Ұлытау облысында «Қыс-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды
Бүгін Ұлытау облысында «Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.
Оған қалалар мен аудандардың әкімдіктері, азаматтық қорғаудың облыстық аумақтық кіші жүйесінің басқару органдары мен күштері қатысады.
Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерінің қысқы кезеңде төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындығымен танысты.
Құтқарушылардың ауқымды жаттығулары Кеңгір кентінде басталды. Оған 300-ден аса адам қатысып, 60 арнайы техника жұмылдырылды.
«Іс-шараның мақсаты – апаттық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының нақты дайындығын, олардың жеке құраммен жасақталуын, апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін қажетті техникамен, арнайы жабдықтармен және құралдармен жарақтандырылуын бағалау», — деп баяндады өңір басшысына Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е.Байыров.
Б.Әбдіғалиұлы өз кезегінде тиісті бөлімшелердің басшыларына «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Ұлытау облысындағы филиалын ашу мәселесін шешуді, қысқы жолға арналған арнайы техниканы, сондай-ақ негізгі, арнайы және қосалқы техниканы жеткізуді, оны қыс мезгілінде облыстың әрбір қаласы мен ауданына бекітіп беруді тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы «Серіктес» ЖШС өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерін киім-кешекпен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, бұл мәселені «Қазақмыс» корпорациясымен пысықтауды тапсырды.
Бұдан басқа, бір ай ішінде Төтенше жағдай министрлігі біздің облысымыз үшін сатып алған 14 жаңа арнайы техника келеді деп күтілуде.
Бүгін жаттығудың «Қарлы боран кезіндегі кептеліс» және «Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу» эпизодтары көрсетілді. Құтқарушылар іс-қимыл алгоритмін 24-25 қараша аралығында екі күн бойы пысықтайтын болады.
Айта кетейік, қыс мезгілінде түрлі төтенше жағдайларды жою бойынша осындай тәжірибелік іс-шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтуде. Бұл оқу-жаттығулар ықтимал төтенше жағдайға уақтылы ден қоюға, қыс мезгілінде зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетуге дайындығын тексеруге мүмкіндік береді.