Ұлытау облысында Мәкен Төрегелдиннің 100 жылдығы тойлануда

Ұлытау облысында Ұлы Отан соғысының ардагері, Жезді, Ұлытау аудандары, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Жезқазған университетінің Құрметті профессоры Мәкен Төрегелдиннің туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар ресми түрде басталды.

Осы айтулы күннің құрметіне өңірімізде «Өлке тарихының шырақшысы» атты  дөңгелек үстелі  ұйымдастырылды. Кездесуге қатысушылар Мәкен Төрегелдіұлының әскери және еңбек жетістіктерін, атақты жерлесіміздің өміріндегі даңқты сәттерін, сондай-ақ Ұлытау облысы, Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі мұражайының қалыптасу тарихын еске алды.

Сонымен қатар, Мәкен Төрегелдиннің туғанына 100 жыл толу қарсаңында тарихи-археологиялық мұражайда «Өлке тарихының шырақшысы» көрмесі ашылды. Оған Жезді тау-кен  және балқыту ісі тарихы музейінің қорынан, сондай-ақ Мәкен Төрегелдиннің жеке мұрағатынан екі жүзден астам экспонат ұсынылған.

Өздеріңізге мәлім, Мәкен Төрегелдіұлы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қолдаушысы, ұйымдастырушысы және алғашқы директоры болған.

Көшпелі көрмеге жезқазғандықтар мен қала қонақтары 10 ақпанға дейін бара алады. Экспозиция Жезқазған тарихи- археологиялық мұражайының көрме залында өтеді (Ғарышкерлер бульвары, 26).