Ұлытау облысында «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы басталады
Жезқазған қаласында «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасын Ұлытау облысында іске асыруға арналған брифинг өтті.
Оған облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлы, жобаның амбассадоры А.Нұрланова мен БАҚ өкілдері қатысты.
2022 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасы басталады.
Бұл жобаның мақсаты – халықтың осал топтарының мүшелерін, оның ішінде: көпбалалы және аз қамтылған, сондай-ақ жалғызбасты, табысы төмен, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеудегі отбасыларды, жастарды өз ісін өркендету үшін жаңа дағдыларға оқыту, шағын бизнес жүргізуге ынталандыру және оларды тәлімгерлік қолдау.
Өңір басшысы ірі кәсіпорындары бар өңірлер жұмыс орындарының саны бойынша әртүрлі жағдайға тәуелді екенін атап өтті. Сондықтан, Ұлытауға табысы төмен тұрғындармен қоса, халықтың экономикалық белсенділігін дамыту үшін барлық мүмкін ресурстарды пайдалану маңызды. «Біз «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының әлеуметтік осал отбасыларға өз ісін ашу арқылы табыстарын арттыруға көмектесетін «Табысты отбасы» жобасын қолдағанын құптаймыз. Құзыретті тәлімгерлердің жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, заманауи әдістермен оқытып, сүйемелдейтіні құптарлық қадам», — деді Берік Әбдіғалиұлы.
Жобаның амбассадоры А.Нұрланованың сөзінше, «Табысты отбасы» аясында қатысушыларды сүйемелдеу, тәжірибелік тренингтер мен шеберлік сыныптары қарастырылған. Бұл ретте әр қатысушыға жеке тәсіл, қажетті құрал-жабдық алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл азаматтар үшін өз ісін сенімді бастауға, кәсіпкерліктің негіздерін сапалы зерделеуге және тұрақты табыс көздерін алуға бірегей мүмкіндік.
«Самұрық-Қазына» қорының қызметі ірі қалалар мен өңірлерді қолдаумен ғана шектелмейтіні қуантады. «Табысты отбасы» жобасы негізінен ауылда тұратын, табысы төмен отбасыларға бағытталған және бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Жобаның қарапайым құрылымы қолдаудан тыс қалған халықты қамтудың табысты кепілі болады», — деп атап көрсетті жобаның амбассадоры Айжани Нұрланова.