Ұлытау облысында прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті

Бүгін Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Прокуратурасы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Шараға құқық қорғау саласының ардагерлері, қызметкерлері және өңір басшылығы қатысты.

Іс-шара барысында өз қызметінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында адал еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарға ведомстволық марапаттар мен Алғыс хаттар табысталды.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құқық қорғау жүйесінің қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Президентінің «Заң мен тәртіп – берік мемлекет құрудың басты қағидаты» деген ұстанымы – әрбір құқық қорғау органы қызметкеріне жүктелген маңызды міндеттің мәнін айқындайды. Сіздер әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда зор еңбек сіңіріп келесіздер. Осы жауапты қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар өзге де құқық қорғау органдарының басшылары прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, лайықты мамандарға марапаттар тапсырды.

Салтанатты рәсім концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.