергілікті билік тарапынан тазартылды. Қалған жерлерді тазалау жұмыстары наурыз айының соңында басталады.
Өндірістік экологиялық бақылау есептерін уақытында тапсырмаған 58 субъектіге 12,275 млн теңге айыппұл салынды.
Жер үсті суларының ластануы
2024 жылы облыста 16 судың ластану оқиғасы тіркелді. Осыған байланысты инспекторлық тексерулер жүргізіліп, ластану себептері анықталды. Жезқазған қаласында «Сумен және жылумен жабдықтау» АҚ-на Қара-Кеңгір өзеніне кәріз суын заңсыз ағызғаны үшін 54 млн теңге айыппұл салынды.
Экологиялық бастамалар мен жол картасы
2024 жылдың қараша айында облыс әкімдігі «Ұлытау облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі» Жол картасын бекітті. Ол 5 негізгі бағыт бойынша 48 іс-шараны қамтиды, оның ішінде 30-ы жергілікті бюджеттен, 18-і кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Ұлытау облысынан 148 мыңнан астам адам қатысып, 3000 тонна қоқыс жиналды, 13 000 дана ағаш көшеті отырғызылды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары
Департамент мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп кодексінің талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында тұрақты шаралар ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар, экологиялық бақылау нәтижелері мен мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі БАҚ арқылы ашық жарияланып отырады.
Брифинг соңында Ертай Жайназаров журналистердің сұрақтарына жауап берді.