Ұлытау облысында шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды
Жезқазған қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында 2026 жылғы Қазақстан Республикасының шахмат чемпионатының жалауы көтерілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық дарынды шахматшы классикалық шахмат, рапид және блиц бойынша бақ сынауда. Оның 11-і Ұлытау облысының ойыншылары.

Дүбірлі дода 22 ақпанға дейін жалғасады. Чемпионаттың классикалық түрінде топ жарған ұлдар және қыздар арасындағы жеңімпаздар 2026 жылғы Қазақстан Республикасының ерлер және әйелдер арасындағы чемпионатының финалында өнер көрсетуге жолдама алады. Сонымен қатар, чемпиондар ел намысын FIDE World Junior U20 Championships 2026 турнирінде қорғайды. Әлем біріншілігі қыркүйек айында Перу астанасы Lima қаласында өтеді. Ал екінші орын иегерлері Азия чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.


Биылғы біріншіліктің жалпы жүлде қоры – 2 миллион 400 мың теңге. Классикалық шахматта І орынға – 270 000 теңге, ІІ орынға – 210 000 теңге, ІІІ орынға – 120 000 теңге табысталады. Рапид және блиц сайыстарында жүлделі орындарға сәйкесінше 150 000, 100 000 және 50 000 теңге қарастырылған.

Чемпионат 9 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылған. 16–20 ақпан аралығында 60+30 уақыт бақылауымен классикалық партиялар өтеді (әр ойыншыға 60 минут және әр жүрістен кейін 30 секунд қосылады). 21 ақпанда – рапид (10+5), ал 22 ақпанда – блиц (3+2) ойындары ойнатылады.

Ұлытау өңірінде өтіп жатқан бұл республикалық чемпионат – жастар спортының дамуына серпін беріп, дарынды шахматшылардың үлкен додаға жол ашуына мүмкіндік беретін маңызды алаң.
