Ұлытау облысындағы трассалардың бойында байланыс болуы қажет – Берік Әбдіғалиұлы

Ұлытау облысына қарасты елдімекеннің көпшілігі байланыспен қамтылған. Алайда трассалардың бойында желілер тартылмаған. Салдарынан қыстақтар мен разъездердің тұрғындары және жолаушылардың байланысқа шығуы қиын. Облыс әкімі қыс мезгіліне дейін Ұлытау-Арқалық автомобиль жолының бойындағы телефон байланысы мәселесін шешуді тапсырды.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бұл-әсіресе ауа-райының қолайсыз уақытында трасса маңайындағы шаруа қожалық иелері мен жолаушыларға өте қажет.

Ұлытау облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ерлан Янабаевтың баяндауынша облыстағы 25 ауылдық елдімекен 4G мобильді желісімен, 19-ы 3G, алтауы 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда цифрлық технологиялар басқармасы, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, антенна-діңгек құрылыстарын орнату қажет болатын республикалық және облыстық трассалар бойындағы учаскелерді анықтады. Осыған орай, министрлік тарапынан әкімдіктерге жобалық сметалық құжаттама әзірлеу бойынша тапсырма қойылып отыр.

Өңір басшысы жобалық сметалық құжаттама дайындау барысында трассалардың бойындағы қыстақтар, шаруа қожалықтары бар елдімекендер қамтылуы толық қажет екенін ескертті.

«Басты талап – байланыс желілерінің саны емес, сапасына көңіл бөлу. Қазіргі заманда облыста мүлде байланысы жоқ елдімекен атымен болмауы керек. Сонымен қатар, Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолының бойына желі тарту барысында келесі жылы басталатын жөндеу жұмыстарынан залал келмеу жағын алдын ала ойластырыңыздар», – деді өңір басшысы өз сөзінде.