«Ұлттық қор – балаларға»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Əділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауында алдымызға қойып отырған асқаралы міндеттер өмірдің өзінен ойып алынған жайлар. Бар сөзі, тұтас бағыты, сарабдал салмағы көпшіліктің көкейінде жүрген дүние. Президент Жолдауында айтылған сан-салалы өзгерістерден балалар қауымы тыс қалмайтыны бізді қуанышқа бөлеп отыр.
Бала тəрбиесі, ұрпақ тəрбиесі қашанда басты маңызға ие. Өйткені еліміздің дамуы, өркендеуі болашақ жастардың қолында. Өз басым мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ең жоғары деңгейде назар аударылғанына қуандым.
Сонымен қатар Жолдауда «Əрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлдем жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Əр бала 18 жасқа толғанша аударылып тұрады» делінген. Жəне бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығатын аналарға 1,5 жасқа дейін ақы төленетіні де көпшілікті қуантқан жайт болды. Осы Жолдаудың басты құндылығы балаларға қамқорлық десек те болады.
Альмира ОСПАН,
«Ұлытау» газетінің Бас редакторы.