Ұлытау – ұлтымның бесігі

Ұлытау – Арқа төсінің əдемі де көркем жері, ұлтымыздың бесігі. Аймақ өзінің тарихи құндылықтары мен асыл қазыналары арқылы, əсіресе көрікті табиғатымен ерекшеленеді. Біздің Ұлытау туралы сонау грек тарихшысы болған Гередоттың шежірелерінде, одан бергі тарихшы – ғалымдар еңбегінде көптеп ұшырасатындығы да бізге мəлім.

Көне жазбаларда көрсетілгендей, алты алаш баласының Ұлытау жерінде бас қосып қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалағандығы да тарихи шындық. Қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен хандық, билік институтының алтын бесігі атанған Ұлытау аймағының тарихи мəн-маңызының жоғарылылығы да осында болса керек.

Академик Қаныш Сəтбаев Ұлытау тарихы туралы былай деп жазған: «Жезқазған өңіріне қазақтардың біршама орнығуы ХV ғасырға жатады. Ұлытаудың қазақтың ерте замандағы саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дəлел – қазақ ұлысының негізін құраған басты-басты тайпалардың бəрінің жерінің осы Ұлытауда орын тебуі. Жезқазған-Ұлытау өңірінде қазақ ұлысын құрайтын үш орданың бəрінің қонысы болғандығы».

Демек бұл тарихи кезең Алтын Орда қағанатының ыдырап, қазақ мемлекеттілігінің бөлек енші алған мерзімімен тұспатұс келіп отыр. Тағы да Сəтбаев жазбаларына үңілсеңіз Ұлытаудың батысымен ағатын Жетіқыз өзенінің бойындағы Алтын шоқы аталатын шағын шың төбе жайлы тарихи əңгіменің куəсі боласыз. Міне, осы таудың беткейінде жалпақ тегіс тас плита болған. Алтын Орданы алуға бара жатқан Темір 1391 жылдың 28 сəуірінде Ұлытау маңында бірнеше күн аялдап шеп құрып орналасқан. Сонда Темір Ұлытау тауының басына шығып көз жетпейтін көкорай шалғынға бөленген жазықты көріп, сол далаға сүйсініп шаттана сөйлеген. Сөйтіп əлгі тасқа өзі туралы жаздырған екен дейді. Оны кейіннен Ленинград ғалымдары ажыратып оқығанда мынандай сөздер жазылыпты: «…793 қой жылы (біздердің жыл санауымыз бойынша 1391 жыл) елге Тоқтамыс ханға қарсы жорық жасаған Тоқымақ (Ақсақ темір) келді. Осы жерге оба көтерілді. Адамның баршасы мені ұмытпай аят оқысын» делінген. Осы тарихи маңызға ие қымбат тасты 1936 жылы эрмитаж директоры академик Орбели арнайы адам жіберіп Ленинградқа алдырған. Ол күні бүгінге дейін сол мұражай қорында сақтаулы.

Иə, кезінде елімізге Түркістанның алып қазаны қайтарылғандығы бізге мəлім. Ол үлкен тарихи күн болғандығы да есімізде. Ендігі кезек осынау тарихи мəн-маңызға ие осы тасты өз Отанына (Ұлытауына) қайтарса, ел тарихы үшін де маңызды іс болар еді деген ой түйесіз бұдан.

Академик Қ.Сəтбаев «Жезқазған аумағындағы көне ескерткіштер» атты мақаласында: «Сарысу өзенінің бойындағы Табалынұр тоғайының Тасбұлақ деген бастауында (бұлақта) жартас бар сол жартасқа қазақ халық құрамына кіретін барша рулардың рулық белгілері түгелдей дерлік қашалған. Ал халық аңызы бойынша нақ осы жердегі қайнар басында түрлі рулардың қазақ атты жаңа ұлысты құру мақсатындығы алғашқы құрылтай кеңесі өтіп, оның шешімін жартасқа кеңеске қатысқан барлық рулардың таңбаларын түсіру арқылы белгілеген» деп жазады. Бір сəтке тарихи деректерге зер сала қарасаңыз қазақтардың басын біріктірген Тəукені осы Ұлытау баурайында ақ киізге отырғызып хан көтерген. Ал Абылай ханның жаз жайлауы да осы жерде болған. Қазақтың соңғы ханы – Кенесарының қаншама іздері де біздің Ұлытауда сайрап жатыр.

Тарихтың сан алуан беттерін ақтарып, дерек көздеріне сүйенсек Шоқан Уəлиханов та (жас кезінде) орыс ғалымы Шергинмен келіп Алашахан кесенесі туралы тұңғыш қалам тартқан. Ал одан соңғы деректерге үңілсеңіз ең басты оқиғалар, атақты адамдар Ұлытау аймағын айналып өте алмаған. Айталық Аманкелді Иманов сарбаздарының іздері түскен, Жыланшық өзенінің жағасымен тұңғыш қазақ комиссары Əліби Жанкелдин жүріп өткен. Қаныш Сəтбаев та талай жылдарын жер қазбаларын зерттеп осы өңірде өткізген. Қаныш ағамыздың мемлекеттік сыйлық алған еңбектері де біздің Ұлытау-Жезқазған өңірінің қазына байлықтарына арналған. Атақты ғұлама Əлкей Марғұлан да Ұлытау өңіріне археологиялық экспедициясымен келіп, талай жерді қазбалап, үнсіз жатқан құпия сырларын ашқан. Айтып, жазып тізе берсе мүлдем көп-ақ…

Атақты Ақселеу Сейдімбеков ағамыз өзінің «Күңгір-күңгір күмбездер» атты кітабында былай деп көрсетеді: «Қасиетті Ұлытау төңірегінен Сарысу, Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері ағады. Тарихи ескерткіш нұсқалары да алдымен осы өзен сағаларында көп» дей келе олардың неден, қалай салынғандығын баяндай бастайды.

«…Арнайы тексеру жасап, мазарлар кірпішінің құрамында 5 пайыз органикалық заттың бары анықталады. Мұның өзі ел ауызында жүрген жылқы сүтіне иленген кірпіш туралы аңыздың шындық екендігін əйгілеп тұр. Бұған таңданыспен қарауға да болмас, ХІІІ ғасырда бір автор былай деп жазған екен: «Қыпшақтар малға өте бай түйесі, өгізі, қойы, сиыры, жылқысы көп. Олар да жүк артатын малдың көпшілігі сонша біздің ойымызша ондай мал бүкіл дүние жүзінде жоқ шығар».

Ал Жошыхан мазары салынған заманда (1228-1255 жылдары) тіптен одан да көп бұрын бұл төңіректің халқы кірпіш күйдіруді, түрлі, керамикалық бұйымдар жасауды, сапалы бояу түрлерін əзірлеуді геометриялық дəлдікпен жəне алдын ала əзірленген жобамен қалауды жете меңгерген. Оны ескерткіштердің өзі-ақ көрсетіп тұр. Кейінгі кезеңде олардың маңында соңғы кезге дейін күйдіру пештерінің ізі, балқыған түрлі қосындылар, түрлі-түсті шыны қалдықтарының болғандығының куəсі де болғанбыз.

Сол сияқты, Ақселеу ағамыз бұл кітабында Алашахан, Жошыхан мазарларын Домбауыл кешенін көрсете отырып Ұлытау аймағындағы Басқамыр, Аяққамыр, Ерден мазары, Киікбай тамы, Ақмешіт əулие белгісі, Болған ана, Қайып ата тəрізді тарихи мəн-маңызы мұралық қадір-қасиетке толы көптеген ескерткіш белгілерді сараптап көрсете білген.

Бұл шағын жазбада Ұлытаудың барлық сырын бірден ашып беру мүлдем мүмкін емес. Менің тілге тиек етіп, оқырманға ұсынып отырғаным академик Қ.Сəтбаев еңбектерінен, Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың жазбалары мен ауызша айтқандарынан (Ұлытауға жолы түскенде жанында көбірек жүретінмін) Алматыда жоғары оқу орнында дəріс берген жерлес ұстазым Камал ағамыздан (Смайлов) естіген-білгендерімді, қағазға түсіргендерімді шым-шымдап көзі қарақты оқырманға қаз-қалпында жеткізу еді.

Р.S. Жарықтық Камағам (Камал Смайлов) Ұлытау елі, Ұлытау жері туралы əңгіме қозғағанда шабыттанып нақты дерек-дəйектермен сөйлегенде ұйып тыңдайтынбыз. Өзімді жерлесі есебінде өзгелерден бөлек іш тартып жүретін. Бірде Камал ағаға «Ұлытау ұмыт қалмасын» атты сын мақаламды көрсеттім. Көлемі үлкен басылымдардың бір бетін толық алатындай дүние еді. «Көлемді екен, оқып танысайын» деп үйіне алып кетті. Екі күн өткен соң лекцияның соңынан алып қалып, «материалың жақсы, Ұлытау туралы өзекті мəселелерді көтере білгенсің, əйтсе де, есіңде болсын ашуға беріліп қаттырақ кеткенің көрініп тұр» деді де, «мына жерлерін жұмсартқаның дұрыс болады, ойлан», – деп астын сызып екі-үш жерді нұсқады. Аз ғана мерзімде мақала орталық басылым бетінде жарқ ете қалды. Сол кездегі Камағаның айтқан сөздері күні бүгінгідей есімде: «Байқа мұндай мақала биліктілерге ұнай қоймайды» – деген болатын. Ақыры солай болды да… Ащы шындық биліктігілерге біршама дүрбелең туғызды. Нəтижесінде сыннан қорытынды жасау барысындағы жұмыстар басталып та кетті. Ол кез партиялық басылым бетіне жарияланған сын материалдардан қорытынды жасалып, басылым бетінде жариялатып уақыт еді ғой. Солай болды да. Жасыратыны жоқ орталық газет басшылығына телефон шалып, мақаланы бастыруға себепші болған да Камағаң болатын. Марқұм елі десе елжіреп тұратын жан еді-ау.

Елтынды ДҮЙСЕНБАЕВ,

 ақпарат саласының ардагері.