Ұлытау облысында Автокөлік және Автожол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті

Шараға қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сала мамандарын мерекемен құттықтап, ерекше еңбегімен көзге түскен қызметкерлерге арнайы марапаттарды табыс етті.

Бірқатар мамандар «Құрметті жолшы» төсбелгісімен, ҚР Көлік министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Көлік министрінің Алғыс хатымен, сондай-ақ Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Құттықтау сөзінде өңір басшысы сала қызметкерлерінің ел экономикасы мен өңірдің өркендеуіндегі үлесін атап өтті:

«Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде жолаушылар мен жүк тасымалының үздіксіздігі қамтамасыз етіліп, автожол инфрақұрылымы жылдан жылға жаңарып келеді.
Осы орайда облысымыздағы көлік-логистикалық әлеуетті арттыру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды да атап өтпеске болмас. Әрбір салынған жол – өңір дамуының, халықтың ертеңгі күнге деген сенімінің кепілі», – деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.

Салтанатты жиын соңы жергілікті өнерпаздар мен елімізге танымал эстрада жұлдыздары Қанат Үмбетов пен Балжан Бидаштың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.