Ұлытау – ұлтымыздың ұясы

(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында).

Оларға айтарымыз әкелеріміздің даңқты ісін жалғастырып, солар жеңген қиындықты сендер де жеңе отырып, солардың жасағанын сақтап, өзіміздің қосқанымызды кейінгі ұрпаққа табыс етейік. Солардың көздеген, шыға алмаған биігіне шығайық, ашуға өмірлері жетпеген жаңалықты ашыңдар деймін.
Біздің әкелеріміз ұрпақтарының бақыты үшін жандарын аямай, күресті. Алайда, төңкерістен кейінгі аласапыран, асыра сілтеудің соққысы елге қатты тиді. 1932 жылы ел ішін жаппай ашаршылық жайлады. Бірақ Ұлытау өңірінің халқы алапат апаттан аман қалды. Десек те, жеке басқа табыну, қуғын-сүргін бұл жерді де қатты шарпыды. Небәрі білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, елім деп еңіреген азаматтар «халық жауы» деген жалған жаланың құрбаны болды. Құрмансейіт Баймағамбетов, Тайжан Қалмағамбетов, Қожахмет Байболов, Баттал Мәдеев, Хамзе Кәдірбеков, Әбдіманат Үкібаев, Шубай Қазанғапов, Жүнісбек Смайылов, т.б. да елдің бірқатар бетке ұстар, беделді ұлдары жаламен жазықсыз ұсталып, хабарсыз кетті. Олардың ең болмаса туған жердің топырағы да бұйырмады, ұрпақтары әкелерінің мүрдесінің қайда екенін де білмейді. Бірақ олардың қабірі жоқ болса да халқының, ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталды.
Бұл сойқан саябырлап, ел есін енді жинай бастағанда соғыс басталып, аттың ауыздықпен су ішіп, ердің етегімен су кешіп, су емес-ау қан кешетін заман туды. Ауылдың ер азаматтары ел қорғауға аттанып, ауылдың ауыртпалығы жасы асқан қарттар мен әйелдерге, әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балаларға түсті. Майданға Ұлытау өңірінен 8650-дей боздақтар аттанып, олардың көбі ел үшін, ұрпақтардың бақыты үшін құрбан болып, туған жерге қайтып оралмады. Артында аңыраған ана, шырылдаған бала, жар қызығын көре алмаған жесірлері қалды. Ұлытау топырағында туғандардың ер болмай, ез болуына қақысы жоқ. Сол бір сұрапыл соғыста осы қасиетті қара шаңырақта туған жауынгер-жазушы Баубек Бұлқышев, қазақтан шыққан алғаш әскери ұшқыш Серікбай Асатовтар өздерінің артында өшпес ерлік істерін қалдырды. Олар тек жерлестерінің ғана емес, өз халқының мақтанышы, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болып келеді. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды». Сол сұрапыл соғыстан оралмаған боздақтардың есімі ел есіне мәңгі сақталады. Осы бір қиын-қыстау кезеңде майданға кеткен ерлердің орнына тұрып ауылдың ауыртпалығын қайыспай көтеріп, әрқайсысы бірнеше адамның жұмысын атқарған аналарымыздың ерлігін қалай қалай ұмытарсың. Олар өздерінің еңбегімен жеңіске сүбелі үлестерін қосты. Біз, бүгін олардың есімдерін еске алып өткеніміз жөн. Көзі тірілердің көңілі өседі, марқұм болғандардың рухы, арамызда жүрген ұрпағы риза болсын. Сол бір сұрапыл жылдары ерлікпен еңбек еткен Рахила Достанқызы Нұрымбетқажы келіні, Қалыш Шопағұлова, Ақыш Әлменбетова, Уәзипа Байтенова, Інжу Дүйсенбаева, Шабал Балдуова, Ырқайлы Жанұзақова, Гүлназия, Әзиза Бейсекеева, Қалиман Еркінбаева, Шәбазия Есімбаева, Балқия Түскеева, Мәйміш Дәулетбекова, Сабира Қалекенова, Балтай Құлжанова, Жекен Сейтенова, Орынхан Бөкеева, Кенжекүл Әлімбекова, Әсия Мыстанова, Зейнеш Шағырова, Үміт Әбішова, Шәпен Бекмурзина, Көкен Тыныштықбаева, Базаркүл Еділбаева, Бибажар Қонысова, Қален Әбілдина, Балқия Түсікеева сияқты тағы да басқа көптеген аналарымыз бар.
Ұлытаудан аттанған боздақтардың көбі соғыстан оралмады. Ал, кем-кетік болып оралғандар ауылдағы еңбек майданының сапына тұрып, соғыстан қираған халық шаруашылығын қалпына келтіруге күш-жігерін жұмсап, еңбек етті. Кенжебек Андағұлов, Дәуренбек Үсенов, Ермағамбет Бекмағанбетов, Бексейіт Есмаханов, Мұса Есімбаев, Арғынғазы Балмағамбетов, Жәкеш Әбішов, Бекентай Сыздықов, Көпей Нұржанов, Иген Әділбеков, Хасен Достанов, Алтай Омаров, Зейнел Ыдырысов, Ыбырайке Кәрібаев, Әбдіхамит Қоңырқұлжин, Ниязғали Жөкенов, Ибәділдә Қыдырбеков т.б. әкелеріміздің ерлік істерін мақтаныш етеміз.
Сол бір ауыр жылдардың өзінде еңбегімен елін сүйсіндіргендер аз болған жоқ. Қисапсыз қиындықтар үстемдік еткен кездің өзінде Түсіпбек Меңдібаев, Тоқберген Ахметовтер жоғарғы еңбек көрсеткішіне жетіп, Социалистік Еңбек Ері атағын алса, Есмағамбет Шохатов, Золотой Бегимовтер Ленин орденімен марапатталды. Олардан кейін Бәкен Мышанов, Мыңбай Берденовтер Социалистік Еңбек Ері атағын алса, ондағы еңбек озаттары «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Олардың қатарына Құрманәлі Әбілғазин, Әбіш Сұлтанов, Зейнолла Әбілдин, Зағира Әбілдина, Қалдыбек Орынбаев, Науқанбек Шоманов, тағы басқалар бар. Олар ұлы жер Ұлытауды гүлдендіруге үлес қосқандар.
1957 жылы колхоздың орнына 6 совхоз құрылды. Олар негізінен мал шаруашылығымен шұғылданды. Ал 1976 жылы жаңадан «Терісаққан», «Урожайный» екі егін совхозы құрылып, шаруашылық ауқымы кеңейе түсті.
Ауданда басшы қызметтерге қабілетті, іскер, тәжірибелері кемелденген азаматтар болды. Олар шаруашылықты ұйымдастырудың нағыз ұйтқысы бола білді. Олар Мәжит Ахметбеков, Бөкен Нұршабаев, Ахат Райымбеков, Дүйсебек Дүйсенбаев, Әбілжан Сүлейменов, Ағайынбек Бабатаев, Шахман Асансейітов, Сабыр Қыдырманов, Сабыр Омаров, Орынбек Қазанғапов, Сейітжан Өмірбаев, Сабыржан Досанов, Рүстем Бекетов, Әбсат Омаров, Жақия Садықов, Кәдірбек Ерзақов, Әйтен Бапов, Сұлтан Үсенов, Шахмұрат Алматов, Сейдахмет Үмбетов, Қабен Уәлинов, Бөлеген Әбенов, Жақыпбек Дайыров, Жақия Смағұлов, Тай Ерденов, Байғара Тұрсынбаевтардың есімдерін ерекше атап өтуге болады.
1920 жылдары аудан көлемінде небәрі 20 мыңдай қой, ешкі, 6 мыңнан сәл асатын ірі қара, мыңнан асатын жылқы болса, 1980 жылдардың аяғында 1990 жылдың басында 252431 қой, 8595 ірі қара, 4497 жылқы болды. Аудан алғашқы құрылғанда 1711 гектар жерге егін салса, 1990 жылы 59300 гектар жерге дәнді дақыл, 72 гектарға бау-бақша егіп, барлық егістен айтарлықтай мол өнім алды. Өгіздің орнын алып тракторлар, ат орнына автомашиналар, қолорақты қуатты комбайндар алмастырды. Жұмыстың бәрі техника күшімен атқарылды. Ғасырлар бойы май шамның жарығында отырған елге электр жарығы берілді. Кеңшар, ферма, бригада орталықтарын былай қойғанда шопан-малшылар қыстақтарына дейін жоғары кернеулі электр жүйесі тартылды. Ферма орталықтарында рация, кеңшар орталықтарында отырып кез-келген жермен телефон арқылы байланыса беретін болды. Бұл техникалық процестің шарықтау шегіне жеткен кезең болды. Бұрынғы күс табан кедейлердің қара лашықтарының орнында сәнді үйлер сап түзеді.
Халыққа мәдени, денсаулық қызметін көрсету қалтқысыз жүргізілді. Кеңшарда мәдениет үйі, кітап қоры мол кітапханалар, моншалар болса, бұлардың ферма орталықтарында бөлімшелері болды. Әр шаруашылықта орта мектептер болса, фермаларда бастауыш мектептер жас ұрпаққа білім беріп тәрбиеледі. Аудан мектептерінде «Еңбек Қызыл Ту» орденді Ғайнура Еришова, Соня Усманова, «Құрмет белгісі» орденді Түркен Оспанова, СССР және Қазақ ССР-інің оқу ісінің озаттары, елге еңбегі сіңген Барақбай Ерғалиев, Күлән Сатаева, Мәрия Қожақбаева, Далапыраз Жүнісова, Сара Оңдыбаева, Гүлнәр Бегаева, Айман Шагирова, Күлпан Нұрғалиева, Тұрсын Қаленова, Зекен Бердалина, Ілияс Байжақанов, Зәлипа Шошақова, Дулат Әбуов, Гүлбаршын Қарабаева, Есен Қаратаева, Нұргүл Кариева, Рүстем Бөрібаев, Жеңіс Жүндібаева, Досым Дүтбаев, Күләш Ақтаукенова, Жеңіскүл Сейтжанова, тағы басқа ұстаздар жас ұрпақ тәрбиелеуде жемісті еңбек етті. Халыққа денсаулық қызметін көрсетуде Оразалы Бегаев, Төрегелді Шарманов, Тайшы Әбдіразақов, Қаражігіт Әбдірахманов, Жамал Бекмағанбетова, т.б. білікті мамандар болды. Әсіресе, бұл салада О.Бегаевтың еңбегін айрықша атап өткен жөн. Ол кісі сол кездегі аудандағы дәрігерлердің ұстазы болды десек артық айтқандық болмас.
Сонау бір кезде ғалым, академик деген сөздерден хабары жоқ Ұлытаудан 20-дан астам белгілі ғалым, академик, өнер қайраткері өсіп шықты. Айтмұқан Абдуллин, Өмірхан Байқоңыров, Әбдіш Ерғалиев, Қоңыратбек Құрманбаев, Мұқанбетжан Қаратаев, Ғабдолла Мейрамов, Төрегелді Шарманов, жазушы Мұқан Иманжанов, Камал Смайылов сияқты тағы да басқа дарынды азаматтар шықты.
Ұлытаудың ұлылығын елге танытуда Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбегі зор. Ұлытау жерінің астында ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай жатқан қазынаны ашып, ел игілігіне айналдырды. Бұл өңірде Қаныш аспаған асу, баспаған жер, ұстамаған тасы жоқ. Табиғи-тарихи мұраларды зерттеуде Әлкей Марғұлан ерекше еңбек етті. Сондай-ақ, атақты ақынжазушылыр І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Қ.Бекхожин, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Мауленов, Ғ.Қайырбеков, К.Салықов, А.Сейдімбетов, Қ.Ахметов өздерінің шығармашылық еңбектерінде Ұлытаудың атағын асқақтатуға арналған туындылар жазды.
Сонау қиын кезеңде қиюы қашқан істің қисынын тауып қиюластырып, елді еңбекке жұмылдырып, табысқа талпындырған басшылар аттарын құрметпен атап өтуге тиіспіз. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған А.Нұманов, Ж.Сүлейменов, Қ.Елеусізов, Т.Қашқынбаев, Т.Ысқақов, С.Рахымбеков, М.Абақанов, Ж.Шайдаров, С.Дүйсебеков, С.Тілеубаев, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалары болып, Ә.Рахымбеков, Ы.Ержанов, Қ.Нұрмағамбетов, Ә.Сәтқожинов, Ш.Қолдасбаев, М.Жұмажанов, Т.Түлкібаев, К.Өтеев, Ә.Қоңырқұлжинов, С.Досанов, С.Спанов, С.Обайдуллин, Ш.Асансейітов қызмет істеп, ауданды көркейтуге үлестерін қосты.
Аудандық кеңес атқару комитеті аудандық мәслихат болып құрылғанда Мұрат Сәулембеков, одан кейін Талғат Сейітжанов аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланды.
Еліміз егемендік алып, қоғамды қайта құру кезінде бұрынғы партия комитетінің бірінші хатшысының орнын әкім басты. Осы кезде ауданның алғашқы әкімі болып Серік Тілеубаев тағайындалды. Ол сегіз жылдай басқарды. 1999 жылы аудан әкімі болып Баттал Мұқышұлы келді. 2006 жылы аудан әкімі болып келген Рысқали Әбдікеров бір жарым жылдай қызмет істеп, басқа жаққа ауысуына байланысты 2007 жылы аудан әкімі болып Жаңбырбай Дәрібаев, кейін Берік Әбдіғалиұлы, Әнуар Омар, Хамит Омаровтар ел басқарды.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

(Жалғасы бар).