Ұлттық рухты ұлықтаған мереке
Терісаққан ауылының тұрғындары жыл сайын асыға күтетін ұлттық спорт мерекесі – «Терісаққан көктемі» биыл да дәстүрлі түрде жоғары деңгейде өтті. Бұл жолғы мерекелік іс-шараның ерекшелігі – ауылдың құрылғанына 45 жыл толуы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылуы болды. Сонымен қатар, мереке Ұлытау ауданының 85 жылдық мерейтойымен де тұспа-тұс келіп, шараға ерекше салмақ берді.
ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ТОЙ
Мереке ауыл орталығында салтанатты түрде ашылып, ұлттық нақыштағы концерттік бағдарлама тұрғындарға керемет көңіл-күй сыйлады. Қазақы дәстүрге сай киінген ауыл жастары мен өнерпаздары ән айтып, күй шертіп, ұлттық би билеп, көрермендерді тәнті етті.
Іс-шараны ашқан ауыл әкімі елге сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, еңбек ардагерлері аудан әкімінің “Құрмет грамотасы”, “Ұлытау ауданына 85 жыл” мерейтойлық төсбелгісі және Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – елін сүйген азаматтарға көрсетілген лайықты құрмет еді.
Ауыл ақсақалдары мен ардагерлерге арнайы ас беріліп, шапан жауып, қазақы қонақжайлылық танытылды. Бұл салт ауыл халқының үлкенге деген құрметінің, кішіге өнеге көрсетудің айғағы болды.
ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР – ҰЛТТЫҢ АЙНАСЫ
Күннің екінші жартысында ұлттық спорт ойындары басталып, алаң думанға толды. Аламан бәйге, құнан бәйге, тай жарыс, арқан тартыс пен қазақша күрес сынды спорт түрлері көрерменнің делебесін қоздырды. Әсіресе, қазақ күресінен өткен жарыс тартысты өтті.
Күрес алаңында сайысқа түскен палуандар арасынан үшінші орынды Қожадияс Қуандық, екінші орынды Тәжібай Әділхан, ал бірінші орынды Сағи Әсет иеленіп, ауыл абыройын асырды. Жеңімпаздар арнайы марапаттармен және сыйлықтармен қуантылды.
Жарыстың ең қызықты сәті – аламан бәйге болды. Бұл жарыста «Ақсұңқар» есімді сәйгүлік дара шауып, мәреге бірінші болып жетті. Ат иесі Д.Омарбек ел қошеметіне бөленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, жарыстарда жүлде алған шабандоздарға ақшалай сертификаттар табыс етілді.
БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ БЕЛГІСІ
Шараны өткізуге ауыл азаматтары белсене атсалысты. Биылғы мерекенің негізгі демеушілері ретінде Б.Есімсейтов, А.Карин, Қ.Қазықан және Қ.Қожадияс секілді жомарт жандар танылды. Ал келесі жылғы «Терісаққан көктемі» ұлттық спорт мерекесінің демеушілері ретінде Т.Жамшит пен Қ.Қожантай танылды.
Бұл – ауыл тұрғындарының бірлікпен игі іске жұмыла кірісетінін көрсететін тағы бір дәлел.
ҚАМШЫ БЕРУ – АМАНАТ БЕЛГІСІ
Мерекенің соңында “қамшы беру” рәсімі ұйымдастырылды. Бұл дәстүрлі салт – ұлттық мұра мен ұрпақ сабақтастығының белгісі. Қамшы беру арқылы осы жылғы мереке келер жылға табысталып, игі бастамалар жалғасын табары анықталды.
Қорытындылай келе, «Терісаққан көктемі» – бұл тек ұлттық спорт мерекесі ғана емес, ауылдың бірлігі мен ынтымағын айшықтайтын маңызды шара. Мұндай іс-шаралар арқылы ата-бабадан қалған асыл мұра – ұлттық спорт, салт-дәстүр ұрпақ санасына сіңіріліп, елдік рухты биіктете түседі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.