Ұлытау облысында 2023-2024 жж. жылыту маусымына арналған іс-шаралардың жоспары әзірленді
Облыс әкімдігінде Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиында жылыту маусымының қорытындысы мен 2023-2024 жж. жылыту маусымына арналған іс-шаралардың жоспары баяндалды.
2022-2023 жж. жылыту маусымында Жезқазған ЖЭО-да екінші санатты 105 технологиялық бұзушылық орын алды, бұл өткен жылу маусымымен салыстырғанда 21 технологиялық бұзушылыққа көп. Ең көп технологиялық бұзушылық №4,7,9 қазандықтарда тіркелген.
Бүгінгі күнде қала және аудан әкімдіктерімен өткен жылу маусымы кезінде туындаған оқаулықтарды ескере отырып келесі жылу маусымына дайындық бойынша іс-шара жоспарлары әзірленді.
Жалпы келесі жылу маусымына барлық көздерден 23 млрд теңге қаражат қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 % көп.
Келесі жылу маусымын үздіксіз, сапалы өткізу мақсатында Жезқазған жылу орталығында №4,9 қазандығында және №6 турбинада күрделі жөндеу, №7 қазандықта кеңейтілген ағымдағы жөндеу және №8 қазандығының жаңғыртуын аяқтау, сонымен қатар 2 қазандық пен 4 турбинада ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнде қаражат 2.1 млрд теңге көлемінде тек қана ағымдағы жөндеу жұмыстарына қарастырылған.
Жылыту маусымына 10 орталық қазандық пен 109 автономды жылу жүйелерінің дайындығына 1,1 млрд теңге қаражат қарастырылған.
42 шақырым жылу желілерінің дайындығына 4,4 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстарына 1,7 млрд теңге, Жезқазған қаласының жылу желілерін жаңғырту 2-ші және 3-ші кезегіне 2,7 млрд теңге қарастырылған.
Жиын соңында облыс басшысы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының сапасын арттыруды, жөндеу іс-шараларына байланысты Жезқазған қаласында ыстық судың кезең-кезеңімен уақытша болмайтындығынан тұрғындарды ақпараттандыруды тапсырды.