Ұлытау облысы әкімдігінің алаңында азаматтардың банкроттық рәсімдерін ұйымдастыру мәселесі бойынша кеңес өтті

Ұлытау облысы әкімдігінің алаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Аман Бәрекеновтің төрағалығымен азаматтардың банкроттық рәсімдерін ұйымдастыру мәселесі бойынша кеңес өтті. Оған Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары А.Исенов және облыстық басқарма басшылары, екінші деңгейдегі банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары, халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары А.Исенов «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» ҚР Заңымен таныстырып, бірлесе отырып түсіндіру шараларын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Заңмен еліміздің азаматтары өздерінің банкроттығын ұйымдастыру келесі 3 түрлі тәсілмен жүзеге асыра алатындығы көрсетілген:
— соттан тыс банкроттық — берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспау керек және тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша;
— сот банкроттығы — 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша;
— төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәсілі — тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін.
Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайтығы, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ екендігі айтылды.
 Кеңес қорытындысы бойынша А.Бәрекенов Заң талаптарына сәйкес банкроттық рәсімдерден кейін азаматтарға қойылатын шектеулерге тоқталып (5 жылға несиелер мен кредиттер алу шектеуі; 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы; 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу сияқты), Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне және әкімдіктің тиісті басқарма басшыларына «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» ҚР Заңын бұқаралық ақпараттық құралдарда, әлеуметтік желілерде халықты кеңінен таныстыру жұмыстарын жүргізу керектігі туралы нақты тапсырмалар берді.