ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ – ҰЛТТЫҚ СПОРТ

Ұлытауда қарқынды дамуда

Газетіміздің өткен санында аудан көлемінде ұлттық спорт түрлерін дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтқан болатынбыз. Сондай бір шара өткен аптада Алғабас ауылында да болып өтті

Ұлттық спорт, оның ішінде ұлттық ат спортын дамытуда Алғабас ауылында да айшықты шаралар қолға алынып жатыр. Осыдан үш-төрт жыл бұрын мұнда көкпардан ауылдар арасындағы біріншілік те өткен болатын. Оған Алғабаспен қоңсылас жатқан Егінді, Қаракеңгір ауылының да көкпаршылары келіп, бақтарын сынаған еді…

Алғабастағы аламан

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, соңғы кездері ауылда ат спортынан түрлі жарыстар өткізу дəстүрге айналды. Көктем шығып, жер аяғы кеңісімен ауыл жастары іргелес жатқан өңірлерге хабар айтып, аламан бəйге өткізіп келеді. Даланы дүбірге бөлеген осы думанда қыз қуу, теңге алу, аударыспақ сияқты ұлттық ат спортына да кеңінен орын беріледі.

Міне, биыл да осы жақсы дəстүр өзінің жарқын жалғасын тапты. Өткен аптада Алғабас ауылында «Туған жер – тұғырым» атты дала ойындары өтті. Шараға ауыл əкімі Əшімбек Мұқышев, аудандық мəслихат депутаты Əбдəлі Уалинов ауылдың еңбек ардагерлері қатысып, жылы лебіздерін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі

– «Іргесі берік елді жау ала алмас, ауызы бір елді дау ала алмас» дейді дана халқымыз. Берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз толымды істеріміздің ұйытқысы бола берсін, – деді ауыл əкімі өз сөзінде.

Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен өткізілген спорттық іс-шарада «Аламан бəйге», «Құнан бəйге», «Таяқ тарту», «Жаяу жарыс», «Арқан тарту», «Өгіз көтеру» секілді сайыстар өткізілді. Оған іргелес жатқан Жезқазған, Сəтбаев қалаларынан сонымен қатар Шеңбер, Ұлытау, Қаракеңгір, Егінді ауылдарынан жалпы саны 300-ге жуық азаматтар қатысты. Іс-шараны ауыл жастары бастап, шаруа қожалықтары мен ауыл азаматтары қолдап, қаржылай жəне төрт-түлік түрінде демеушілік жасады.

Ауыл іргесіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алыстан келген меймандарға қонағасы берілді. Əуелетіп əн шырқалды. Мерекенің əрін келтірген концерттік бағдарламаны Алғабас клуб үйі ұйымдастырды.

Бəйге аттарын жібермес бұрын ауылдың батагөй ақсақалы Е.Шубаев шабандоздарға бата беріп, ақжол тіледі. Бұдан соң 10 шақырым қашықтыққа құнандар шауып, думанды қыздырды. Олардан кейін 25 шақырымдық аламан бəйге өтті. Ат жарысы десе ішкен асын жерге қоятын қазақ даланы айғай-сүреңге бөктірді. Қиқудан қанат біткен жүйріктер де барын сала шауып дала төсін дүбірге бөледі.

Бəйгеден кейін əр аймақтан жиналған білектілер мен жүректілер өзара сайысқа түсті. Бірі турникке тартылып жатса, енді бірі өгіз көтеріп елді сүйсіндірді. Топ-топқа бөлініп арқан тартысқандар да, отыра қалып таяқ тартысқандар да спорт мерекесінің сəні мен мəнін келтірді. 5 шақырым қашықтыққа жаяу жарысқан желаяқтардың жарысы да өз жанкүйерлерінің делебесін қоздырды.

Күн сəскеден ауа спорт додасы да мəреге жетті. Нəтижесінде Шеңбер ауылынан келген азамат – Асылмұрат Бірімжан турникке тартылудан шеберлік көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алса, сəтбаевтық Ержан Жүсіпов екінші орынды, Мырзабек Мақсұт (Алғабас ауылы) үшінші орынды иеленді.

Алғабастық азамат Асқар Əбдіхамит таяқ тартуда ауыл намысын абыроймен қорғаса, өгіз көтеруде Бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал жаяу жарыста бірінші орын шеңберлік желаяқтың еншісінде кетті. Арқан тартыста Қаракеңгір командасы ешкімге дес бермеді.

Құнан бəйгеде Егінді ауылының аты (Құрманғали Алмаганбетов) мəре сызығын бірінші болып кессе, Алғабастың үш құнаны құйрық тістесе келіп қалған үш орынды өзара бөлісті. (Əмірхан Уалинов ІІ, Ербол Ташетов ІІІ, Алмас Құлмағанбетов ІV

Ал, Аламанда Қаракеңгір ауылынан келген Қанат Ақмырзаевтың жүйрігі алдына қара салмады. Екінші, үшінші орындарды Егінді ауылының екі аты (Досым Баймұханов ІІ, Кеңгірбай Шубаев ІІІ) орындарды иемденсе, төртінші орынды Ербол Ташетовтың тұлпары, бесінші орында қаракеңгірлік Айдар Арынғазинның аты ие болды.

Жүлделі орындарға ие болған барлық қатысушыларға қаржылай сертификаттар мен арнайы дипломдар табысталды.

Ұлылығымыздың белгісі болған ұлттық спорт Ұлытау ауданында осылайша қарқынды дамып жатыр. Бір-бірімен жалғасқан тартысты додалар алдағы уақытта ауданның өзге ауылдарында жалауын көтеретін болады. Бүгінгі күні мұндай дүбірдің дауысы Сарысу ауылы мен шежірелі Шеңбер жағынан шығып жатыр. Іске сəт дейміз ұйымдастырушыларға.

 

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ