ҰЛТТЫҚ САНАҚ: ұпай саналатын тарихи кезең
Биылғы күздің бітімі бөлек. Тұтас бір мемлекеттің болмысы, тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәтке куәміз бәріміз. Халық санағы — БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған 2020 жылғы халық санағы мен тұрғын үй қорының Дүниежүзілік раунды аясында өткізілуде. 2021 жылы санақ өткізу әлемнің 61 елінде жоспарланған. Кез келген мемлекеттің стратегиялық жоспарын айқындап, елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін сараптауда халық санағының рөлі ерекше. Оның нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс және баспаналарды бөлу, демографиялық және көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында, жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі.
Қазақстан Республикасының ең алғашқы Ұлттық халық санағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, 1999 жылы 25 ақпаннан бастап 4 наурыз аралығында өткізілді. Бұл – тәуелсіздік алғаннан кейін біршама тұралап қалған ел үшін саяси немесе тарихи тұрғыдан мемлекеттің дамуы жолында қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік ахуалды анықтап, талдау үшін өте маңызды науқан ретінде әсер етті деуге әбден болады. Ал, 2009 жылғы санақ Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі – екінші санағы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы №1138 «2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы туралы» қаулысын орындау мақсатында 2009 жылдың 25 ақпанынан 6 наурыз аралығында республикалық халық санағы өткізілді. Бұл санақ өз жолы мен бағдарын анықтаған, енді стратегиямен дамитын жас мемлекеттің жаңа жоспарындай болды десек те болады.
Соңғы санақ өткелі бері 12 жыл өтті. Осы уақыттың ішінде саяси-қоғамдық және экономикалық қарқында мемлекетімізде түбегейлі өзгерістер болды. Әлемдік қоғамдастық үшін Қазақстан экономикасының ашық саясатқа негізделгендіктен, елде демократиялық институттардың әсіресе нарық қатынасының дамығандығынан Қазақстан халқы өзгерді.
2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының халық саны 16 004,8 мың адамды құрады, яғни 1999 жылғы санақпен салыстырғанда 1 022,9 мың адамға көбейіп (6,8%) отыр. Бірден-бір халық санағы қорытындысының ойламаған жағдайда қала халқының үлесі 56,3 пайыздан 54,0 пайызға төмендегені және соған сәйкес ауыл халқының үлесі жоғарылағаны байқалды.
Елді есептеп, жұртты санаудың құндылығы – болашақты болжауды, қоғамның ертеңгі беталысын, ол 10-30 жылдан кейінгі сәтін айқындауда жатыр. Ал бұл үкіметке қауіпті шыңдар мен тұйыққа тірелуден шығуға анық жол көрсетеді.
Биылғы санақ өткен санақтардан өзгерек. Олай дейтініміз, «21- дің санағы» толықтай ақпараттық технологияны қолдану арқылы өткізілуде. Соңғы санақтан бері 12 жылдың ішінде республиканың, облыстың, аудан-қалалардың әлеуметтік-демографиялық жағдайындағы өзгерісті саралау үшін ұлттық санақ екі кезеңде өткізіліп, саналатын, сыналатын болады.
«Ұлытау ауданы бойынша жалпыұлттық халық санағы жоспарға сәйкес жүргізілуде. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн халық санағы өтті. Оған аудан бойынша 7047 адам қатысты. Облыс көлеміндегі қала, аудандар арасындағы көрсеткіш 59,5%-ды құрап отыр. Дәл осы онлайн тіркеу кезеңі бойынша Ұлытау ауданы облыста көш бастап тұр. Ауданбойынша Шеңбер, Алғабас, Егінді селолық округтерінің тұрғындары 100% онлайн санақтан өтті. Аудан бойынша 3 – нұсқаушылық учаскесі, 21 – есеп учаскесі құрылған. Есеп учаскелерінің барлығы интервьюерлермен (санақшылар) қамтылған. 30 қазанға дейін интервьюерлер жоспарға сай барлық үй-жайларды аралап, тұрғындарды жүйеге тіркейтін болады. Онлайн санақтан өткені туралы хабарламаны көрсеткен азаматтарға санақ парақтарының сауалдарына қайта жауап берудің қажеті жоқ»,- дейді Ұлытау аудандық Статистика басқармасының басшысы Алмат Қайратұлы.
Жалпыұлттық санақтың мәні мен маңызына тоқталдық бүгін. Кез келген даму мен өркендеуді көздеген мемлекеттің мақсаты, стратегиясы мен жоспары болатыны хақ. Ендеше, сол жоспардың дұрыс жүзеге асуы үшін санақтың сапалы орындалуы – басты міндет. Бастысы, әр тұрғын өзі берген ақпарат елдің келешегі үшін керек екенін ұғынса игі. Себебі, «Қазақстанда әркім маңызды!».