ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ – ҰЛТТЫҚ СПОРТ Ұлытауда қарқынды дамуда

Кез-келген істің өркендеп, қанат жаюы үшін ең əуелі сол істі дұрыстап насихаттау қажет. Ал, насихаттың ең тиімді жолы – іспен көрсету. Яғни, қолға алған ісіңді елге таныту үшін азғантай болса да іс-шаралар ұйымдастырып, оны елге кең көлемде тарата алсаң, ісің оңға басты дей бер…Спорт та да солай.

Белгілі бір спорт түрін биікке көтергің келсе, байрақты бəсеке жасау міндет емес. Ауыл-ел арасында азғантай жарыс ұйымдастырсаң жетіп жатыр. Келесі жолы сол спортқа деген ықылас пен ынта артады. Оны Ұлытау өңірінде өткізіліп жатқан ұлттық спорт жарыстарының жылдан-жылға қарқын ала түсуінен аңғаруға болады. Əуелде əр ауылда «баланың ермегі» сияқты басталған көкпар, ат бəйгелері, балуандар күресі бүгінде бұқаралық сипат ала бастады.

Сарысудағы спорт додасы

Соның бір айқын айғағы ретінде өткен аптада Сарысу ауылында болған ұлттық спорт ойындарын айтуға болады. Ұлттық спорт пен бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен жылы бұл ауылда ат спортынан дүбірлі дода өткенін көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаған шығар. Сол жақсы іс биыл да өзінің жарқын жалғасын тапты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мəселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты əрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» – деп атап өткен еді. Міне, Президенттің осы тапсырмасын жүзеге асыру бағытында аймағымызда ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Соңғы жылдары Ұлытау өңірінде ұлттық ат спорты ойындарынан жарыстар өткізу дəстүрге айналды. Жəне, бұл эстафета сияқты ауылдан ауылға өтіп, жалғасып жатыр. Биыл да сондай жақсы дəстүр жалғасын тапты. Оны біздің Сарысу ауылының жастары да қолдап əкетті. Биыл ауылымызда екінші рет дүбірлі дода өтіп отыр, – дейді бізбен əңгімесінда ауыл əкімі Сəтжан Құрманбаев.

Айтса айтқанындай, өткен жылдың наурыз айының соңын ала Сарысуда ұлттық спортты ұлықтаған дүбірлі дода өтті. Оған əрісі Қарағанды, берісі Жезқазған, Сəтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарынан аузымен құс тістеген жүйрік аттар мен «мен» деген мықты спортшылар келіп қатысқан еді. Биыл да сондай үлкен спорт жарысы өтті ауылда. Əдеттегідей тай, құнан жарыстары мен аламан бəйге, қазақ күресі, кір тасын көтеру, арқан тартыс сынды спорт түрлерінен бақ сынасты қатысушылар.

– Спорттың бұқаралық сипат алуын оның түрлерінің артуынан да байқауға болады. Биылғы жылы өңірімізде өткен жарыстарда таяқ тартысы, жаяу жарыс сияқты бəсекелер де болды. Бұл сайысты біз де ұйымдастырдық. Бізде өткен доданың тағы бір ерекшелігі əйелдер арасында арқан тартысудың болуы. Бұл да бір жаңалық. Жалпы, халқымызда «Əйел күресі» деген де болған ғой. Соның жаңаша бір сипаты деп қабылдадық мұны. Сол үшін де арқан тартысып, күш сынасамыз деген бұрымдыларды беттен қақпай, қайта белін будық, – дейді Сəтжан Құрманбаев

Хоош. Сонымен Сарысу ауылында дəстүрлі ұлттық спорт додасы тағы дүркіреп өтті. Оны ауыл əкімі Сəтжан Құрманбаев ашып, қатысушыларға сəттілік тіледі. Ауылдағы ақсақалдар Кез-келген істің өркендеп, қанат жаюы үшін ең əуелі сол істі дұрыстап насихаттау қажет. Ал, насихаттың ең тиімді жолы – іспен көрсету. Яғни, қолға алған ісіңді елге таныту үшін азғантай болса да іс-шаралар ұйымдастырып, оны елге кең көлемде тарата алсаң, ісің оңға басты дей бер… Салт-дəстүрімізді дəріптейік! кеңесінің төрағасы Жамсап Əшенов сөз сөйлеп, батасын берді.

– Əрбір ұлттың салтдəстүрімен бірге жасасып келе жатқан құндылықтары болады. Сондай құндылықтардың бірі – ұлттық спорт. Бесіктен белі шыққан баласының өзі асық атуға асығатын елдің ұлттық спортқа деген ептілігі қанына сіңген деп айтуға болады. Көне тарих беттеріне көз жіберсеңіз, халқымыздың жігерін жанып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятатын спорттық ойындардың көптеген түрлеріне кезігеріңіз анық. Міне, сол ұлттық спортты бүгінгі ұрпақ жап-жақсы дамытып жатыр. Соған шүкіршілік етеміз. Алла қашанда жолдарыңды оңғарсын, жүйріктер шаң қаппасын, білектілердің белі қайыспасын, Əумин, – деп ақ жол тіледі Жамсап ақсақал.

… Сарысуда өткен спорт додасы алыс-жақыннан жиналған жанкүйерлерді бей-жай қалдырмады. Спорт десе, əсіресе ұлттық спорт, оның ішінде ат спорты десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Сарысуда бəйге болады дегенді естіп əрісі Ақтүбектен, берісі Түгіскен мен Ералиев ауылынан жүйріктерін əкеп, бағын сынағандар да болды. Тіпті, 56 разъезден келген шабандозды көргенде «жалғыз атым болса да бəйгеден келсін» деген қазақы қасиетті айқын сезіндік.

Əрине, жүйріктен жүйрік озады жарысқанда. Бұл жолы тай жарысының қай бəйгесін болмасын Сарысу ауылының жүйріктері ешкімге бермеді. Жүлделі бес орын да ауылда қалды.

Ал, құнан жарыста Түгіскен ауылынан келген «Айкөркем» атты жүйрік алдына қара салмаса, Сарысу ауылының «Қаратау» жүйрігі мəре сызығын екінші болып кесті. Үшінші орынды 56 разъезден келген «Айшырақ» атты ат алды. Қалған екі орынды Ақтүбектің «Нарқасқасы» мен Ералиевтің «Шиқасқасы» өзара бөлісті.

Аламан бəйгеде де бес атқа жүлде берілді. І орынды 56 разъезден келген «Ханкүрең», ІІ орынды Ақтүбектің «Ақмаңдайы» алды.

Додаға келгендердің делебесін қоздырған жарыс əйелдер арасындағы арқан тартыс болды. Топ-топқа бөлінген бұрымдылар ер азаматтан кем күш пен қайрат көрсеткен жоқ. Нəтижесінде Сарысу ауылының «Сүйінбай» көшесінен құралған қыз-келіншектер командасы бірінші орынды қанжығаларына байласа, екінші орынды ауылдық Мəдениет үйінің қыз-келіншектері иеленді.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, биылғы додадағы ерекше жарыстың бірі жаяу жарыс болды. Бұған да облысымыздың əр аймағынан желаяқтар келіп қатысып, бақтарын сынады. Мəселен, Шеңбер ауылынан келген желаяқ Асылмұрат Бірімжан мəре сызығынан бірінші болып өтсе, Қызылжардан келген жүйрік жігіт Наурызбек Аманбай ІІ екінші орынды, алғабастық Сағдат Серікжан ІІІ орынды иемденді.

Биылғы бəсекеде елді елең еткізген тағы бір жарыс – қазақ күресі болды. Оны «елең еткізген» деп екшеп айтып отырған да себебіміз бар. Өйткені бұл додаға биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толып отырған Сарысу ауылының 1985 жылғы азаматтары демеушілік жасады. Олар ауыл балалары арасында «Қазақша күрес» жəне ересектер арасында «Түйе палуан» өткізді. 24, 35 жəне 55 келі салмақ дəрежелері арасында бағы жанған балғын балуандарға І жəне ІІ орындар мен екі ІІІ орындар тағайындалды. Нəтижесінде ағайынды Санжар мен Мейіржан Шырымбек өз салмақ дəрежелерінде І орынды иемденсе, өз салмақ дəрежесі бойынша белдескен Елдос Назымбектің де жауырыны жерге тимеді.

Ал, ересектер арасында Айдын Шахымның бəсі бəрінен басым түсіп, ауылдың «Түйе палуаны» атанды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ