«Ұлытау білімі: талдау, әрекет, жоспар» тақырыбындағы облыстық кеңес өтті
Республикалық тамыз кеңесі аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлназ СҮЛЕЙМЕНОВА және Ұлытау облысы әкімінің аппарат жетекшісі Абзал ЖАЙЛЫБАЕВТЫҢ төрағалығымен «Ұлытау білімі: талдау, әрекет, жоспар» тақырыбындағы облыстық кеңес өтті.
Кеңесте білім саласын дамытудың жай-күйі, стратегиялық мақсаттар, бала құқығын қорғау мәселелері талқыланды.
Гүлназ Сүлейменова «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында баяндама жасап, білім саласын дамытуға және балалар құқығын қорғауға бағытталған стратегиялық міндеттерге тоқталып өтті.
Ұлытау облысының білім саласындағы өзгерістер мен жаңа оқу жылындағы атқарылатын жұмыстар туралы «Ұлытау білімі: талдау, әрекет, жоспар» тақырыбында Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Тулекова баяндады.
Сондай-ақ, «Qazbilim GROUP» компаниясының басқарма төрағасы, шебер-педагог, PhD химик Ахметжан Аятжан «Дарынды ұрпақ – ұлт қуаты» тақырыбында, «Өрлеу» біліктілік арттырудың ұлттық орталығы Ұлытау облысы бойынша өкілдігінің оқу ісі жөніндегі бас маманы Мамбетбаева Мадина «Білім сапасын көтеруде педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға үздіксіз қолдау көрсету» тақырыбында, Ұлытау облысы бойынша бала құқығын қорғау уәкілі Гүлмира Жаппасова «Бақытты бала – бақытты ел» тақырыбында, Ұлытау облысы полиция департаментінің ЖПҚБ бастығының орынбасары Ерғали Қожабеков «Жасөспірім және заң» тақырыбында, Ustudy тестілеу орталығының директоры Самат Жолканов білім алушылардың да, педагогтердің де білімін бағалау жұмысын жетілдіру бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар, үздік педагогтерге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары тапсырылды.
Кеңес соңында Ұлытау облысы әкімінің аппарат жетекшісі Абзал Жайлыбаев білім ұйымдарының басшыларына бірқатар тапсырма берді.