«Ұлы тағзымның» кезекті жетістігі
Жуырда Түркияның Стамбул қаласында ЮНЕСКО-ИЧКАП ұйымының ұйытқы болуымен «Жібек жолы» бағдарламасына байланысты мәселелер қарастырылған халықаралық деңгейдегі конференция өтті. Ауқымды басқосуда Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің ұлттық фестивальдарға қатысты ұсыныстары қаралып, іріктеуден өткендерін «Жібек жолы» бағдарламасына қабылдау жұмысы жүргізілді.
Орайлы сәтте, былтырғы жылы өткен дәл осындай мазмұндағы жиында аталған бағдарламаға Қазақстаннан «Қымыз» мерекесі этнофестивалі қабылданғанын айта кеткен жөн. Биылғы конференция барысында ұлытаулық өлкетанушы, «Көкмайса» қымыз мерекесінің авторы және тікелей ұйымдастырушысы Бақтияр Қожахметов тың ұсыныспен баяндама жасады. Баяндаманың мән-мағынасы мен түпкі межесі – қазақстандық «Қымыз» мерекесін ЮНЕСКО-ның қатысуымен өткізілетін Дүниежүзілік деңгейдегі фестивальға айналдыру. Оның негіздемесі – жылқы мәдениетінің Еуразия кеңістігін мекендейтін көптеген ұлттар мен ұлыстарға тікелей қатысты болуы. Бұдан тысқары, бұл мереке – түрлі халықтар мен алуан сипатты мәдениеттердің рухани тұрғыда өзара жақындасуына айтарлықтай септігін тигізетін іргелі шара.
Жиынға қатысушы танымал тұлғалар Бақтияр Сапарбекұлының тың бастама-ұсынысын бірауыздан оң қабылдап, қолдау пікірлерін білдірді. Тиісінше, конференцияның қорытынды қарарында ИЧКАП-тың атынан Қазақстан Республикасы Үкіметіне арнайы хат жолдап, жылқы мәдениеті туралы фильм түсіру жұмысы қолға алынатыны туралы ұйғарым жасалды.
Жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияның бұл шешімін Ұлытауда тіркелген «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының кезекті жетістігі деп бағалауға мейлінше лайықты.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ