ҰЛЫТАУ: Мандат иелері іске кірісті
Ұлытау ауданында VII шақырылған аудандық мәслихаттың I сессиясы өтті. Қолданыстағы заң талабына сәйкес, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт АХМЕТОВ ашқан депутаттардың басты жиынына аудан әкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ қатысып, алдағы мерейлі міндеттерге шолу жасады. Мандат иелерін тізе қоса әрекет етуге үндеп, табысты қызмет тіледі. Ұйымдастыру шаралары өткерілгеннен кейін басқосудың төрағалық тізгінін депутат Мұрат МӘТКЕНОВ алды. Сессияда аудандық мәслихат хатшысы лауазымына халық қалаулыларының бірауыздан дауыс беруі негізінде Аманжол МЫРЗАБЕКОВ сайланды.
Алғашқы кезекте аудандық сайлау комиссиясының Ұлытау аудандық мәслихаты депутаттарының сайлау қорытындысы туралы хабарламасы жария етіліп, төраға Мақсұт Қыздарбекұлы партиялық тізімдер бойынша депутат мандатын иеленген тұлғаларға куәліктері мен төсбелгілерін табыс етті.
Одан әрі аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары белгіленіп, олардың құрамы мен төрағалары сайланды. Сұрақтарды қарастыру түйінінде бюджет пен қаржы, экономикалық реформа мен заңдылық және құқық тәртібі жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Мұрат Мәткенов сайланып, халықты әлеуметтік қорғау және әлеуметтік мәдени саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығын атқару Ахат Құрмансейітовке жүктелді. Ал ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, экология, құрылыс, байланыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы міндеті Жарқынбек Бөлендинге міндеттелді.
Сессияда сондай-ақ, аудандық мәслихатта «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясын тіркеу туралы мәселе күн тәртібіне қойылып, тиісті шешім қабылданды.
Бұдан кейін аудандық мәслихаттың кезекті ІІ сессиясының күн тәртібіне шығарылатын сауалдар мен сессияны ұйымдастыруға қатысты мәселелер қарастырылып, оларға қатысты тиянақты тұжырымдар жасалды.
Өз тілшімізден.