Ұлытау облысында 4150 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады
Бүгін Ұлытау облысының барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, «Мектебім – мейірім мекені» атты дәстүрлі іс-шара өтті.
Өңір басшысы Дастан Рыспеков Жезқазған қаласындағы күрделі жөндеуден өткен №8 гимназияға арнайы барып, ұстаздар қауымын, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Биыл тек осы мектептің өзінде ғана 185 бала алғаш рет 1-сыныпқа қадам басты.
– «Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Бұл – тәуелсіздіктің ең үлкен жетістігінің бірі. Мемлекет басшысы жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасы жас ұрпақты әділеттілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа және жауапкершілікке баулуды көздейді. Жаңа оқу жылы баршамызға жақсылық әкелсін! Әр шаңырақта шаттық, әр мектепте білім мен мейірім орнасын», – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында облыс бойынша барлығы 4150 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Сондай-ақ оқу жылы қарсаңында аймақта 7 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ал 2027 жылға дейінгі реновация бағдарламасы аясында өңірдегі жалпы 18 білім ошағы жаңғыртылмақ.