Ұлытау ауданының әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ аудан тұрғындарына ҮНДЕУІ

Қымбатты жерлестер!

Бүкіл әлем халқын әбігерге түсірген коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпегені белгілі. Оның алғашқы толқыны халыққа аса ауыр тиіп, елдің әр аумағында жақындарынан айрылып қалған  қалың қауымның жаны күйзелгені де жақсы мәлім.

Қатерлі дерттің таралуына тосқауыл қою мақсатында енгізілген қатаң режимдегі шектеу шаралары қалыптасқан ахуалдың айтарлықтай жақсаруына дәнекерлік етті. Десек те, жайбарақаттыққа салынудың салдары сан соқтыруы әбден мүмкін. Мұны ірі мегаполистер – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы, сондай-ақ, республиканың жекелеген аймақтарындағы қазіргі ахуал айғақтайды. Инфекция жұқтыру деңгейі облыстың орташа көрсеткішінен асып кеткен Қарағанды облысындағы жекелеген қалалар мен аудандарда 20 наурыздан бастап, қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Демек, індет қатері әлі де зор.

Осыны ескере отырып, әрқайсыңызды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Мұндай жағдайда адамның өзін-өзі оқшаулауы, санитарлық талаптарды мүлтіксіз басшылыққа алуы – маңызды. Сол арқылы әркім өзінің жеке басын ғана емес, отбасы мүшелерін де індет жұқтыру қаупінен алшақтатады. «Жақыныңа жанашыр бол!» деген сөздің мәні – осында!

Бұдан тысқары, ас беруден, той-томалақ және басқа да отбасылық рәсімдерді өткізуді шегеру – басты қажеттілік. Ал әлдекім жасырын түрде ұйымдастыратын басқосуларға шақырған жағдайда, оған барудан бас тарту – азаматтық парыз ретінде қабылдануы тиіс. Себебі, оның соңы орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін.

«Сақтанғанды – сақтайды» деген сөздің бекер айтылмағаны анық. Сондықтан баршаға ортақ талапқа ден қойып, оларды мүлтіксіз сақтауға мүдделі болайық, ағайын!

Ел аман, жұрт тыныш болсын!