Ұлы дала өнері ұлықталды

Үстіміздегі жылы облыстық мəдени-сауық жəне шығармашылық ғылыми-əдістемелік орталығының ұйымдастыруымен облыс аудандары мен қалалары көркемөнерпаздары ұжымдарының шығармашылығына арналған «Ұлы дала өнері» атты фестиваль-байқау өткізілген еді. Жуырда осы фестиваль қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Бір ай бойы Ұлы дала өнерін ұлықтаған ауқымды шара Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мəдениеті үйінде түйінделді. Бұл күні мықты деген өнер ұжымдары марапатталып, өнер додасы барысында айрықша көзге түскен көркемөнерпаздар ұжымдары мен жеке орындаушылардың қатысуымен Гала концерт өтті.
Орайы келгенде айта кетейік, «Ұлы дала өнері» фестиваль-байқауы көркемөнерпаздар ұжымдары мен халық шығармашылығын одан əрі дамыту, Қазақстан халқының мəдени мұраларын насихаттау, ел ішіндегі жаңа таланттарды анықтап, өнерпаздардың орындаушылық шеберлігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, фестиваль аясында клубтық үлгідегі мəдени-демалыстық мекемелерін одан əрі жаңғыртып, əлеуметтік жағдайын жақсарту жəне клуб қызметкерлерінің кəсіби біліктілігін арттыру, олардың арасындағы үздіктерін анықтап, ынталандыру мақсатымен «Өнер патшалығы» байқауы да қоса өткізілді. «Осыған орай, қазылар алқасы үстіміздегі жылғы қыркүйек айының 8-і мен 29-ы аралығында облыстың аудан-қалаларына арнайы барып, көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылығын жəне мəдениет мекемелерінің жұмыстарын барынша саралап, байқау қорытындысын шығарған болатын. Бір айтарлық жай, байқау барысында өнерпаздардың репертуары мен сахна костюмдерінің жаңарғаны да концерт кезінде анық байқалып тұрды», дейді аталмыш ауқымды шараларды ұйымдастыруға мұрындық болған облыстық мəдени-сауық жəне шығармашылық ғылыми-əдістемелік орталығының мамандары.
Фестиваль-байқауды өткізу ережесіне сəйкес жеңімпаз ұжымдар ақшалай сыйлықпен жəне дипломмен марапатталды. Бас жүлдеге лайықты деп танылған Жаңаарқа ауданы мəдени-сауық орталығының көркемөнерпаздар ұжымына 1 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Аталмыш ұжым үздіктер ретінде облыстың қалалары мен аудандарында өнер көрсетуге жолдама да алды.
Ал, əрқайсысы 800 мың теңгелік жүлдесі бар екі І орынды Жəйрем кенті мəдени-сауық орталығы мен Ұлытау ауданы Мəдениет үйінің көркемөнерпаздар ұжымы өзара бөлісті. Сəтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайы көркемөнерпаздар ұжымына ІІ орын (600 мың теңге), Қаражал қаласының мəдени-сауық орталығына ІІІ орын (400 мың теңге) берілді. Сонымен қатар, өнерімен ерекше ленген жеке орындаушылар мен өнер ұжымдарына ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

«Өнер патшалығы» байқауына қатысқан мəдениет мекемелері де сый-сияпаттан құр қалған жоқ. Олар арнайы номинациялар бойынша ақшалай сыйлыққа ие болды. Мəселен, Ұлытау ауданының мəдениет үйі «Ең үздік мəдениет үйі» номинациясына, Жəйрем кентінің мəдени-демалыс орталығы «Ең үздік мəдени-демалыс орталығы» номинациясына ие болып, əрқайсысы 1 млн. теңгеден ақшалай жүлдені еншіледі. «Ең үздік ауылдық мəдениет үйі» номинациясы Жаңаарқа ауданының Түгіскен жəне М.Жұмажанов ауылының мəдениет үйлеріне, «Ең үздік ауылдық клуб» номинациясы Ұлытау ауданының Сарысу жəне Шеңбер ауылдарының клубтарына табысталды. Олардың барлығы 500 мың теңгеден сыйлық алды. Салтанатты шарада қолөнер шеберлерінің көрмесі де өткізілді. Оған облыс аумағындағы суретшілер, сəндік қолданбалы өнер шеберлері, зергерлер, өрімшілер мен ұсталар қатысып, өз қолдарынан шыққан туындылары мен бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Ізбасар ОЙБАС.