Ұлттық рух – ұлт баспасөзінде!

Қазіргі таңда дәстүрлі баспасөздің басына бұлт үйірілгені жасырын емес. Ақпарат таратудағы шапшаңдық жағынан интернет журналистика алға озып тұрғанымен, сол ақпараттың нақтылығы, деректерінің дәйектілігі, шіркін-ай, газетке жете алмайды-ау…

Тіпті, танымдық сипаттағы порталдардың өзінде Ұлы Абайдың өлеңдерін әр нұсқада жариялап жүргендері бар. Бір ақынның өлеңін екінші ақынға теліп жіберетін сайттар талайды сан соқтырып жатыр.

Ал, газетте жарияланған дүниені «тасқа басылған» деп қабылдайтын түйсік бізде әлдеқашан қалыптасқан. Сондықтан, мен газет оқимын!

Ұлт баспасөзінің қадірін өзіміз қашырып жүргеніміз жүрегімді сыздатып, жүйкеме жүк артады.

Басқа басылымдардың бағын асырамын демейін, Арқадағы қазақ баспасөзінің абызы, 90 жыл топта толғаған «Ortalyq Qazaqstan» газетінің шын жанашырымын. Асыға күтіп, оқып шыққанша дегбірімді алатын асыл қазына! Әр санында жарық көретін ойлы мақала, оралымды ой, салмақты сараптама, салиқалы талдау сағындырады!

Биыл «Мінезді газет», «Ақиқаттың Арқадағы абызы» атанған байсалды басылымның 90 жылдығы!

Мен «90 жылдыққа – 90 дана «Орталық» акциясын өткізуге бастама көтеріп, облыс кәсіпкерлеріне осы бастамамды қолдау жөнінде ҮНДЕУ тастаймын!

Мен – кәсіпкер емес, қарапайым мұғаліммін!

Ал, газет оқымайтын мұғалімнің ұлт ұландарын тәрбиелеуге адами құқығы жоқ! Сондықтан, өз қаражатыма аз қамтылған отбасыларға 90 дана «Ortalyq Qazaqstan» газетін жаздырып беру арқылы, «Бізді газетке мәжбүрлеп жазғызып жатыр!» деп даурығып жүрген әріптестеріме ой салғым келеді.

Ұлт баспасөзіне жасалған қамқорлық — Қазақ елінің ертеңіне жасалған жанашырлық!

Ұлттық рух — ұлт баспасөзінде!

Менің бастамамды барлық аудан, қалалардағы, облыс орталығындағы кәсіпкерлер қолдайды деп үміттенемін!

Нұргүл ШАМАЕВА,

№132 тірек мектебі (ресурстық орталық)

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

ЖАҢААРҚА ауданы.