Ұлытау облысында 4 мектеп жабылуы мүмкін

Ұлытау облысында білім ошақтары жабылып қалудың алдында тұрған 4 ауыл бар. Басты себеп – халық санының аздығы. Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ аталған мəселені болдырмау үшін аудан əкімдеріне «Оңтүстіктен Солтүстікке ерікті қоныс аудару» бағдарламасын алдымен тұрғындар саны аз елді мекендерде жүзеге асыруды тапсырды.

Аппарат кеңесінде баяндама жасаған жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұржан Орынбаевтың айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңірге 9 отбасы көшірілген.
– Мектептерінде бала саны азайып бара жатқан ауылдарға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Бұл ретте тұрғын үй мəселесі алғашқы орында болуы тиіс. Елді мекенде бос тұрған баспана болса, сатып алып, көшіп келген отбасыларға берілсін. Одан кейін гранттар мен кəсіпкерлікті дамытуға қатысты кредиттер жəне басқа да жобалар алдымен халқы аз ауылдарда жүзеге асырылсын. Қалай болғанда да білім ошақтарының жабылып қалуына жол бермеуіміз қажет – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Жиында мəлім болғандай, облыста «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жастарды жұмыспен қамтуда Жаңаарқа ауданы мен Сəтбаев қаласында көрсеткіш төмен. Сондай-ақ, Ұлытау облысының мəдениет, тілдерді дамыту жəне архив ісі, ауыл шаруашылығы жəне жер қатынастары, кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп басқармалары Ұлттық жобалар аясында азаматтарды жұмысқа орналастыруда жоспарды тиісінше орындамағаны анықталды. Бұл ретте өңір басшысы қала, аудан əкімдіктерінің жəне басқармалардың жұмыс орындарын құру бойынша тиісті деңгейде жұмысты ұйымдастырмау себебін анықтап, ұсыныс беруді тапсырды.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.